Әлеуметтік желіде белсенділер Алматыдағы Абдулла Розыбакиев көшесін Мұхтар Мағауин атына ауыстыруды ұсынып жатыр.
Бұл бастаманы желі қолданушысы Бота Дн Facebook-тегі жазбасы арқылы жеткізді. Ол жазушының еңбектері насихатталып, есімі ел арасында айтылып жүретіндей болуы керек дейді.
"Алматының шетіндегі, баяғы переселендердің салған жапырайған ұсқынсыз үйлері орналасқан қисық, шолақ көшесінің біріне емес, орталықтағы көсіліп жатқан даңғылдардың біріне, мысалы, ұзындығы 7000 метр Розыбакиев атындағы көшені Мұхтар Мағауин даңғылы деп ауыстыруға күш салып, нәтижесін шығарар. Розыбакиев деген ұлтқа қандай еңбегі сіңгені белгісіз біреу", - дейді ол.
Сондай-ақ белсенді Алматыда Мағауин орталығын ашу керектігін айтты. Аталмыш бастама келесі ғасыр жетегіне кетпей, "темірді қызған кезінде соқтыға" басып, жақын арада іске асырылсын дейді ол.
"Жарқыратып Мағауин орталығын аштырсын. Алматының көрнекті жеріне Батыс Еуропа скульптура үлгісіндей, көрген адам өте шықпай, бұрылып тоқтап қарайтындай, тарихи жәдігер, ерекше көркем құндылығы бар ескерткіш қойғызсын. Кітабын қолына ұстап көрмеген ақ, қара, сары нәсілділер "бұл кім екен?" деп, ең құрымаса википедияны ашып қарауы сөзсіз, ары қарай қызығып оқып, санасынан саңылау ашылуы да мүмкін. Насихатталсын. Мұхтар Мағауиннің әрбір сөйлемі өз алдына өмір сүре алатын қанатты, мағыналы. Мектеп оқу бағдарламасына енгізіліп, талданып, оқытылсын. Өшпес еңбектері экрандалсын. Қатты толғанғандардың ішінде билікте болған, жақын жүргендер де аз емес. Демек, көпіре салмай, шындап, құлшына кіріссе, іске асыруға болатын шара. "Темірді қызған кезінде соқ" дейді ғой, бүгінгі істейтін жұмысты ертеңге қалдырмау керек. Сиырқұйымшақтанып кетіп, Жаңа Қазақстанды құрып жүргенде, ХХ ғасыр еншісіне қалып кетер", - деп бөлісті белсенді.
Пікір қалдыру