ҚР мәжіліс депутаты Артур Платонов, 14 жасқа толмаған балаларды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген педофилдер, қылмысын қайталаған жағдайда өмір бойы бас бостандығынан айыруды ұсынды. Депутаттық сауалын ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдады деп хабарлайды qamshy.kz.
«Бақытжан Әбдірұлы, 14 жастан кіші балаларды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу қылмысын екінші мәрте қайталағандарды өмір бойы бас бостандығынан айыруды қажетті министрлікпен мекемелерге тапсыруыңызды сұраймын» деді Артур Платонов.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева педофилдерді өлім жазасына кесуді ұсынған. Алайда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева халықаралық конвенцияға сәйкес ондай шешім қабылданбауы мүмкін екенін айтты.
Десек те, 2018 жылдан бастап педофилдерді химиялық жолмен піштіретін болады.
2016 жылдың сәуір айында президент Нұрсұлтан Назарбаев «Балалардың құқығын қорғау мәселелеріне қатысты өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғанын еске саламыз. Соған сәйкес, 2018 жылдан бастап қылмыстық істі тексеру барысында айыпталушы психологиялық сараптамадан өтеді. Егер оның кәмелетке жасқа толмағандарға әуестігі бар ауытқушылығы расталса, химиялық жолмен піштірілетін болады.