Шыныңды айтшы, желтоқсанның құрбаны (Желтоқсан – қасіретім элегиясы)

/uploads/thumbnail/20170709185550239_small.jpg

Қаралы ай –

Желтоқсанды айналдырып тойына:

Жендеттер-ай,

Істеп жатқан,

Не келгенін

Ойына!

Екі бірдей желтоқсанда, аққан қанын қазақтың –

Алаңдар-ай

Сіңіре алмай жатыр әлі бойына...

 

Азат болу –

Арманы еді,

Желтоқсаншы жастардың,

Қапы қалған шырмауында –

Қанды қақпан астардың...

Өліктердің сүйегінен саты жасап өрмелеу –

Таққа отыру,

Мақсат еді арам ойлы бастардың!

 

Өзгергені –

Қой терісін жамылғанды қасқырлар,

Көз жеткені –

Қанға жерік, қасқырдан да қасқыр бар.

Айдап салып,

Ажалына

Қолтығына дем бүркіп

Қаралаған жастарымды, қара албасты басқырлар!

 

Өзгергенмен –

Тудың түсі,

Баяғыша қалпында –

Азаттықты тұншықтыру қалып қойған салтында:

Ұлт мүддесі қалды адыра,

Билік –

Баю жолында

Қара шала қирандысын қалдырмақшы артында.

 

Қас әділет орнамады, салтанатын құрмады,

Сорлаған ұлт белін жазып, тізесінен тұрмады.

Айтшы маған,

Айта алсаң

Желтоқсанның құрбаны

Бақытыңды болашақтан кімдер сенен ұрлады?

 

Қаралы ай –

Желтоқсанды,

Айналдырған тойына:

Жендеттер ғой,

Істеп жатқан

Не келсе де ойына.

Екі бірдей желтоқсанның –

Қанын әлі кеппеген

Туған жердің топырағы сіңірмепті бойына...

 

Қуаныш МҰҚТАЙ

14.12.16 жыл

Қатысты Мақалалар