ҚОҚЫСТЫ ҚАЙТА ӨҢДЕМЕУ – АҚШАНЫ ЖЕЛГЕ ҰШЫРУ

/uploads/thumbnail/20170709190504944_small.jpg

Табиғи қор шектеулі. Сондықтан, көп елдер қайта өңдеуді мықтап қолға алған. Ол экономика мен экологияға да жағымды өзгерістер әкеледі. Бір ғана АҚШ, қалдықтарды өңдеудің есебінен қаржылық қорын, жылда 240 млрд долларға толтырады. Ал Германия тек жергілікті халықтың қоқысын кәдеге жаратып қана қоймай, шет елден, істен шыққан тауарды қабылдап, қалпына келтіргені үшін, миллион еуро алады.

Қазақстанда қалдықтардың тек 5 пайызы өңделеді. Мұндай төмеңгі көрсеткіштің өзіндік себептері де жоқ емес. Елімізде қоқысты сұрыптап тастауға арналған жәшіктер жоқтың қасы. Ал істен шыққан өнімді қабылдайтын пунктер үлкен мегаполистердің өзінде саусақпен санарлық. Оның қайда орналасқаны жөнінде жергілікті халық та хабарсыз. Сондықтан, Қазақстан халқы қоқысты сұрыптап тастап немесе арнайы пунктерге өткізгеннен гөрі, бір үйіндіге тастағанды жөн көреді. Сарапшылардың айтуынша, тұрғындарды темірдей тәртіпке үйрету үшін, бастапқы уақытта қалдық үшін қаржы төленуі керек деп есептейді. Қазіргі таңда, ескірген тауарларды қабылдайтын пунктерде, өнімнің көлемі мен салмағына қарай ақша беретіні рас. Алайда, ол мардымсыз. Мәселен, макулатураны қабылдайтын пунктер де, қағаз бумасының 1 келесіне 10 теңге төленеді. Бұл адамдарға түрткі бола алмайды деп есептейді мамандар.

Аталмыш мәселе Еуропа мен АҚШ және Азияның көптеген елдерінде жолға қойылған. Себебі, бұл мемлекеттерде қоқысты сұрыптап тастауға әбден дағдыланған. Алғашқы кезде АҚШ-та қоқысты өткізгені үшін қомақты көлемді қаржы беріп отырған. Америкада қайта өңдеу саласы 19-шы ғасырдан бастап қолға алынды. Соның есебінен, қазіргі таңда елде 56 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Ал екінші мәрте өңдеуден өткен өнімді пайдаланған кәсіпкерлер үкімет тарапынан жеңілдік түріндегі қолдауға ие болады. Ал Германияда баланы кішкентай кезінен түрлі ойындар арқылы, қай қалдықты қайда лақтыру керектігін үйретсе, Швецарияда өңдеуге келетін затты тастағаны үшін айыппұл қарастырылған. Яғни, Швецария халқы тамақтан өзгені арнайы станцияларға хабарласып, қалдықтарды тапсырады. Мамандар, дәл осы тәжірбиені елімізге енгізу қажет деп санайды.

Қалдықтардан зәулім-зәулім үйлер бой көтереді. Мәселен, Сингапурда баспана қымбат болғандықтан, пластиктен тұрмысы төмен отбасыларға үй салынады. Себебі, қайта өңделген материалдардан тұрғызылған ғимарат екі есе арзан. Шинадан дизельді май мен болат сымдар жасап шығарады. Қақпақтарды үгіттеп тас жолға пайдаланады. Ал Малайзияда тамақ қалдықтарынан дизель отынын жасайды. Жарамсыз газет, кітаптан да, майлық, қағаз сөмке т.б жасап шығарады. Бұл ну ормандарды тып-типыл қылғанна гөрі, ең оңтайлы әдіс. Ал Қазақстанда істен шыққан компьютер мен тоңазытқыштан қалған пластикті зағип жандар қоғамына өткізеді. Олар одан қыстырғыш пен ілгіштер жасап шығарады. Жапонияда қоқыстың 90 пайызы қайта қалпына келтірілсе, қалған өңдеуге келмейтін 10 пайызын электр энергиясын алу үшін өртейді. Германияда электр энергиясының 6 пайызын дәл осы қоқысты өртеуден алады. Бұл ретте аталмыш елдер тек экономика тұрғысынан ғана ұтып отырған жоқ. Экологияны да жақсартуда. Себебі, ұзақ жылдар бойы сақталған қоқыс үйіндісі, жер асты суы мен жер үсті суларын ластап, ауаға нитан секілді улы заттарды таратады. Сонымен қатар, түрлі жұқпалы аурулардың пайда болуына септігін тигізеді. Мамандардың жүргізген зерттеулеріне сәйкес, пластик 50 - ден 500 жылда топыраққа сіңсе, алюминий – 600 жыл, ал әйнекке тіпті миллионға жуық жыл қажет.  Осыдан шығатын қорытынды - қайта өңдеу саласын мықтап қолға алу. Ол үкімет тарапынан қолдауға ие болып, халық та қоқысты сұрыптап тастап, қалдықтарды арнайы пунктерге өткізуді күнделікті дағдыға айналдыру қажет. Мұндай қадаммен, шет елдің нәтижесіне бірден жетпесекте, күндердің күнінде қол жеткізетініміз анық.  

 

                                                                                                                                                                                         Қамшыгер: Әсем ӘЛМҰХАНБЕТ

 

Қатысты Мақалалар