«Қамшы» порталы кешегі ақпараттарында Алматы облысында мал базарына кеткен бір азаматтың жоғалып кеткені туралы хабарлаған еді.
«Қамшы» тілшісіне «жоғалды» делінген азаматтың жары Саба Шарапат күйеуінің бүгін таңғы бес жарым шамасында қайтып келгені туралы хабарлап, алаңдаушылық танытқан жұртқа алғысын айтты.
«Ол(«Жоғалды» делінген жұбайы Жұмалыны айтады. –ред) алыс ауылдардың біріне мал алуға барып, апта соңында жауған қардың, тайғақ жолдың салдарынан уақытында келе алмай қалыпты. 3-4 күн өтіп бара жатқаннан кейін, Ұзынағаштағы жағдайдағы үрей бар, алаңдаушылық танытып, ертерек дабыра көтеріп жібердім. Бір шетінен бәріңізге алғысымды білдірем, істің артын күтпей алаңдаушылық туғызғаным үшін кешірім сұраймын!», - деді жары аман-есен табылған Шарапат ханым. Айтуынша, күйеуі хабар беруге барған ауылында телефон байланысы болмаған.
Айта кетер болсақ, хабарды естіген азаматтар ерікті түрде «жоғалды» делінген азаматты іздеуге кеше кірісіп кеткен. Сондай-ақ, Алматы облысы полициясы да іздеу шарасын қолға ала бастаған.
Жұмалының жарына «Қамшы» тілшісі «жарыңыздың бірнеше күн жоқ боп кетуінің басқа себебі жоқ па?» деп сұрақ қойды. Шарапат ханым «күйеуінің таңертең ғана келгенін, шаршап ұйықтап жатқанын айтып, бастысы аман-есен екенін» жеткізді.
Ерлан Төлеубай