Аты-жөні: Елзат Ескендір
Мамандығы: Режиссер
Білімі: Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын «Кинорежиссура» мамандығы бойынша тәмәмдаған
Ұстаздары: Ираклий Квирикадзе, Сергей Әзімов
Түсірген фильмі: «Өліара»
Елзат Ескендір Қазақстандық жас режиссер. Оның алғашқы «Өліара» қысқаметражды фильмі Оңтүстік Кореяда өткен 21-Халықаралық Пусан Кинофестивалінде «Sonji Award» сыйлығынының жеңімпазы атанды. (Бас жүлде.) Осы жылдың басында аталмыш фильм «Қазақстан Киносыншылар Қауымдастығының» «Ең үздік қысқаметражды фильм» номинациясының жеңімпазы атанған. Сонымен қатар, «Өліара» жақында ғана Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен xалықаралық "Кинопроба" кинофестивалінде де "Ең үздік дебют" жүлдесіне ие болды.

Жеңісіңіз құтты болсын!
Рахмет!
«Өліара» қысқаметражды фильмінің үлкен жетістіктерге жетуінің сыры неде деп ойлайсыз?
Мен бұл турасында нақты жауап бере алмаймын. Бірақ, фильмді жүлделі деп тапқан фестивальдердегі қазылар алқасының шешімін, талғам-танымын, шамамен, былайша жобалаймын. «Өліара»-ның бас жүлделерге ие болып жатуының себептері - ондағы кино тіліне деген ұмтылыс, стиль, атмосфераны суреткер ретінде жеткізуге деген қандайда бір талпынысымды бағаласа керек.
Мысалы, Пусан кинофестивалінің қазылар алқасының құрамында үш адам болды. Олар – Бангладеш режиссері Мустофа Саруор Фарукхи, неміс кино сыншысы, Мюнхен кинофестивалінің бағдарлама директоры Бернард Карл және Оңтүстік Корея кино сыншысы Нам Де Еун. Барлығы да халықаралық деңгейдегі, бүгінгі таңда әлемге танылған кино мамандары.
Фестивальге - Қазақстан, Қытай, Филипин, Индонезия, Тайланд, Непал, Үндістан елдерінің режиссерлері қатысты. Барлығының ұсынған фильмдері өте сапалы. Оның ішінде отандасымыз Әзіз Жанбакиев «Түңгі көбелек» атты алғашқы режиссерлік жұмысы да қатысты. Фильм өте жоғарғы деңгейде түсірілген. Техникалық сапасы озық.
Сонымен қатар, индонезиялық режиссер Камила Андинидің «Memory» («Естелік») фильмі де ерекше есімде қалды. Мен ол фильмнен бүгінгі таңдағы әлемдік кинодағы аса зор таланттардың бірі, сол әлемдік кинода өз стилі бар, Тайландтық режиссер Апичатпонг Вирасетакулдың ықпалын көрдім. Ұсынылған фильмнің қай қайсысын алсаңыз да арасында осалы жоқ. Осындай үздік фильмдердің арасынан «Өліараны» таңдаса, демек біздің фильмнің қандай да бір озық тұстары болғаны шығар.
Енді қандай фильм түсірмексіз?
Қазір шығармашылық ізденіс үстіндемін. Қолымда 4 сценарий бар. Олар түрлі жанрда жазылған. Біреуі тарихи кезеңдегі қарайым адамдардың тағдырына негізделсе, екіншісі нақты тарихи тұлға жайында. Қалған екеуі бүгінгі таңдағы адамдардың өмірін суреттейді. Соңғысы бойынша фильм түсіру жоспарлануда. Қазір продюсерлермен, орталықтармен тығыз байланыс орнатып жатырмын.
Қандай фильм түсіруді армандайсыз?
Адамның бойындағы ұятын түртіп, ойын қозғап, сол арқылы оның ар-иманын оятуға себеп болатын фильмдерді түсіруді мақсат тұтамын. Бір ғана жанрмен шектелмей, келешекте түрлі жанрда фильм түсіру жоспарда бар. Барлығын алдын-ала жайып салғым келмейді. Себебі режиссер өзін сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек.
10 жылдан кейін қазақ кинемотографиясын қалай көресіз?
Менің шамалауым бойынша, қазіргі уақыттағы қазақ киносы даму алдындағы алғашқы ұмтылыс кезеңін өткеруде. Осы энергия жоғалмаса 10 жылдан кейінгі қазақ киносы белгілі бір даму сатысына көтерілетіні анық. Алайда, ол даму үрдісі қандай жолмен, қандай бағытта өрістейді, ол – тек уақыт пен мемлекет, қоғам тарапынан жасалатын ықпалдың қатынасына қарай болады. Мұндағы ұмтылыс кезеңі деп отырғанымыз, дәл кәзіргі уақыттағы жаңадан шығып келе жатқан жас киногерлерде үлкен ізденістің, өнерге деген зор махаббаттың, олардың алғашқы ірілі-ұсақты туындыларындағы түрлі жаңашылдықтың, және қандайда бір жағдайларда да кино түсіруге деген талпыныстың бар екендігі. Бастысы, жаңа толқынның халықаралық, отандық деңгейде қандай да бір нәтижеге қол жеткізіп жатқандығы. Ендігі кезекте жас кинематографистерге министрлік пен «Қазақфильм» тарапынан үлкен қолдау керек. Елімізде түрлі бағыттағы, түрлі стилдегі, түрлі жанрдағы киноны дамыту керек. Әдетте, Мәдениет министрлігіне немесе «Қазақфильмге» кезекті жаңа басшы келген сайын, сол басшының эстетикалық талғам-танымына сай қазақ киносының белгілі бір бағыттары ғана дамып жатады. Бірде, ойын-сауықтық фильмдер, бірде авторлық-интеллектуалдық фильмдер, бірде идеалогиялық фильмдер. Негізінде, барлық бағыттағы фильмдер бірдей қолдау тауып, дамуы қажет. Оны дамыту үшін, тырнақалды жұмыстарымен өздерін дәлелдеп, киноға жаңа келіп жатқан жастардың өсуіне мүмкіндік беріп, шығармашылық потенциалдарын бағалап, олармен санасу керек. Мәселен, жаңа бүршік атып келе жатқан жеміс ағашынан мол өнім алу - оның күтіп, баптауына тікелей байланысты. Дәл сол сияқты жас режиссерлерді де министрлік, «Қазақфильм» тарапынан қолдау қажет. Ешқандай цензура болмауы керек. Өкінішке орай, дәл бүгінгі таңда жас киногерлерге деген қолдау көрсетіліп отырған жоқ. Бес-алты жыл бұрын қазақ киносына келген Эмир Байғазин, Әділхан Ержанов, Жасұлан Пошановтардың есімі «Қазақфильм» мен Министрлік тарапына менің сөзіме контр дәйек бола алмайды. Олар бес-алты жыл бұрын шыққан режиссерлер. Одан бергі уақытта да бес-алты жыл өтті. Бес-алты жыл кино үшін зор уақыт. Осы уақыт аралығында өз үні, өз көзқарасы бар, өз деңгейі бар жаңа есімдер тұр кезек күтіп. Соларды қолдау қажет. Бүгінгі таңда, қазақ киносында «Партизандық бағыт» қалыптасуды. Бұл – қандай да бір авторды, оның концепсиясын мемлекет тарапынан қолдамағандықтан пайда болған бағыт. Ол қазір өз жемісін беріп жатыр. Қоғамның бет-бейнесіне шын үңілетін, оған сараптама жасайтын фильмдер мемлекет тарапынан қолдау таппағаннан кейін, олар аз ақшаға болса да өзі дұрыс деп тапқан жобасын түсіруде. Олар мемлекеттің ұстанып отырған саясатына, кейбір адамдардың түзетулеріне қарамай осындай тәсілдерге барып жатыр. Оның жарқын өкілі ретінде Әділхан Ержановты атауға болады. Ал партизандық фильмдер – Жасұлан Пошановтың «Шлагбаум», Әділхан Ержановтың «Қожайындар», «Қаратас ауылындағы оба», Нариман Төребаевтың биыл түсірілген «Грязь в большом городе» кинотуындысы. Егер киногерлермен санасып, қолдау көрсетпесе партизандық бағытта түсірілетін фильмдер көбейе береді.
Бұрын кино түсіру техникалық тұрғыдан өте қымбатқа түсетін. Бір таспаның өзі қомақты қаржыны талап ететін. Қазір киноны фотоаппаратқа да түсіруге болады. Техникалық тұрғыдан кино түсіруге мүмкіндік бар және ол қолжетімді. Сондықтан, бүгінгі таңда кино түсіруге деген ұмтылыс-арманыңызды іске асыруға белгілі бір деңгейде мүмкіндік мол.
10 жылдан кейін қазақ тілді фильмдердің аудиториясы көбейе ме?
Егер фильм сапа тұрғысынан жоғарғы деңгейде болса, отандық фильмдердің ішінен қазақ тіліндегі фильмдер кассаны көп жинайтын сияқты. Кино екі тілде түсірілген жағдайдың өзінде де, фильм қазақ аудиториясының эстетикалық-этикалық талғамын ескере отырып жасалса, әлбетте оның көрермені көп болуы әбден мүмкін. Бүгінгі отандық фильмдердің аудиториясының басым бөлігі қазақ тілді көрермен. Сондықтан, отандық кино нарығы олармен санасуда.
Бүгінгі таңда қазақ киносындағы режиссерлердің басым көпшілігі орыс тілді. Алайда, олардың жарыққа шығып жатқан фильмдеріне қарап, сол режиссерлердің өз туындыларын қазақ аудиториясына лайықтап жасайтынын байқауға болады. Бұл олардың қазақ аудиториясымен есептескендігінің белгісі.
Көштің басы кетті. Енді, қазақ тілді көрермен көбейген үстіне көбейе береді. Ал, отандық кинодағы екі тілділік уақытша процесс. Тек, екі тілділік кейбір авторлық-интеллектуалдық бағыттағы фильмдер де ғана көрініс табуы мүмкін. Егер қоғам шындығы дәл сондай болса - ол дұрыс та. Себебі, авторлық-интеллектуалдық фильмдерде қоғамның шындығы жатуы керек.
Көбіне тарихи, автобиографиялық көркем фильмдер түсірілгенде, сыншылар мен көрермендер тарапынан деректер бұрмаланды деген сын айтып жатады. Киноматографтар көркем фильм болғандықтан, кейбір жәйттерді өзгертуге тура келеді дейді. Режиссер ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
Көркем шығарма, тарихты сол қалпында суреттейтін деректі көркем фильм емес. Себебі, онда авторлық көзқарас маңызды. Сондықтан, тарихи фактілер өзгеріп жатады. Мен тарихи шындық түбегейлі өзгергені дұрыс деп айтпаймын. Себебі, өзгертуге келмейтін деректер де болады. Кейбір маңызды дүниелерді өзгертуге қарсымын.
Көркемдік шындық тарихи шындыққа көлеңкесін түсірмеуі керек. Егер ол тарихи шындыққа көлеңкесін түсірсе оны ойлану қажет. Алысқа бармай өзіміздің қазақ прозасын-ақ алайық. Мәселен, «Абай жолындағы» Қодар-Қамқа мәселесі. Зерттеуіштер аталмыш оқиғаның шамамен 1850 жылдары болғанын айтады. Ал кітап бойынша Қодар-Қамқа оқиғасы Абайдың есейген шағында өрбиді. М.Әуезов Абай мен Құнабайдың арасындағы кейбір оқиғаларды негіз ретінде суреттей отырып, аталған жайтты басқа уақытқа алып келеді. Әрине, бұдан «Абай жолының» көркемдік қуаты артпаса кемімеді. Мүмкін, басқаша да жазуыға болар ма еді. Анығы, көптеген оқырман үшін Қодар-Қамқа мәселенісінің тарихы шындығы романдағыдай. Халық солай қабылдады. Себебі, қалың ел үшін нақты тарихи шындықтан гөрі көркем өнердегі шындық жақын. Қалың ел өткен өмірдің шындығын алдымен тарих ғылымынан емес, көркем өнердің шындығынан таниды.
Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» романын да мысал ретінде келтіре аламыз. Кітап пен тарихи деректерге үңілсек, тарихи Ұлпан мен Ғ.Мүсіреповтың сомдаған Ұлпан образы бір-бірінен өте алыс. Онда Есеней екеуінің арасы өте жақсы болғаны және керемет сыйластықта өткені суреттеледі. Ал, тарихи шындыққа негізделіп жазылған, деректі прозаның шебері Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романына үңілсек, қоғамының зоры болған Есеней би бойындағы беделін пайдаланып өзінен 40 жас кіші Ұлпанды әйелдікке алады. Ол уақытта бір әйелдің ісі ел арасындағы дауға ауналып кететін болғандықтан Ұлпан Есенейдің қысымына көніп, әрі кәрі әкесінің жайын ойлап, оған ұзатылған екен. Бірақ, Ұлпанның Есенейге деген ішкі қарсылығы өте қатты болыпты. Және сол бір қарсылық Ұлпан тарапынан ұзаққа созылыпты. Ал Ғабит Мүсірепов оны басқалай сүйреттеді, басқа көзқараспен қарады.
Қорыта айтқанда, тарихи шындық әрқашан басты қаперде болу керек. Концептуалдық тұрғыдан тарихқа қиянат жасалмаса ғана өзгертуге болады. Тек өте мұқит болуды қажет етеді.
Өзіңіз қандай жанрдағы фильмдерді ұнатасыз? Кино көргенде ең алдымен неге мән бересіз?
Мен түрлі жанрдағы фильмдерді көремін. Атап айтсам, драма, авторлық фильмдер, кейде триллер. Маған авторлық ойы бар, концепциясы терең кино туындылар ұнайды. Мен үшін автордың фильм арқылы не айтқаны және оны қалай суреттегені өте маңызды. Ондағы концепцияны қалай және қандай суреткерлік шеберлікпен жеткізіп тұрғанына мән беремін. Міне осы екі тұсына мұқият қарап, сол арқылы киноны бағалаймын. Ондай авторлар көп. Мәселен, Андрей Тарковский, Микеланджело Антониони, Федерико Феллини. Беріден алып қарасақ, ресей режиссері Үлкен Алексей Герман, оның баласы Кіші Алексей Герман, Андрей Звягинцев, түрік режиссері Нури Бильге Джайлан, қытай режиссері Цзя Чжанкэ, аустралиялық режиссер Михаил Ханэке, румын режиссері Кристиан Мунджиу. Және басқалары. Тізе берсек көп. Менің талғамымнан шығатын, еңбектерін жоғары бағалап, әр шығармасын асыға күтетін авторларым осылар. Аты аталмаған режиссерлер де бар.
Әңгімеңізге рахмет!
Сізге де рахмет!
Сұхбаттасқан: Әсем Әлмұханбет