Лаңкестік әрекеттерді үш қайнатсаң да жиһадпен сорпасы қосылмайды!

/uploads/thumbnail/20170709191705889_small.jpg

Қазіргі қоғамда өршіп тұрған өзекті мәселелердің бірі – лаңкестік. Әлемді шарпыған лаңкестік отынының жалыны Қазақстанға да жетті. Кез-келген бұқаралық ақпарат құралдары бұл тақырыпты айналып өтпейтін немесе айналып өте алмайтын болды. Себебі, бұл қоғамда күнделікті қайталанатын үрдіске айналып барады. "Пәлен елде не пәлен жерде лаңкестік әрекет орын алды" деген қайғылы хабарлар жаңалықтардан түспейтін болды, тіпті, жиі ести бергеннен бұл ақпараттар үйреншікті тәрізді, адамдардың да еттері үйреніп кеткендей. Бұл – өкінішті әрі қауіпті құбылыс. Қан төгілген сайын адам өмірінің қадірі мен құны қалмайды. Адамзаттан мейірімділік кетіп, қоғамда өшпендік пен әлімжеттік орын алады. Лаңкестік әрекеттердің діннің атын жамылып жасалуы сорақылық болып тұр және мейірімділікке, адалдыққа, басқаның ала жібін аттамауға тәрбиелейтін діннің атынан нақақтан зұлымдық әрекеттерін жасау діндар жанның барлығын қынжылтады. Ислам дініндегі "жиһад" ұғымын жамылып, халықты исламнан бездіріп жүргендердің әрекеттерін дінмен байланыстыруға мүлдем болмайды. Қазір діни білімі төмен адам ғана емес, діндар жандардың өзі діннен шошитын дәрежеге жетті, адамдардың бойында исламафобия, діни үрей пайда болды. 

Ең өкініштісі – жастарымыздың сол лаңкестік әрекеттердің құралына, ойыншығына айналуы. Олардың лаңкестік топтардың қармағына түсіп қалуының көптеген себептері бар. Құран аттары мен Мұхаммед пайғамбардың (Аллаһтың оған сәлемі мен салауаты болсын) хадистерінде "жиһад" туралы, оның абзалдығы туралы келген хадистерді дұрыс түсінбеу не дұрыс түсіндірмеу лаңкестікті дінмен байланыстырудың басты себебі.

Бұл жерде ең алдымен "жиһад" ислам дінінде ең қастерлі ұғымдардың бірі екендігін естен шығармауымыз керек. Жиһад – Аллаһ тағаланың сөзін жеткізуде, оның басқа сөздерден үстем болу жолында тер төгіп, аянбай қызмет ету. Осы  жолда мұсылман қауымы қолынан келген әрекеттерін жасайтын болса, ол жиһад жасаған болып табылады.

Жиһад намаз секілді әртүрлі және өзінің дұрыс орындалу шарттары мен уақыттары бар құлшылық түрі. Намаз оқуға тыйым салынатын уақыттың бар болуы сияқты кейде қолға қару алып күресуге де тыйым салынатын уақыттар болады. Сондықтан жиһад жасаудың алдын, оның түрлері мен шарттарын жетік меңгеру керек. Шарттары орындалмаған намаздың қабыл болмайтындығы секілді шарттары орындалмаған жиһадтың да сауабы жоқ. Егер адам намаздың шарттарын біле тұра оны орындамай, оқитын болса, намазына сауап емес күнә жазылады. Сол сияқты жиһадтың шарттарын біле тұра орындамай жиһадқа шығатын болса, ол ісі үшін сауап емес күнә арқалайды.

Ең алдымен, жиһадты мемлекет басшысы ғана жариялауға құқығы бар. Қоғамнан бір белсенді шығып өздігінен жиһад жариялай алмайды. Екіншіден, ислам дінінде қолға қару алып дұшпанмен соғысып жатқан кездің өзінде бала-шағаны, кемпір-шалды, әйелдерді және ғибадатханасында құлшылық етіп, ешкімге соқтықпай тыныш жүрген өзге дін қызметкерлерін өлтіруге болмайды. Тіпті, қажет болмаса, ғимараттарды қиратуға, өсіп тұрған ағаштарды қопаруға да болмайды. Бұл айтылған шарттардың барлығы хадис кітаптарының "Жиһад" тарауларында, жиһадқа арналған арнайы кітаптар мен ғылыми зерттеулерде талай рет жазылған. Осы шарттардың қайсысы қазіргі лаңкестік әрекеттер кезінде орын алуда? Лаңкестік әрекеттер кезінде қаншама бейкүнә жандар жан тапсыруда. Олардың арасында қаншама мұсылмандар да бар. Ойланып қарайтын болсақ, бұл лаңкестік әрекеттерден ең алдымен діннің өзі, исламның өзі жапа шегуде.

Жалпы, бұл тақырып біраз уақыттан бері көтеріліп келеді. Көптеген діни, саяси қайреткерлер дін мен лаңкестік әрекеттерді бір деп қарамауға шақырды. Ғалымдар бұл тақырып төңірегінде ғылыми да, публистикалық та мақалалар жариялады. Соған қарамастан, тақырыптың өзектілігі күн тәртібінен түспеуде. Қоғамда лаңкестік әрекет орын алған сайын бұл тақырып та өзекті болып қала бермек. Біздің қолымыздан келер тосқауыл- адамдардың діни білімін, діни санасын дұрыс қалыптастыру үшін ақпараттық, насихаттық бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра беру. Адамдардың діни түсінігі, пайымы, ойлауы түзелген тұста бұл қатыгез амалдарды дінмен байланыстыру да тоқтайды деген үмітіміз мол. Өйткені, жеткілікті дәрежеде дұрыс діни түсінігі бар жандар қия басып, дұрыс жолдан адаса қоймайды және әр түрлі құйтырқы әрекеттердің құрбаны болмайтыны хақ. Сондықтан, ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құраларының басты міндеті жастарға айқын ақпарат жеткізуде бар мүмкіндікті пайдаланулары керек.

Авторы. Мұхитдинов Р.С. 

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар