Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозин Қиыр Шығыстан жаңа ресейлік айлақ құрылысы мәселелері бойынша арнайы комиссия отырысында Байқоңырдың даму жоспары жайлы әңгімеледі. «Ресей жаңа салынатын айлаққа бола Байқоңырды тастамайды», - деді Дмитрий Рогозин
Белгілі болғандай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Петербургте Байқоңыр айлағының алдағы даму Тұжырымдамасына қол қойып кеткен.
Қоса кетер болсақ, Биылғы жылы қараша айында Ресей гвардиясының жауынгерлері Байқоңыр кешенінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні туралы хабарланған болатын. Бұл шешім нысанның Ресей ұлттық гвардиясы Орталық округы құрамына енуіне байланысты қабылданған.
«Біз алғаш рет қазақстандық әріптестермен бірлесе жұмыс істейтін жобалар жайлы келісімге келдік. Бұл Қазақстан Республикасының «Зенит» зымыран ұшыру кешенін дамыту үшін салып отырған қаржысы мен «Роскосмостың» жаңа технологиялық құрылғылары негізінде жасалған «Бәйтерек» жобасы», - деген Ресей вице-премьері. «Сонымен бірге, Қиыр Шығыста бой көтеретін Шығыс екінші ғарыш айлағы салынған соң Ресей мен Қазақстанның Байқоңырды тастамайтыны, оны дамыта түсетіні жоғары деңгейде расталды», - деді Д.Рогозин.
Айта кетер болсақ, 2014 жыл тамызда Ресей қаржы министрлігі 2016 жылдан бастап, «Байқоңырға» қаржы бөлуді тоқтатуы мүмкін екені туралы қауесет тараған болатын. Роскосмос-тен тараған ақпаратта, федералдық бюджеттің 2016-2018 жылғы жобасында зымыран-ғарыш саласының позициясы нашарлағаны айтылған еді. Қаржы көлемінің қысқаруы 2015 жылы іске қосылуы тиіс «Восточный» космодромының салынуымен байланысты болуы мүмкін екені туралы болжамдар жасалған.
Оқырманды ақпараттандыра кетсек, Ресейдің өз территориясындағы «Восточный» космодромы құрылысы 2011 жылы басталды. Жаңа ғарыш айлағынан биылғы жылдың 28 сәуірде алғашқы рет зымыран Жерсерігін алып көкке ұшты. Ғарыш айлағының құрылысын толықтай бітіруге Ресей билігі 300 миллиард рубль бөлген. Осы ғарыш айлағын салу жөніндегі бұйрыққа Путин 2007 жылы 6 қарашада қол қойған.
Естеріңізге салар болсақ, 2013-жылдың 2-шілдесінде, 8 сағат 39 минутта Ресей Федерациясы жалға алып отырған «Байқоңы» ғарыш айлағында бүкіл әлем сұрапыл техногендік апаттың куәгері болды.
Жер орбитасына «Глонасс» жүйесінің бөлшектерін алып ұшпақ болған «Протон» зымыраны бірнеше секундтардан соң қозғалтқышы істен шығып, жерге құлады. Онда адам ағзасы мен қоршаған ортаға өлшеусіз зиян әкелетін улы отын – «ГЕПТИЛ» көлемі 500 тонна деген мәлімет жария болды! Осыдан соң, Қазақстандықтардың наразылығына қарамастан Байқоңырда екі ай уақыт өтпестен тағы да зымыран ұшырылды. 2014 жылдың 16 мамырында да Астана уақытымен түнгі сағат 3:42-де Байқоңырдан Ресейдің «Экспресс-АМ4Р» байланыс зымыраны тіркелген «Бриз-М» блокты зымыран тасығышы ұшырылған еді. Зымыран спутникті Жер орбитасына алып шығуы тиіс болған. Ұшқаннан кейін 9 минуттан соң зымыран тасығышта ақау пайда болып, апатқа ұшыраған. Осыдан кейін қазақ даласында ірі қара мал өлімі жиілеп, 2015 жылы Қазақстан даласында киік жаппай қырылды. «Киікті сақтау альянсының» деректері бойынша, сол кезде Орталық Азияда 260 мыңға тарта киік болса, олардың ең көбі, яғни 200 мыңға жуығы Қазақстанды мекендеген. Сарапшылардың кей дерегінше, бір жаздың өзінде Қазақстанда 50 мыңдай ғана киік қалған. Яғни, 150 мың шамасындағы киік түгел қырылып қалған. Бірақ, Қазақстан билігі киік өлімін еш уақытта Байқоңырмен байланыстырмады. Қазақстан үкіметінің ресми дерегі бойынша, 2015 жылы көктемде 132 мыңға жуық киік қырылған. Киік қырылған уақытта 90 000-нан аса мал шығыны болды деген ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары да, кейбір экологтар да мәлімдеген болатын. Алайда, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі бұл ақпаратты мақұлдаған да, не жоққа да шығарған жоқ.
Ал, Академик Қайыржан Бекешұлының жазуынша, Көп сатылы «Протон» зымыран жеткізгішінің алғашқы блогы (алты бакты блок болады) жұмысын аяқтап, жерге құлағанда 1,5 тоннадан – 3,5 тоннаға дейін гептил қалдығы жерге төгіледі. Сонда бір рет ұшырылғанда, орта есеппен 2 тонна гептил жерге төгілгенде, 44 жылда 520000 тонна гептил төгіледі. Экологиялық қауіпсіздікті сақтадық дегеннің өзінде, Қазақстан Республикасының ұлттық аэрокосмостық агенттігінің мәлімдеуінше, қазіргі кезде зымыран жеткізгішінің жерді зақымдайтын гептил мөлшері 150-200 литр шамасын құрайтыны анықталған.
«Байқоңыр» пайдалануға берілген уақыттан бері 1300-ге жуық зымыран ұшырылған.
Республика аумағындағы 47 аймаққа зымыран қалдықтары түсетін болса, соның 39-ы Қарағанды обылысы үстіне түседі. Ақтоғай ауданы жерінің 37 %-ы, Шет ауданы жерінің 39%-ы, Жаңаарқа ауданы жерінің 37 %-ы, Ұлытау ауданы жерінің 74 %-ы «Протон» зымырантасығышының отыны – гептилмен ластанған.
«Байқоңыр» - Қазақстан аумағында 1955 жылдан бастап жұмыс істеп тұрған халықаралық ғарыш айлағы. Бірлесіп кешен құрып отырған Байқоңыр қаласы мен «Байқоңыр ғарыш» айлағын Ресей 2050 жылға дейін жалға алған болатын. Байқоңырдың ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. 1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды.
Байқоңыр әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны болып табылады, оның басты және көмекші нысандарының жалпы ауданы 6717 шаршы шақырым.
Ресей келесі 2017 жылы Байқоңырдан 15 ұшырылымды жоспарлап отыр. Байқоңырды Ресей пайдаланып, зымыранын ұшырғанымен, уын ішіп, запыранын құсқан қазақ болып отыр...
Пікір қалдыру