2017 жылы доллар бағамы 280 теңгеге дейін түсуі мүмкін

/uploads/thumbnail/20170709192051593_small.jpg

Бірнеше халықаралық ұйымдар келер жылы Қазақстан экономикасының жетістікке толы болатынын айтып отыр. Мәселен, Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссия жетекшісі Марк Хортон еліміздің ауылшаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында ілгерілеушілік болатынын айтады. Маман бұл болжамын мемлекеттік мекемелердің экономиканы қолдауға бағытталған жұмысымен түсіндіреді. Сөйтіп, ХВҚ есебіне сай, 2017 жылы экономика өсімі 1 пайызды құрап, инфляция 9,3 пайыз көлемінде болмақ.

Ал, ел үкіметі болса, келер жылғы ІЖӨ өсімі 1,9 пайыз көлемінде болады деп отыр. Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстандағы ІЖӨ өсімі 2,4 пайызды құрайды деп тағы қуантып отыр. Экономикаға қатысты болжамдар мен зерттеулер нәтижелері көп жағдайды көңіл көншітпей, керісінше, пессимизмге толы болатын. Бірақ, бұл жолғы болжамдар негізсіз емес екенін айтады мамандар.

«Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің деректеріне сай, 2016 жылдың 9 айындағы ІЖӨ көлемі 31 355 126,1 млн теңгені құрады. Бұл 0,4 пайыз өсім барын аңғартады. Сондықтан, үкіметтің болжамдары шындыққа жанасады. Одан бөлек, 2017-2019 жылдары мұнай бағасы барреліне 35 доллар болады деп жоспарлағанбыз. Бюджет те сол бағамға негізделді. Ал, қазірдің өзінде мұнай бағасы 57 доллар болып отыр. Сондықтан, ЕДҚҚБ – ның есебі де негізсіз емес. Қазақстан экономикалық құлдырауды, инфлияцияның шарықтау шегін артқа тастап отыр», - дейді экономика ғылымдарының докторы Тұрсынбек Өмірзақов.

Мұнай дегенде валюта бағамы туралы айтпай кетуге болмайды. Доллар бағамына қатысты болжамдар біркелкі болмай отыр. экономикалық шолушы Д. Кривошеев алдағы жылы теңге тағы да құнсызданып, 1 АҚШ долларының баңамы 420 теңгеге дейін өседі десе, экономист Біржан Чуйкин доллар бағамының экономикалық негізделген дәлізі 330-350 теңге шамасында болады деп санайды. Қалай болғанда да валюта бағамы халықаралық қор нарығындағы мұнай бағасына тәуелді екенін білеміз. Соған сай, «Фридом Финанс» талдау департаментінің директоры Ерлан Әубәкіров Қашағанның іске қосылуы, мұнай бағасының қымбаттауы теңгенің нығаюына себеп болады деп отыр.

«Егер мұнай бағасы 62-65 долларға дейін өссе, доллар бағамы 280 теңгеге дейін түседі», - дейді Е. Әубәкіров. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар