Алматы-2 вокзалында жолаушылар дөнер, шауырма жасап, сататын дүңгіршекті ұялы телефонға түсіріп, ғаламторға жариялады. Онда тұрған не бар дерсіздер. Алайда видеодан тышқанның адамдардан қорықпай, қымсынбай емін-еркін дөнер мен шауырмаға арналған етті жеп жатқанын көруге болады. Өзіне төніп тұрған адамдардан қорықпастан тамақтану процесін жалғастырып жатқанына қарағанда, тышқан вокзалдағы дөнер сататын орынды өзінің тұрақты асханасына айналдырып алған секілді.
Бұл жағдайдан бейхабар тұтынушылар көрсетілген жерден дөнер мен шауырма сатып алып жейді. Оның алдында ғана ол еттен тышқанның да дәм татқанын білмейді. Ол тышқанның қайда, қалай жүргені, қандай жерлермен жүріп өткені, бұған дейін не жегені бір Аллаға ғана аян. Тышқандардың ауру тасымалдайтынын, ауруды қоздыратынын да ескерсек халық көп жүретін темір жол бекеті секілді жерлерде осындай дәмхана, дүңгіршектердің болуы өте қауіпті.
Бұған дейін де дөнерден уланған жағдайлар болды. Осыдан біраз ай бұрын кішкентай қыздың дөнер жеп қайтыс болды деген хабар тарады. Тексеріс барысында бүлдіршіннің өліміне дөнердің қатысы болмай шықты. Дегенмен де «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, мамандар ешқанай санитарлы нормаларға жауап бермейді деген күдік тудырған жерлерден, көшеде беті ашық түрде сатылып жатқан тағамдарды сатып алмауға кеңес береді.
Пікір қалдыру