Аяаулы ұстаздарым – академик И.Қарақұлов, профессор К.Өтегенова,
Профессор Қ.Макиров, профессор Х.Мырзалиовадай ‑
ғұламаларды еске алып, 100-жылдықтарына арнаймын.
ҰЖДАН.
МҰҢЛЫ АРМАН
Алматының мамыражай жазы. Бұл кезде аласапыран апаты мен қасіреті мол болған, ХХ‑шы ғасыр да ортасынан ауып бара жатқан. Не түрлі кесапаттарды басынан кешкен Кеңес елі де, екінші дүниежүзілік соғыс лаңынан енді‑енді көтеріле бастаған. Сол кездегі мектеп бітірген Ұландар, Комунисттік партияның шақыруымен, ауыл шаруашылығында екі жыл жұмыс істеп, 1959‑шы жылдың жазында жоғарғы оқу орындарына түсуге талаптану да еді. Мен де осы жылы, мұңға толы, құпиялы сәби арманымды арқалап, адам дәрігері боламақшы боп Алматыға келген едім. Сірә, мына астарлы сөздерден, оқырманда әртүрлі сауалдар тууы да мүмкін‑ау;
Иә‑ә, неге мұңға толы ?..
Неге құпиялы сәби арман ?..
‑ Неге, дәрәгерлікті таңдайды ? – дейтін, сауалдардың сырын аша кеткен жөн сияқты.Өйткені, мұның өзі – бүкіл тағдырымның кілті десемде болады...
‑ Иә‑ә., шынында да, бұл – қапалы да, қапырықты уақиға еді ?! Соғыс алапаты жаңа бітіп, менің жеті жасар шағымда, екі бірдей ағаларым ; ‑ бірі – он тоғыз жасын да; ‑ екіншісі – он жеті жасын да, он‑ақ күн аралап дүние салған болатын.Әсіресе, Совет‑бек атты ағатайым қайтқанда, еңіреген жасым тоқтамай, шошына жүрексінсемде шымылдықтың арғы жағында жатқан мәйітке кірдім де, бетін ашқан бойы мелшиіп тұрып қалғандағы бала сезімімді, дәл басып айту қиын. Сонда, Өлімнен – шошынсам да, Ажалмен – күресуді, келешек арманымдай серт беріп шыққандай едім. Міне сол, мұңға толы, құпиялы арман, Алматының дәрігерлік институтына әкеп тұр. Болмаса, жетінші кластан бастап – шағын суреттеме, өлең‑тақпақтарым аудан және облыс газеттерінде жариялана бастаған болатын. Осыған қарамастан, менің бар арманым – дәрігер болып, мезгілсіз келетін ажалмен – күресу еді. Бірақ, мұның асу бермес қиындығы, шет тілінің сынағы болатын. Өйткені, орта мектепте шала‑пала неміс тілін оқыған едік...
«Адамда – тағдыр бар» ‑ дегенге қалай сенбессіз ?! Шынымды айтсам, неміс тілінен сауатым жоқ болатын. Әйтеуір, Нартәуекел!..
Бұл кезде бодандаушылардың да ары оянып, ұяты беттерін күйдірді ме ? Қалай десекте, бұл жылдары қазақ мектебін бітіргендер ‑ сынақты – қазақ тілінде тапсыра бастаған. Негізгі пәндері химия мен физиканы өте жақсы тапсырып, шошынып жүргенім орыс пен неміс тілдері болатын. Орыс тілінен ‑ сұқбаттасу болса, неміс тілінен – сынақ тапсыртады екен. «Тәуекел түбі – жел қайық» ‑ дегендей сынаққа кіріп белет алсам, Алланың сәті болар, жаттап алған «Am ticһ – за столом» ‑ дейтін, шағын тақырыптың қолыма түскеніне не дерсіз ? Бұл келмесе, мүлдем қараң едім ғой. Міне, алланың жарылқауымен, осылайша дәрігерлік институтқа түстім. Жалпы, дәрігерлік мамандықтың ‑ оқуы да қиын, қызыметі ‑ онанда бетер жауапты екенін ерекше айтқан жөн. Оның үстіне, дәрігерлік мамандық та, ‑ жазушы ‑ ақын – суретші – композитор ‑ тәрізді, адам жаратылысында осыған орай табиғи қабылеті болуы шарт ?! Кеңес елінде ескерілмейтін бір қателік осы болатын ! Диплом алғанның бәрі – жақсы дәрігер бола алмайды. Өйткені, адамның тегін де, бақсы‑бәлігерлік негізі болуы қажет.
Мединститутқа түстім! Ендігі мәселе, жатпай‑тұрмай сабақ оқу ?!.. Әйтпесе, бірінші курстің аяғында ‑ бес факультеттен 190‑200‑ден қазақ балалары орыс тіліндегі оқуды игере алмай ‑ институттан шығып қалады екен. Осыны естіген біздер тәулігіне 3-4 сағат қана ұйқтап, күні‑түні сабақ жаттаймыз. Әсіресе, біліп тұрған химия мен физиканы орысша айтып бере алмай қиналатынымызды айтсаңыз шы ?! Сонда ғана ‑ бодандық – құлдық – теңсіздік – дегеннің не екенін түсіне бастадық. Өз елің де ‑ өз тілің де сөйлей алмаудың қасіретін шектік...
Оқудағы үлгірімім жақсы болғандықтан, екінші курстен институттың комсомол комитетіне тартты. Бұл қоғамдық көзқарасымды тереңдетіп, азаматтық санама ықпал еткені рас. Көп нәрсеге көзіміз ашыла бастады. Әртүрлі жайды ашық көтеріп, уақыт тынысын аңғару байқалатын. Мәселен, ‑ институт басшылығын да, партком да, не деканаттар да ‑ бірде‑бір қазақ кадірінің көрінбеуі, өз отаныңдағы кемсінудің көрінісіндей сезілетін. Тіпті мұны, тұңғыш рет институт көлемінде көтерген де, комитет комсомолы болды. Себебі, осы жылдар да, комсомол комитеттеріне батыл да еркін қимылдауға нұсқау беріліп, ‑ «жастар мәселесін – жастар өзідері шешсін» ‑ дейтін бағдарлама өмірге еніп жатқан. Бұл жастардың белсенділігін көтеріп, инсититутта да, жатаханада да, жаңаша қимыл‑әрекеттердің ұйтқысы болды. Осындай жаңашылдықпен дүниеге келген жақсы істің бірі, институттың жанынан ұйымдастырылған – Көркемөнерпаздар ‑ ұжымы болды. Мұнда музыка құралдарының; ‑ домбыра, баян, қобыз, күйсандық, сыбызғы, шертер, хор – үйірмелері жұмыс істей бастады. Институттың комсомол ұйымының жетекшілігімен жасалған көптеген жақсы істер, тек институтта ғана емес, аудан мен қала көлемінде де айтыла басталды. Мединститутының ұлт аспаптар оркесторы мен әншілері республикаға да белгілі бола бастады. Кешегі Татяналарымыз осы кезде шыққан. Олардың домбырамен қазақтың халық әндерін нақышына келтіре орындағандарын, көпшілік қауым ыстық ықластарымен қабылдаған еді. Осылайша, институт комсомол комитетінің беделі артып, аудандық деңгейдегі құқұқ берілген соң, оның І‑ші және ІІ‑ші хатшылары айлық алып қызымет істеді. Бұл кезде, 1964‑1965 жылдары, мен комсомол ұйымының І‑ші хатшысы қызыметін атқарған едім. Осы жылдары институт жанынан Мәншүктің музейі ашылып, бодандықтан бұйығып қалған жастардың еңсесін көтеруге көп әсерін тигізді...
МЕДИНСТИТУТТАҒЫ Бұл өзгерістердің пәрменді болуына
ӨЗГЕРІСТЕР. жетекшілік еткен, осы жылдары Москваның
2-ші медицина институтынан – Алматы институтына ғылым жөніндегі проректоры боп келген – профессор Қуаныш Аманбайұлы Макировтың ‑ орны бөлек болатын. Бұл адам гвардия полковнигі, кезінде Тегаран конференциясына қатысқан, аса білімді де өткір адам еді. Профессор Қ.А.Макировтың ақылдасып кеңесетін адамы, бұрын екі дүркін республикада денсаулық сақтау министрі болған, атақты академик Ишанбай Қарақұлұлы Қарақұлов еді. Бірақ, бұлар кезкелген іске – жабық басшылық етті де, біздер – жастар ұйымы мәселені ашық жүргізушілер болдық. Осы тұста істелген шаруаларды қысқаша айтсақ, 1962–1963 оқу жылы – институттағы оқу ісінің проректоры – профессор А.А.Сүлейменов тағайындалды, институттың парткомы – доцент М. Құнантаев сайланды,, емдеу факультетінің деканы – доцент А.Ғ. Серғазин, балалар факультетінің деканы доцент М.Ғ. Сейтқамзин, стоматология факультетінің деканы – Қ.Ш. Шакеновтер бекітіліп, міне бұлар тұңғыш басшылыққа келген қазақ мамандары болды. Бұл – бүкіл медицина саласындағы жаңа леп, аса батыл жаңалық деуге болады. Ендігі ең ауыр шаруа, көктем келісімен лардай шулап, институтпен хоштасатын қазақ жастарының мәселесі еді. Бұл мәселені шешу үшін, мамандыққа қатысы жоқ, бірінші курстегі – физика, химия, тарих, политэкономия, ғылыми коммунизм – пәндерін қазақша оқытуды көтере бастадық. Әлі де, жоғарыдағылар – жабық істеп, бұл мәселені де ‑ ашық көтерушілер, комсомол комитетіндегі біздер едік. Комсомол ұйымының І‑ші хатшысы ретінде, менің артымда КГБ‑ның аға литинанты жүрді. Бірақ, оның «қортынды анықтамасында» қазақ группасын ашудың қажеттігін айтып, қаржы жағынан үкіметке ұлан‑асыр пайдасы мол екені түсіндіріліпті. Өйткені, бір жыл оқып шығып қалатын 190–200 студенттің әрқайсысына миллиондаған қаржы шашылады екен. Мұны институт бойынша талқылап, ‑ бес факультеттің әрқайсысына үш группадан, жоғарыда көрсетілген пәндерді қазақша оқытатын он бес группа ‑ эксперимент ретінде ашылатын болды. Бұл шешімнің пайдасы келесі жылы‑ақ көрініп, институттан бар болғаны 10-ға да жетпейтін балалар шығарылды. Оның көпшілігі тәртіп бұзған студенттер еді. Біздің батыл жасалған инновациямыз – бүкіл қала бойынша, аса үлкен сенсация болды. Көп ұзамай осы пәндердің кафедра меңгерушілері де, екі тілді білуге тиісті болып, барлығына қазақ тілді ғалымдар басшылық ете бастады. Әйтседе, мұның бәрі оп‑оңай, ың‑шыңсыз жүріп жатқан жоқ. Әсіресе, орыс тілділерге ұнамайтындықтан, институтта әртүрлі сөздер де көп. Бірақ, фактінің аты – факті емес пе, болған істің жақсылығын көріп күмілжігендерімен, күңкілдеп қазақша оқытудан үрейленетіндерін ашық айтып жүрді...
Көтеріле бастаған келесі бір мәселе, институтта қазақ докторларының дайындалмай жатқаны болатын. Мұны жыл сайын институттың партия жиналыстарында, сол профессорлардың өздері жиі көтеріп жүрді. Бірақ, орысы да, қазағы да шуылдасады да, түк болмағандай қоя салады. Тіпті, жиналыстан кейін, мүлдем ұмытып та кететін. Әйтседе, институтқа «Орталық ғылыми лаборатроия» (ЦНЛ) қажеттігі де, тіпті жылда айтылатын «докторантуралық демалыс» беру де, сөз бұйдадан асалмай жүргені анық. Бұл мәселелердің жыл сайын институттың жалпы жиналысында айтылғанымен, не себептен шешілмей келе жатқаны жайлы, ректорат та тіс жарып әңгіме қозғағысы келмейтін. Мұның себептерін естуге, әсіресе быйылғы жиналыста жас коммунистер тағыда белсенділік көрсетті. Бірақ оларға нақты жауап берген ешкімде болған жоқ. Көп жылдар бойы, тым ұзақ уақыт институттың ректоры болған Р.И.Самаринның орнына келген, денсаулық министірінің орынтағын ауыстырған С.Р. Қарынбаев та, мұны шешуге асықпайтын тәрізді. Сондықтан болар, бұл мәселе бірде, комсомол комитетінің бюросында қаралып, қызу талқыға түскені жайлы әңгіме институт көлемінде айтыла басталды...
ҮЛКЕН Байылғы 1964‑ші жылдың күзі де қарқынды басталып
ЖАРЫЛЫС. кетті. Бұл кезде институттың комсомол ұйымының
беделі асқақтап тұрған. Әсіресе, былтырғы күзде «Тың штабын» комсомол комитеті өз иелігіне алып, бұрынғыдай әр факультетке басшылыққа бөлінген ұстаздар тобы (проф. Сереткин, доцент Русаков, подпоковник Кривушин, доцент Котов, ассистент Утешов) түгелімен, «тың штабының» бастығына бағынатын болды. Совет аудандық партия комитеті мен комсомол ұйымы «тың штабын» басқаратын адамның кандидатурасын өздерінің бюросында қарап, институттың комсомол ұйымының І‑ші хатшысы, емдеу факультетінің 6-шы курс студенті Совет‑Хан Ғаббасовты тағайындаған болатын. Сол жылы институт студенттері Целиноград облысының үш ауданына (Баранқұл, Қорғалжы, Еркіншілік) бөлініп, еңбек семестрін жемісті аяқтап, үш ауданның да ‑ ауыспалы қызыл туларын ‑ жеңіп әкелген еді. Бұлармен қатар егін жинасқан, Москваның – МАИ, Киевтің – Политех институттарынан көшілгері озып, еңбек және тәртіп көрсеткіштерімен, бүкіл обылыс көлемінде үлгілі атанды. Сол кездегі Целинограт обкомның І‑ші хатшысы С.Б.Ниязбековтың тікелей қамқорлығы арқасында, мединституттың көп студенттері марапатталып, «тың штабын» басқарған С.Ғаббасовқа «Тың және тыңайған жерді игеру» медалі Кеңес Одағы Президумының шешімімен тапсырылды.Алматы медицина институты өз студенттерінің бұл табысын,қала мен аудан партия‑комсомол басшыларын шақыра отырып, тың жерінен жеңіп әкелген үш бірдей туды сахананың төріне желбірете жайып, салтанатты түрде мерекелі кештерін өткізді. Міне осындай аброймен жұмыс істеп жатқан институттың комсомол ұйымымен ректорат пен партком да қоян‑қолтық жұмыс істеуге үйрене бастаған. Институттағы студент мәселелерін түгелдей комсомол ұйымы өздері шешетін жағдайға жеткен болатын. Тіпті, ірі қалалардағы (Москва, Ленинград, Киев, Льбов т.б.) мақсатты асперантураларға жіберуді де, алдымен комсомол комитеті қарап ұсынатын еді. Комсомол ұйымының мұндай беделі, бүкіл студенттер қауымының белсенділігін күшейте түсті. Студенттер арасындағы оқу үлгірімі мен тәртібі бұрын‑соңды болып көрмеген жетістіктерге жетті. Жастармен жұмыс жүргізу мәселесі жайында, басқа институттардан іс‑тәжрибе алмасуға келетін қонақтар да көбейе түсті. Осылайша мамыражай күй кешіп жатқан институтта, үлкен жарылыстың сипатына тән, мынадай бір уақиға басталып кетті. Ол бастабында жайбарахат күйі, былайша өрбіген еді...
Бір күні институтта болған жалпы партия жиналысынан кейін, Лениндік степендият, комсомол комитетінің акедемсекторын басқаратын Коля Хван үш бетке жуық жазылған мақаланы әкеп көрсетті. Бұл ‑ кешегі партия жиналысында сөз болған, баяғы – ЦНЛ – докторантура – кадр мәселесі жайында жазылыпты. Мақаланы Коля екеуміз қарап шыққан соң, ақылдасу үшін проректор Қ.А. Макиров пен профессор И.Қ.Қарақұловқа жазылған материалды әкеп көрсеттік. Олар танысқаннан кейін, біздерді шақыратын болып шығарып салды. Бірер апта өткен соң академик И.Қ.Қарақұловтың кабинетінде – проректор‑профессор Қ.А.Макиров, Коля Хван және Мен – төртеуміз мақаладағы мәселелерді пысықтауға жиналдық. Мақаланың көлемі екі еседей өсіп, машинкаға бастырылып қойған екен.
Сөз бастаған профессор Қ.А.Макиров:
Құрметті бауырларым Совет‑Хан мен Коля, сіздердің азаматтық белсенділіктеріңізге алғыс айтамын. Көптеген жақсы істерді атқарып та жүрсіздер ?! Мынау көтеріп отырған проблема, бұрынғылардың қай‑қайсысынан да, маңызды да күрделі екені рас. Көрсетілген мәселелер, тек фактімен ғана жазылуы керек. Сондықтан, мен біраз нәрселерді өзгертіп, біраз дүниелерді қосып жазғанды жөн көрдім. Мінеки, оқышы ? – деп Коляға ұсынды. Қыбыр етпей төртеуміз де тыңдадық ?! Пікірді алдымен бастаған Ишекең :
Барлығыда айтылып жүрген мәселелер екен. Жақсы жазылыпты ?! Ешкімнің атына жалған сын айтылмаған. Көтеріліп отырған проблеманың қажеттігі сөзсіз ! Іске сәт ! – деп сөзін аяқтады.
Біздер де келістік. «Мақала» ‑ деудің орнына, ‑ «Ашық хат» ‑ деп «Правда» газетіне жіберілетін болды.
Бірінші – менің аты‑жөнім, екінші – Коля Хван жазылатын болды. Азды‑көпті өзгерістерді түзетіп, ертең дайындалысымен‑ақ жіберілетін боп шешілді. Осылайша, бұл шаруа да іске қосылып кетті. Тағдыры қалай болатынын келешек көрсетеді...
Зымырап өтіп жатқан уақыт. Қысқы каникульдан оралып жатырмыз. Анадағы біздер жіберген хаттан еш хабар жоқ. Мен быйыл институтымды бітіретіндіктен, комсомол ұйымының есепті жиналысына қызу әзірлену үстіндеміз. Мұны жақында барып, Алматы қалалық комсомол ұйымының І‑ші хатшысы Оразбаев Темірланмен ақылдасып та көрдім. Ең басты мәселе, олардан менің орныма қазақ тағайындалуын сұрадым. Бұл мәселеге быйыл парткомның хатшысы болып сайланған А.С. Колдашовтың қарсылығы барын айттым. Қызуқанды Темірлан:
‑ Комсомол хатшылығына кімді қоюды‑ комсомол ұйымы өзі шешеді. Саспа ! Өзің ұсынатын кандидатураны әзірлей бер ?! – деп желпінткендей болды.
Мен, сонда да уақыттың тығыздығын айтып:
‑ Әйтседе, кешіріңіз ?! Қазір уақыт тауып Ғибат ағамызға (Мырзағалиев) кіріп шықсақ жақсы болар еді. Обком комсомолдың батасын алсақ, ешкімде қарсы бола қоймас, ‑ деп өтіндім. Темірлан бірден Ғибатпен сөйлесті де; ‑ Жүр кеттік,‑деді. Ғибат ағамыз қолдайтындығын және А.С.Колдашовпен өзі сөйлесетінін айтып, біздерді шығарып салды. Осылай келіскеннен кейін, фрамацептикалық факультеттің комсомол ұйымын басқарып жүрген Кеңесбай Үшбаевты шақыртып едім, оны аптекар етіп, «Шелектің» аптекасына бөліп жіберіпті. Осы мәселемен институттың ректоры С.Р. Қарынбаевпен сөйлесіп едім, ол ақылдасуға А.С.Колдашовты шақыртты. Текетіреске толы ұзақ әңгімеден кейін, олар менің пікіріме келіскендей болып, К.Үшбаевты дайындауға рұхсат алдым. Өзі пысық та намыскер, білетіні мол Кеңесбай Үшбаев, алдағы комсомол ұйымының конференциясын әзірлесуге кірісіп кетті. Оның институтты бітіріп, қолының босағаны, тіпті біздер үшін жақсы болды. Дайындық жұмыстарын дөңгелетіп жіберді. Сөйтіп, 1965‑ші жылдың ақпан айының аяғына таман, Кеңесбай Үшбаевты – Алматы медицина институты комсомол ұйымының І‑ші хатшысы етіп тағайындап, арқалаған ауыр жүгімнен құтылып, қолымның босғанына ерекше қуандым. Өйткені, алда ‑ бес сабақтан мемлекеттік сынақты тапсыру тұрған болатын...
Біздерге Кеңесбай Үшбаевты таңдау, шын мәнінде өте сәтті болып шықты. Оның келешек үрдістері мен берген жетістіктері республикалық деңгейге дейін көтеріліп кетті. Ол институттың комсомол ұйымын басқара жүріп, фармация ғылымдарының кандидаттығын қорғап, Льбовтағы атақты профессор В.Ф. Краморенкодан докторантурасын жемісті аяқтап, ‑ тұңғыш фрамация ғылымдарының докторы ‑ атағын алды. Әсіресе, қоғамдық жұмыстағы белсенділігінің арқасында, Алматы медицина институтының проректоры және ректоры қызметтерін атқарды. Көп жылдар Респуликадағы аптек басқармасының төрағасы болып, қазір жаңа қоғамның бағдарымен, бүкіл мемлекетіміздегі ‑ Фармация өндірісін ‑ жетілдіріп отыр. Республикадағы алдыналу медицина академиясының академигі, елі‑жұртына қайырымды кәсіпкер ретінде де танымал. Туған ауылына салдырған Мектебі мен Мешіті жерлестерінің аялап ұстап отырған мақтаныштары десе болады...
Қазақтың төл күнтізбесі бойынша, жылбасы Наурыз да келген еді. Бірақ ол кезде, Наурыз мерекесі деген атымен жоқ болатын. «Туған ай ‑ тураған етпен бірдей» ‑ дегендей, наурыздыңда ортасынан ауа бастаған. Күн бірден жылынды да қала ішіндегі қар кетіп, сәнді Алматымыз тазарып та үлгірген еді. Осы күндері сол баяғы ‑ «Правда» газетіне жіберген «Ашық хат» ‑ ректоратқа келіпті. Бүгін оны біздерге проректор Қ.А. Макиров хабардар етті. Міне, осы күннен бастап, артыс‑тартыс басталды десе болады.. Ертеңінде ректорат пен парткомның біріккен бюросын шақырып, хатта айтылған мәселерді талқылауға кірісті. Арнайы шақырылған адамдар; ‑ барлығыда белгілі мәселелер ғой, баяғыда‑ақ шешілуге тиісті еді ‑ десіп жайбарахат талқыламақ сыңай танытты. Бірақ, парткомның хатшысы А.С.Колдашов пен ректор С.Р.Қарынбаев екеулері, жастар тым асқақтап кетті дегенді сылтауратып, әңгіме төркінін мүлдем басқа арнаға салуға ыңғай танытты.Осыны байқасымен‑ақ, институтта соңғы жылдары болып жатқан жаңалықтарды жақтырмайтындар бірден бас көтеріп гулей жөнелді. Тіпті олар проректор Макиров пен академик Қарақұловты «жастарды бұзушы» ретінде кінәлай да бастады. Міне осылай аса өткір дау‑дамайлар өрбіп, жиналыс түннің бір уағында әрең бітті. Ұзақ сонар тартысқа түскен сөздерді термелемей‑ақ, бюроның қортынды шешімі былай болды;
Институттың бұрынғы комсомол ұйымының І‑ші хатшысы, 6‑шы курс студенті С. Ғаббасов – партия қатарынан шығарылсын;
Профессорлер И.Қ.Қарақұлов, Қ.А. Макиров және асперант К.Хван – документтеріне жазылып қатаң сөгіс жариялансын;
Дауысқа қойылғанда 2‑дауыс басымдықпен жоғарыдағы ұсыныстар қабылданды.
Мінеки, осылайша институтқа қажет және бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселені, кертартпа тәкәппар топтар ушықтырып жіберді. Праткомның шешімі көп ұзамай аудандық бюрода талқыланып, онда да болар‑болмас басымдықпен бекітілді. Енді біздер бұл шешімнің дұрыс еместігін айтып Алматы обкомына қағаз түсірдік. Обкомға жаңадан келіп жатқан Асанбай Асқаровты, жұрт ерекше батылдығы мен шешімділігін айтып аңыз етісіп жүр. Шынында да, біздің мәселені қараған алғашқы отырыста, онан шыққан Колдашов көзі жасаурап аса көңілсіз шықты. Содан едіреңдеп жүрген институттағы топтардың да еңселері түсіп қалғандай болатын. Әйтседе, обкомның да нақты шешімі тым ұзарып кетті...
Алтыншы курстің студенттері мемлекеттік сынаққа қызу әзірлік үстінде. Кейбір ұзын құлақтан жеткен хабарлар бойынша, қарсы топтағылар мені госэкзаменнен құлатпақ көрінеді. Осыны айтып, жақында профессор Қ.А.Макировке кіріп шықтым. Бұл сыбысты ол да естіген тәрізді. Сондықтан болар жылдам шешім қабылдап, түстеңкейін сағат 16‑да келуімді сұрады
. Белгіленген уақытта кірсем, емдеу факультетінің деканы А.Ғ.Серғазин, қазақ халқының мақтанышына айналып кеткен қыздары, профессорлар Камила Досқызы Өтегенова мен Хадиша Мырзалиқызы Мырзалиева және академик И.Қ. Қарақұловтар жиналып отыр екен. Барлығыда менің қадыр тұтар ұстаздарым болатын. Олар жылы шыраймен қарсы алып, үш адамнан (А.Серғазин, К.Өтегенова, Х.Мырзалиева) бақылаушы құрғандарын айтты. Олар менің сынақтарыма міндетті түрде қатынасып отыратындықтарын ескертті. Маған аса ұқыпты дайындалуды тапсырды. Жүзіме жадырай қараған Камила‑апамыз; ‑ Ештемеден де жасқан ба ?! Бауырым сені біздер мақтан тұтамыз. Осы отырған үшеумізде, сенің әділетсіздік көрмеуіңе кепілдік береміз, ‑ деп сөзін аяқтады. Расында да профессор Камила Досқызы Өтегенованы мединституты түгіл, бүкіл республика деңгейінде құрмет ететініне сан рет куәгер болғаным бар. Сондай адамның сөзінен кейін, Қуекеңнің кабинетінен қанаттанып шықтым.
Бірер күннен кейін мені қорғаушы топтың құрылғаны жайында да, институт та гулеген әңгімелер де айтылып жүрді. Мені сынақтан құлатпақ топтың әрекеті, «имансыздық пиғыл» ретінде танылып, комсомол жастар арасында да талқыланғаны белгілі болды. Осының барлығы да, қарсы топтың еңсесін түсіріп жібергендей еді. Әйтеуір, не креек, мемлекеттік экзаменнің төртеуін – беске, біреуін – төртке тапсырып, мен де аман‑есен институтымды бітірдім. Камила‑апамыз бірде‑бір экзаменді жібермей қатынасып жүрді. Қазір маған, мұның өзі бір ғажап уақыт тәрізді көрінеді. Өйткені, кешегі Кеңес үкіметі заманын да, қоғамда тәртіп пен әділет болатын ...
ШИЛЕНІСТІҢ Қарқынды бастаған обкомның шешімі мүлдем
ШЫҢЫ. сыйырқұймышақтанып кетті. Себебі, Асанбайдың
екі қызы да мединститутында оқитынын естідік. Созылып кеткен істі професср Қ.А.Макиров Қазақстан Коммунистік партиясының орталық комитетіне түсірді. Оның соншама саясаткер терең білімділігі осы тұста әбден көрінді.
Орталық комитеттің екінші хатшысы Титов басқарған отырыста, Қуекеңнің әр сөзі маржандай төгіліп, жарты сағат көлемінде қарсы топтың қателігі түгіл, жас комунистердің көтеріп отырған мәселелері, тек қолдаудауды ғана емес, дереу шешуді талап ететінін аитты. Бюроның өзінде бірнеше адам қолдап сөйлегендіктен болар, отырыс онша ұзаққа созылмай, біздердің көтеріп отырған проблемамыздың дұрыстығын таныды. Қаралған істі теріс бағытқа түсіргендері үшін, қарсы топқа ауызша ескерту жасалды.
Ең кереметі, осы бір жарым жылға созылған уақыт ішінде ‑ орталық ғылыми лаборатория (ЦНЛ) жұмыс істеп, қазақтың тоғыз ғалымы (Бірімжанова, Сәтбаева, Сәулебекова, Серғазин, Имашев, Михайлов, Қабылов т.б.) докторлық диссертацияларын қорғады...
Курстастарымның барлығыда жолдамаларын алып ауылдарына аттанып кеткелі қашан ?! Менің жұмыс орным әлі де шешіле қойған жоқ. Қазір барлығымыз осы мәселемен шұғылданып жүрміз. Бірақ, дұрыс шеше қоятын министірліктің де ыңғайы байқалар емес. Сондықтан, шағын өтінішімді жазып алып, Д.А. Қонаевтың қабылдауына келдім. Ол кезде пратия белетімен еш кедергісіз барлық жерге кіре беретін едік. Бүгінгі жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда демократиялы екені көрініп тұр. Қазіргі Астана алаңында орналасқан ғимараттың Төле би көшесі жағына қарайтын қанатында, Димекеңнің кабинеті төртінші қабатта болатын.
Әлі есімде, атшаптырымдай хабылдау бөлмесінде отырған орта жастағы орыс әйелі, не жайында келгенімді сұрап білді де, қатарындағы есікті нұсқап, І‑ші хатшының көмекшісіне баруымды сұрады. Соншама жылы жүзбен қабылдаған адамға ризашылығымды білдірдім де, нұсқаған есіктің алдына кеп қарасам, үлкен етіп «Бекежанов Дүйсетай» деп жазып қойыпты. Маған қарап отырған хатшы‑әйел ымдаған соң, батылдана түсіп есікті қақтым. Іштен жәй ғана «да» деген дауыс естілді. Есікті ашып аттаған күйі сәлем беріп тұрып қалдым. Орнынан созыла көтерілген ол, енгезердей сұңғақ денелі ел ағасы жасына келіп қалған азамат екен. Оның адамға жылы қарайтын қызылшырайлы ақ‑сары өңі сүйкімді көрінді. Ол төрдегі орнынан тұрып, маған орындық ұсынды да, өзі қарсыма отырды. Шаруамды айта бастап едім, барлық жағдайды да білетінін ескертті.
Ол жүзіме тіктей қарап; ‑ Мұндай шаруаға неге араластың ? – деді.
Мен біреуге күйе жаққамын жоқ. Өтірік те айтпадым. Халыққа қажет, өмір шындығын көтердім, ‑ деп ойлаймын. Орнынан тұрып кеткен ол;
Өмір шындығы... өмір шындығы, ‑ дейсің ғой.
Иә‑ә, аға.
Жаным‑ау, институтты бітіргенің кеше ғана, он екі де бір гүлің ашылмаған баласың, қыршыныңнан қиылып түссең қайтпексің ?
Қиылсам да, қиналсам да қайтейін ?! Астым да – тағым , бауырым да – балам, қолтығымда ‑ портфелім жоқ. Сірә, мұндай істі – біз сияқтылар көтеретін шығар... Мырс етіп күлген ол;
Сіз сияқты тағым да ‑ бағым да жоқ, ‑ деп отырсың ба ? Заманыңа қара, алды‑артыңды ойлау керек. Сенің өмірбаяныңды да көргемін. «Жетіммін» ‑ деп желіге бер ме ? Бұдан былай сақ бол ! Бұл жолы, саған көмектесейін, ‑ деді. Алдындағы телефонды алып, әлдекімге Димекеңнің атынан «бұйрық» беріп жатты.
Маған жылы жүзбен қарап;
Аман бол, хабарласып тұр. Бүгін барлық мәселеңді шешеді. Қазір. Тоқтағали ағаңа бар, күтіп отыр, ‑ деді. Орнымнан сең соққан балықтай ауыр қозғалып тұрдым да;
Алла жарылқасын, ардақты аға ! – деп, жанарым жасаурай түсіп, алғысымды айттым.
Бә‑ре‑кел‑ді, азамат бол ! – деп қолын ұсынды. Хош айтыстық...
Баспалдақтан түсіп келе жатсам, төменде Тоқтекеңнің өзі күтіп тұр. Бұл кісіде Коля екеуміз бұрын бір рет болғанбыз. Онда ол; ‑ Он саусақтарыңды дұрыс санай алмай жүріп, докторанттардың саны не теңдерің, ‑ деп мазақтаған еді. Енді міне, баспалдақтан күтіп ап, қолын ұсынған ол; ‑ Иә‑ә, бауырым кел, жүр кабинетке барайық, ‑ деді. Ол келе орынбасарын шақырып, бірден денсаулық министіріне тапсырма берді. Міне, өмір деген қалай ?! Орынбасарына істің дұрыс шешілуін үнемі қадағалап отыруды тапсырды. Маған бұрылып; ‑ Қазір бірден министрлікке бар, ‑ деді. Мен орнымнан тұрып; ‑ Кімге барамын, ‑ деп едім, қолымды алып хоштасты да;
Күтіп алады, ‑ деді. Болып жатқан құбылыстың бәрі түсім сияқты. Өзімді‑өзім білмеймін, дедектей басып денсаулық министрлігіне келдім. О‑о, тоба ?! Есік алдында министрдің орынбасары Халық Мұсабайұлы, өзі күтіп тұр. Ол мені иығымнан құшақтап; ‑ Жастар, сендер біздің келешегімізсіңдер, ‑ деп көпшік қоя бастады. Естігеніме өзім сенбей бетіне қарасам, бұрынғы кездескендегі ажуа‑мазақтың ізі жоқ. Мені ертіп кабинетіне кірді. Біраз ақыл айтты, мақтады, келешек жәйлі сөз қозғады. Содан, жұмысқа қалаған жеріңе жіберетінін айтты. Тек, бір ғана өтінішім; ‑ Министрге кіріп алғысыңды айтып кет, ‑ деді. Менің барғым келмегеніне қарамай, хатшысына ертіп сонда жіберді. Келген бойда министрдің хатшысы ішке енгізді.
Үлкен кабинеттің төрінде қарғадай боп қалқайып отырған , министр Н.О. Сеньков сәлемді алмастан; ‑ Ә‑ә, Ғаббасов дейтін, сен екнсің ғой. Жалпы сендей адамды бүкіл Қазақстан аймағынан аластау керек, ‑ деді. Қалай тебініп алдына жетіп барғанымды өзімде білмеймін; ‑ Қазақстанға қауыпты мен емес, Сіз ?! Себебі, мынандай заманда ауылдың денсаулық сақтау жүйесін аздырып отырсыз, ‑ дедім. Менің мұндай сұс көрсететінімді күтпесе керек, жапақтай қарап; ‑ Қалай, қалай ? –деді.
Солай ! Бұл шындық. Бүкіл Кеңес елі бойынша Қазақстан
туберкулезден бірінші орынға шығып отыр. Бұған тікелей кінәлі – Сіз ! – дедім де жылдам басып шығып кеттім.
Қайттан келіп орынбасардың алдындағы хатшы қыздан «жұмыс жолдамасын» алдым да үйге қайттым. Менің сұранысым бойынша І‑ші қалалық клиникаға ординатор‑хирург болып қызыметке орналастым. Бірден жедел хирургияда істеп, нағыз хирургияның іс‑тәжрибедегі қолданысына тап болдым. Практикалық медицинада, ғылыми ізденіспен сырттай шұғылданып, бірден асперантураға қабылдамайтын заңы бар.Сондықтан, профессор Қ.А. Макировтың кеңесі бойынша, хирургия мен микробиологияны сабақтастыратын тақырып іздестіре бастадым.
Қуаныш Аманбайұлы бір күні өзі басшылық ететін микробиология кафедрасына шақыртып, менің өзім істеп жүрген ауруханадағы хирургия кафедрасының меңгерушісі профессор М.И. Брякинмен келісіп қойғанын айтты. Міне осылайша, екі професор жетекшілігімен «сырттай ғылыми ізденуші» ретінде тақырыбымды бекітіп берді. Сөйтіп, 1971 жылы Қырғыз елінде кандидаттық дисертациямды қорғап, үш‑төрт айдан кейін дипломымды алдым. Қырғыз еліндегі бірінші оппонентім – атағы КСРО – ға белгілі, академик Иса Қонайұлы Ахунбаев болған еді. Кандидаттық атақты алысымен‑ақ, Қазақтың ғылыми‑зерттеу экспериментальді‑хирургия институтына, әуелі кіші, көп ұзамай аға ғылыми қызыметкер болып жұмысқа ауыстым. Бұл институты сол кезде, атақты академик А. Сызғанов басқаратын.
Баяғыда екі ағамның бірінен соң бірі өліп, стреске ұшыраған мен, ажалмен күреспек боп медицинаға келгенімді жоғарыда айтқан едім. Сірә, ажалмен күресудің өзі, ауыр шаруа екені күн өткен сайын аңғарыла түсті.
Сол қиялдың әсерімен қалам алып, көптеген әңгімелер мен повесттер және романдар жаздым. 1974 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдады. Бала күнгі арман қуалап, 1985 жылы қазақтың тұңғыш «Кәусар» атты ғылыми‑фантастикалық романын жаздым. Адам тәрбиесінің жаңа ілімін жасап, 1991 жылы – «Ізгілік әліппесін», 1995 жылы – «Халық педагогикасының негіздері» атты монографиялар жазып, 2003 жылы – педагогика ғылымдарының докторы атағын алдым.
1987 жылы – «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанып, 1988 жылы – «Зайсан ауданының құрметті азаматты» мен «Махамбет сыйлығының лауреаты» берілді. Осылайша, өмір қиыншылықтарынан жасқанбай тіршіліктің ащщысы мен тәттісін де көрудеміз...
24.07. 2007ж.
Совет‑Хан ҒАББАСОВ, Жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ШҚО-сы, Зайсан ауданының құрметті азаматы, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Нострадамус атындағы академияның толық мүшесі –Академик.
