Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметі кезінде түкірігі жерге түспей, ызғарынан тажал ығысып тұрған Аслан Мусин зейнеткерлік жасқа жетісімен Президент пәрменімен мемлекеттік қызметтен босатылды. Түркі ұғымында «Аслан» деген есім «арыстан» деген мағынаны береді. Атына заты сай Аслан Мусин Президенттік әкімшілікті басқарып тұрғанда «арыстандай айбатты» еді. Жұрттың айтуынша, Атырау мен Ақтөбе облысы А.Мусиннің ықпалында болып, ағайынды Рысқалиевтер де «Арыстанның» арқасында «тайраңдады». Ақыры «ағайындылар» шетелге қашып, сырттай сотталды. Ал «Арыстан» шетелге елші болып аттанды. Ағайынды Рысқалиевтер хабар-ошарсыз кетті: қазіргі таңда тірі ме, өлі ме, белгісіз.
Аслан Мусиннің мемлекеттік қызметтен кетуі қазақстандық қоғамға қалай әсер етті? Біріншіден, ол өте жағымды жаңалық ретінде қабылданды. Себебі біздің қоғамда түрлі мемлекеттік қызметте (Парламентте, әкімдер корпусында, түрлі саладағы басшылық қызметте) жүрген қалың «зейнеткерлер» тобы бар. Соңғы Парламенттік сайлауда біршама зейнеткерлер жастарға орын берген болатын. Бірақ ол қоғамның өзге салаларында жалғасын таппай, сайлау алды пиар әрекет болып қалды. Қолдан жасақталатын сол «топтың» қатары тағы бір адамға көбеймей, керісінше, азайғаны - оң нышан. Түптеп келгенде,. А.Мусинге басқа мемлекеттік немесе квази мемлекеттік құрылымдардан қызметтің ұсынылмауы – ел-жұртың салығынан құралатын, бүгінгі таңда бүйірі ортайып тұрған бюджеттің қаражаты үнемделді деген сөз. Себебі мемлекеттік қызметте отырған зейнеткерлерге үкімет екі шығындалып отырғаны белгілі: бірі – зейнетақы, екіншісі – қызметақы. Оның үстіне, мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы аз емес екені тағы рас.
Екіншіден, А.Мусиннің зейнеткерлік жасының қолдан әрі қарай ұзартылмауы әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыруға қосылған, титімдей болса да, үлес. Қазақстанның көптеген мемлекеттік қызметінде, майлы орындарында зейнеткерлік жастан әлдеқашан асып кеткен жандар отыр. Зейнеткер тұлғаның қызметте ұзақ отыруы әлеуметтің наразын тудырады, қоғамның моральдық тұрғыдан азып-тозуына әсер етеді. Моральдық құндылықтың азғындауының астарын белгілі ақынның танымен былайша өрнектеуге болады: дүние – үлкен көл, замана (уақыт) - соққан жел. Ал адам өмірі - толқын. Замана желімен қуат алған әрбір толқын жағалауға асығады. Осылайша, алдыңғы толқынды кейінгі толқын алмастырып отырады. Әрбір толқын өз миссиясын орындап, кейінгілерге жол беруі тиіс. Бұл – табиғаттың адам өміріне орнықтырған заңы.
Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл үрдіс қолдан бұрмаланып, тоқтатылған. Зейнеткерлер қызметке жабысып, жастарға орын берер емес. Жасарын жасап, асарын асаса да, табиғат заңдылығына, қоғамның ар-ұжданына, ұрпақтар сабақтастығына кедергі келтіруде. Олардың бұл әрекеті жас толқынның ашу-ызасын, өкпесін тудырып, бұл көрініс олардың тарапынан әлеуметтік әділетсіздік белгісі ретінде қабылданады. Әділетсіздік орын алған қоғамның дамуы тежелетіні немесе оның зардабы ауыр болатыны әлімсақтан белгілі. Жас адамның өмірдегі материалдық және рухани сұранысы қарт адамға қарағанда әлдеқайда артық. Оны ол жас кезінде қалыптастырмаса, қарттық келгенде шамасы келмейді. Сондықтан қарттар жасқа орын беріп отыруы тиіс. Мұны кезінде кеңес үкіметі жақсы түсінді. Кеңестік тұста зейнеткерлікке шыққан кісі (КПСС-тің Политбюро мүшелерінен басқалары, қазіргі ұғыммен айтсақ, саяси тұлғалар ) жұмыста көп тұрақтамайтын. Соның нәтижесінде мемлекеттен басы артық шығын шықпайтын, әлеуметтік әділеттілік те, өмірдің заңдылығы да сақталатын.
Үшіншіден, Қазақстан әлеуметінің басым көпшілігі – мұсылмандар. Мұсылмандық дүниетанымда айыпталатын нәрсенің бірі – материалдық дүниеге тойымсыздық, ардақталатын, құпталатын қасиет – тәубашылық, қанағатшылдық. Ал мемлекеттік қызмет - материалдық дүниенің бір бөлшегі. Зейнеткер жасынан кейін мемлекеттік қызметті жалғастырған кісі, мұсылмандық таным бойынша, тойымсыз жан. Оның есесіне, «Мен қолымнан келгенін барлығын жасадым, ендігі қалғанын кейінгі ұрпақ өзі жасасын» деп, отыратын ақылшы, қанағатшыл, дана қарттар мадаққа, құрметке ие. Тіпті, мұсылмандық танымда, пайғамбар жасаған 63 жастың өзі «шүкіршілік» деп қабылданатыны белгілі. Ахмет Яссауидің 63 жастан кейін «пайғамбардан артық емеспін» деп жер астына түсуі – дүниенің қызығынан саналы түрде бас тартуы еді. Бұл, әрине, терең әңгіме. Бірақ оның дүниетанымдық көзқарасқа тигізер жанама әсері зор. Қазіргі таңда мұсылмандық танымның қоғамдағы орны артып бара жатқанын ескерсек, мұсылманшыл қоғам «тойымсыздар қатарына» ризашылықпен қарамайтыны белгілі.
Аталмыш тұжырымдардың тобықтай түйіні мынадай: тәуелсіздік алғаннан кейін тұтас бір буын ауысатын 25 жылды артқа тастаған Қазақстан қоғамы түбегейлі өзгерістерге бет бұрып келеді. Ол қоғамды енді қолдан «бұрай» беру жақсылық алып келмейді. Прагматикалық танымдағы жастар өсіп келеді. Оның ұраны – жақсылық дереу қазір немесе бүгін, әрі кетсе – ертең. Олар «бәрі болашақта болады» деген дәмелендірулерге көнбейді. Осыған орай, А.Мусин сынды бұрынғы мемлекеттік қызметкерлердің дер уақытында зейнеткерлікке кетуі билік түсінігінде бірер-жарымдық көрініс ретінде қалмай, жаңару, жаңғыру құбылысының заңдылығы болып қалыптасуы тиіс. Өйткені «универсал зейнеткерлер» синдромы қоғамның «сал» ауруына айналып барады. Қоғамда әлеуметтік маңызы бар бұл мәселе оң нышанды шешімін таппай бұдан әрі осылай жалғаса берсе, оның зардабы мен тауқыметі өте ауыр болады.
Сабыр Салауат