Біздің елде білімділер аз, ақылдылар одан да деп басталатын Мақпал Мейірбекқызының «Қамшыдағы» мақаласы осы қысқа ғана жазбаны жазуыма түрткі болды.
Расында да, неге екенін кім білсін, әлде қолдаушы – «көкелері» бар ма, әлде, рейтинг қууға деген құмарлық па, «Шіркін лайфтағы» шулы тірлігінен кейін Маржанды жарнамалау, оны ток шоу болсын, өзгесі болсын бағдарламалардың гүлі ету үрдісі кеңінен етек алып кетті. «Қамшыдағы» мақалада сөз еткен «Сонымен, солай дейік» дейтін бағдарламаның өзінен талай көрген жайымыз бар. Оның үстіне, жер өртеп жүрген Сұлтанбаеваға әскери бағыттағы бағдарламаның тізгінін беріп қойып қызық қылғаны тағы бар «Хабардың». Бас арнаның осы бір қызды анда сүйреп, мында сүйреп жарнамалауға не үшін құштар екенін түсіне алмадым.
«Собчактың сіңлісі» деп айдар тағылған кейіпкердің диагнозы мен білсем – біреу. Танымал болу, даңққа, атақты болуға деген құмарлық Маржанды шектен шығарып жіберген секілді. Жарға жыққан да сол.
Сұлтанбаеваны «әрбір адамның не істеймін десе де өзі біледі, қандай әрекет жасаса да ол өзінің құқы, не сөйлесе де ол оның өзінің аузы» деген сияқты қиянпұрыс көзқарас құртып барады. Қоғамдық пікірді елемеу, өзінің ұлттық, ділдік, адами сипаттарға қияс келуін ескертуіңді тек қызғаныш деген қызыл иттен деп білетін бір пікірді өзіне қорғаныш етіп алу қандай қиын-ақ. Бұл жайтты біз Мақпалдың мақаласы шыққан соң Маржанның әлеуметтік желіде аталған мақаланы да қызғаныш деп санаған пікірінен білдік.
Басқасы басқа, Маржанның өзін «өзінше» ұстауы ешкімнің де қызғанышын туғызатын жайт емес, аяныш туғызатын, байғұс-ай дейтін жағдай. Теледидар тамашалайтын туыс-жақындарымыздан білемін, Маржан эфирге шықса, «мынау қайдан пайда болды?» дейтіндер көп. Тек оны көзіне, өзіне көбі айта бермейді.
Әрине, әркімнің өз таңдауы бар. Бұл жерде ең өкініштісі, Маржанның қайсыбір осыған дейін қазақ қоғамына жат болып келген кейбір жамандыққа бастайтын қылық, сөздерден түрен салушы болып тұрғаны. Ол өзін менталитетті бұза жарушы, жаңаша ойлаушы, креатив иесімін деп ойлап, осы пікірге малданып жүрген де болуы мүмкін. Бірақ қазір елдің есінде қалатын әрекеттер жасаумен ат шығару, жер өртеу, танымал болу түк емес. Бұлай шығарған атына болайын.
Қысқаша, өз ойымды айтуға берілген конституциялық құқымды пайдалана отырып, түйгенім, мәселе – Маржанда емес. Осы тәріздестердің қаулау қаупінде. Аға-көке, әпке-сіңлілердің, жанашырдың бір бып демеуінде. Яғни әлсіздігімізде екен мәселе.
Өзіміз әлсізбіз. Телісі мен тентегін тыя алмаған. Өзгеге не айтамыз?
Пікір қалдыру