Сириялық реттеу жөніндегі халықаралық кездесу (Астана процесі) барысында батыстан келген дипломаттар кездесудің нәтижесін Rixos қонақ үйінің барында отырып күтуге мәжбүр болған деп жазыпты Financial Times. kazinfo.today сайты публикацияны орысшаға аударған болатын. Еліміздің саяси беделіне қатысты дүниенің қазақша нұсқасын «Қамшы» порталы оқырман назарына ұсынады.
«Біз өзімізді ойын-сауық кешке шақырылмаған қонақ ретінде сезінудеміз... Жан-жағымызда не болып жатқаннан бейхабармыз», — депті бір дипломат. «Бүгінгі Таяу Шығыс дипломатиясы Ресейге жіпсіз байланып отыр. Ресей не десе, сол болады» деген сөйлем кездеседі материалда. Ресей, Турция, Иранның қатысуымен өткен келіссөз барысы жабық форматты өткізілді. Басылым журналистері Мәскеу мен Анкараның жақындасуына байланысты АҚШ-тың жиынға қатыспағанын ерекше атап өтті.
Астанаға Вашингтон арнайы өкіл жібермеген. Қазақстандағы АҚШ-тың елшісі дискуссия барысын бақылап отырған. Сириялық оппозиционерлердің біреуі «АҚШ пен Батыс бізге ешқашан шынайы көмек қолын созған емес. Қазір олар қайда, қараңыздаршы? Бұрыштан сығалап қарап отыр» депті.
Наср Харири оппозициясының делегаты болса «Сирияға ықпалы бар мемлекеттер шын мәнісінде белгілі бір нәтижеге қол жеткізгілері келетін сияқты. Сондай сезім туындады» деп сөйледі.
Естеріңізге сала кетейік, 23-24 қаңтар күндері Астана қаласында Сирия Үкіметі мен оппозиция өкілдерінің қатысуымен келіссөз жүргізілген болатын. Ұйымдастырушы – РФ президенті Владимир Путин. Мәселені талқылау барысында Ресей, Түркия, Иран соғысты тоқтату режимін бақылайтын үш жақты механизм құратын болып уәделесті. Бітімге келу режимі 2016 жылдың 30 желтоқсанында хабарланған болатын. Бұл уағдаластықтың террористік ұйымдарға қатысы жоқ.
Кремль болса, Астана процесі сәтті өтті деп баға беріп отыр. Бұл өз кезегінде женевалық келіссөздер процесін жандандыруға сеп болады деді РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.