Көктем мерекесін қытайлықтар отбасымен бірге қарсы алу мызғымас дәстүрге айналған деп хабарлайды 24.kz. Дәл осы уақытта ата-аналары мен туысқандары жастарды сұрақтың астына алып, тезірек отбасылы болуын тілейді. Ал бұл елде тұрмыс құрмаған қыздар саны жылдан жылға артып келеді. Бойжеткендер соңғы жылдары туған-туыстың сөзінен қашып, мереке күндері өзіне серік болатын жігіттерді жалдап алатын болған. Жалданбалы «күйеу балалар» түрлі әлеуметтік желіде өздерін жарнамалап әлек. Жеке дерекке бойын, салмағын, жұмыс орнын көрсетіп, тіпті қыздың ата-анасы үйлену туралы қандай сұрақ қойса да, жауап беруге дайын екендерін ашық жазады. Чжау Юбо көктем мерекесінде үйіне қайтпай, Бейжіңде қалды. Бойжеткендер тарапынан сұраныс бар кезде жалданып, қосымша табысқа кенелсем дейді. Шәй сатып, күнін көріп жүрген бозбаланың қазір телефонына тыным жоқ. Бізбен сұхбаттасу кезінде бірнеше қыз хабарласып үлгерді.
Чжау Юбо, Бейжің қаласының тұрғыны: -
– Үйге қайтқан соң, бір жылдық жаңалықтарымен бөлісу керек қой. Ал үлкендер жағы қашанғы осылай жүресің, тұрмыс құратын уақытың жетті деп жан-жақтан психологиялық қысым жасайды. Осы сұрақтан жеңіл құтылу үшін бойжеткендер уақытша «жігіт» жалдауға мәжбүр.
Қытайдың QQ әлеуметтік желісінде жалдамалы «бойфренд»-ті бір тәулікке жалға алу 600-ден 1000 юаньға бағаланса, мереке күндері 1000-1500 юаньға дейін қымбаттайды. Ары-бері жүрген жолақысы мен басқа да шығынды қыз көтереді. Ойы мен бойы бойжеткен талабына сай болса, келісімшартқа отырады. Туыстары сезіктеніп қалмас үшін ертерек кездесіп, не айтатындарын ақылдасып алады.
Ли Цуэйxуа, Бейжің қаласының тұрғыны:
– Менің ойымша басы бос жастарға тамаша мүмкіндік. Заман талабынан туындаған кәсіптің жаңа түрі сияқты. Жасы келген қыздар үйіне барғанда туыстары тарапынан жеке өміріне қатысты ыңғайсыз әңгімеден құтылу үшін осындай қадамға барады. Әдепті бұзбай, заң шеңберінен шығып кетпесе, мұның еш әбестігі жоқ.
Ван Тянь, Бейжің қаласының тұрғыны:
– Өзін уақытша жалға беріп, өзгені алдауға қарсымын. Кез келген ата-ана баласын тезірек отбасылы болғанын қалайды. Алайда ата-ананы бұлай алдау дұрыс емес. China news жазуы бойынша, әдетте қайын жұртымен танысуға барған «күйеу бала» бөлек бөлмеде жатады. Бұл келісім бойынша рөл ойнап жүрген жастарға өте ыңғайлы. Жігіттерді уақыттша серік етіп жалға алу заңға қайшы емес. Бірақ заңгерлер бұл әрекеттің соңы келеңсіз жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Ал оны мұндай жағдайда дәлелдеу қиынға соғады.
Автор: Нұрбек Бекен