2008 жылдан бастап әрбір екі жылда орталық Венгрияның Бугац қаласында өткізіліп келе жатқан құрылтай кезекті рет биылғы жылдың 7-10 тамызында өтті. Биыл 160 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 10 мыңы шетелдік қонақтар. Аталмыш құрылтай негізінен көне дәстүрлердің сақталу, ежелгі мажарлық және өзге де көшпенді дала мәдениеттерінің қайта жаңару салтанаты, ұлы ата-бабаларды еске алу тойы ретінде өткізіліп келеді. Бүгінгі күні Құрылтай мажарлық дәстүрлерді сақтау мақсатында ұйымдастырылатын ең ірі іс-шаралардың бірі. Ол мажарлықтарға тарихи және мәдени байланыстар арқылы туыс болып саналатын көптеген шығыс халықтарына өз құшағын қуана жаяды. Олар өз тарихын тек жатқа ғана біліп қоймай, онымен мақтанып, үлгі тұтады. Елде тарихи қару жарақтар мен жабдықтарды жасайтын екі өнеркәсіп зауыдтары және жүздеген шеберханалар жұмыс істейді. 2012 жылы Венгер делегациясы ата-балаларының рухына тағзым етіп, бүгінгі күні Мәдиярдың ұрпақтары тұратын Қостанай облысының Жәнгелді ауданының Саға ауылына «Өмір ағашы «Бәйтерек»» монументін орнатқан.
Құрылтайға қатысушылардың көбісі өзін тұрандық, яғни көшпенділердің ұрпағы ретінде танытады ұлттық нақыштағы киім мен жабдықтарда болды. Тұран халықтары құрылтайының өзге құрылтайлардан басты ерекшелігі түркі халықтарының басын қосуды көздейтіндігінде. Қазақстанның бұл Құрылтайға қатысушылар Опустер Ұлттық тарихи мемориалдық паркі ішіндегі саяхатқа қатысып, Бугац қаласының маңында «Аттила» киіз үйінің ашылу салтанатын, «Шығыс құйыны» шайқасының көрсетілімін, Құрылтайдың концерттік және ат үстіндегі спорт бағдарламаларын тамашалады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Венгриядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Будапештте "Varosliget" саябағындағы Астана көшесінде орналасқан Абай Құнанбайұлының мүсініне гүл шоғын қойды. Baq.kz сайты аталмыш құрылтай туралы толықтай жазып фотобаян жариялады. Тұран халықтары құрылтайынан фото естеліктерді назарларыңызға ұсынамыз.
Қамшы-ақпарат





















