БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша инвестициялық кіріс 2016 жылы 531 миллиард теңге болғаны белгілі болды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ғалымжан Пірматов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz
2016 жылдың қорытындысы бойынша зейнетақы активтері бойынша инвестициялық кіріс 531 миллиард теңгеге жеткен. Өткен жыл бойы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша орташа алынған ай сайынғы кіріс 44,3 миллиард теңге деңгейінде болған.
Сондай-ақ, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары 2016 жылғы 12 айда зейнетақы активтерінің 848,7 миллиард теңгеге, яғни, 6,7 триллион теңгеге дейін ұлғайғанын атап өтті,
Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша "БЖЗҚ" АҚ салымшыларының зейнетақы жинақтары 6 685,3 миллиард теңге болды. "БЖЗҚ" АҚ құрылған сәттен бастап сақтандыру ұйымдарына аударымдарды қоса алғанда, салымшыларға төленген зейнетақы төлемдерінің көлемі 410,6 миллиард теңге болды.
Сонымен қатар, Ғалымжан Пірматов инвестициялық кірісті есептеу күн сайын жүзеге асырылатынын хабарлады. Оның шамасы мынадай қаржы құралдары - облигациялардан, депозиттерден және акциялардан тұратын инвестициялық портфельдің құрылымына байланысты болады. Сондай-ақ, тәуекелдерді төмендету мақсатында зейнетақы активтерінің бір бөлігі шетел валютасында шығарылған бағалы қағаздарға инвестицияланған.
ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңында салымшы зейнетақы төлемдеріне құқықты иеленген кезде инфляцияның деңгейін есепке ала отырып, нақты енгізілген зейнетақы жарналарының (міндетті, міндетті кәсіптік) сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдік көзделгенін де еске салды.
Айта кетер болсақ, соңғы кездері жинақ қордағы ақшаның орынсыз жұмсалып жатқаны туралы әңгіме көптеп тарады. Еске салайық, 2016 жылдың 21 желтоқсанынан бастап ҚР Ұлттық банкінің қатысуымен "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" Акционерлік қоғамының қызметіне тексеріс жүргізілген болатын. Ал 9 қаңтарда БЖЗҚ басшылығы қамауға алынған болатын.