DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Медициналық қызмет көрсету. ҚР Денсаулық сақтау жүйесі» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 1937 адам қатысты. Әйелдер – 82%, ер азаматтар – 18%. Іріктеу ықтималдығы 90%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 0,97%-дан аспайды.
Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама. Зерттеу 2016 жылы 21-30 желтоқсан аралығында жүргізілді.
Қазақстандықтар медициналық қызметтерді ақылы пайдаланаудан бас тартпайды. Халықтың 51%-ы тұтынушылардың қалауынша ақылы және тегін қызметтерді енгізуді дұрыс дейді. Қазақстан медицинасына бес балдық жүйе бойынша «үш немесе одан төмен» деп баға берген қазақстандықтар – 65%.
Басқа аймақтарға қарағанда Алматы мен Солтүстік Қазақстан тұрғындарының көбі медицина сапасын нашар дейді. Бұл пікірді 38% алматылықтар мен 36% солтүстік қазақстандықтар білдірді. Жалпы, денсаулық сақтау жүйесін «өте жақсы» деп бағалағандар небәрі – 2,5%. Сондай-ақ, 10,5% респонденттер елімізде медицина саласында болып жатқан бірнеше жағымды жаңалықтарды атап өтті, бірақ соңғы уақытта нашарлап бара жатқанын мойындау керек дейді.
Сауалнама барысында еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі мәселелер жайлы қазақстандықтардың көзқарасы сұралды. Жауап берген азаматтардың 61%-ы білікті мамандардың жетіспеушілігі, медициналық білімнің төмендігі және мықты мамандардың шет елдерге қоныс аударуы деп жауап берді. Сондай-ақ, медицина саласы қызметкерлері жалақыларының аздығын негізгі проблемалар қатарына жатқызғандар – 14%. 10% респонденттер дәрі-дәрмектер жетіспейді әрі өте қымбат бағамен сатылады деп шағымданды. Сонымен қатар, медициналық мекемелердегі жемқорлық пен емханалардың жеткілікті деңгейде техникамен жабдықталмауын 4% азаматтар атап өтті.
Денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерге байланысты, кейбір азаматтар дәрігерлер көмегіне жүгінгенше, өз бетінше емделгенді жөн көреді. Нақты айтар болсақ, 23% респонденттер «таныстарымның кеңесіне, халық еміне және интернеттегі ақпаратқа жүгінемін» деп жауап берді. Бұл жауапты таңдағандарың көбі 60-69 жас аралығында. Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының көбі осы жауапты таңдады.