Ақын-ұстаз, әлеуметтік желіде белсенді блогер Аятжан Ахметжанның 30 жасына үш үлкен кітабымен есеп бергені туралы хабарлаған едік. Ол сондай-ақ тағы бір кітабын баспадан шығаруға дайындап жатқанын жазған. Аятжан Ахметжан 30 жасында шығарған кітаптарын тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаған.
Аятжан Ахметжан оқырманды кітаптарының тұсаукесеріне шақырады. 3 ақпан күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың мәжіліс залында Аятжан Ахметжанның кітаптарының тұсаукесері өтеді. Тұсаукесерде «Мінез» атты жыр жинағы, «Ұлт болам десең...» сұхбаттар мен мақалалар жинағы һәм өзінің мамандығына байланысты 8 сынып мектеп оқушыларына арналған «Химиядан есептер мен жаттығулар жинағы» таныстырылады.
Оқырман назарына таныстыра кетсек, Ахметжан Аятжан – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасының иегері, жоғары санатты химия пәні мұғалімі, химия ғылымдарының магистрі, Қазбілім (kazbilim.kz) порталының бас редакторы, ақын. Блогер. 1986 жылы 18 шілдеде ҚХР, ШҰАР, Мұңғұлкүре ауданы, Ағаяз ауылында туылған.
2011 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаратылыстану ғылымдар факультетінде Химия бакалаврын тамамдаған; 2015 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқуын жалғастырып, Химия ғылымдарының магистрі болды.
Оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы; Республикалық, облыстық, қалалық ақындар айтысы жеңімпазы;
Республикалық, облыстық, қалалық мүшәйралар жеңімпазы;
2010 жылы «ЕРКІМЕ КӨНШІ, ЕЙ, ӨМІР» атты жыр жинағы жарық көрген;
Ғылыми – сараптамалық және публицистикалық мақалалары, өлеңдері мерзімді, мерзімсіз басылымдарда үздіксіз жарияланып тұрады;