ПУТИН ЕШҚАШАН СТАЛИН БОЛА АЛМАЙДЫ

/uploads/thumbnail/20170708153457272_small.jpg

Кезінде Сталиннің  Шығыс Түркістан Республикасына (Шыңжаңда)  істеген саяси ойынын, дәл қазір Путин Украинаға істеп отыр десем, қателеспеймін.

Фашистік Германияның тегеурінді соққысынан есеңгірей бастаған Сталин Шығыстан төніп тұрған Жапония қаупінің алдын қалай алу туралы бас қатырып тұрғанда, Шыңжаңдағы билік басына өзі шығарған милитарист Шың Шысай тосын мінез көрсетіп, 1942 жылдың басынан бастап антисоветтік бағыт ұстанғандығын  ашық жариялап, Сталиннен теріс айналады. Шың Шысайдың коммунизмді жақтау мен Кеңестер одағына адалдығы жай ғана көз бояу үшін қажет болған. Ол сондықтан да   неміс армиясы Мәскеуге төніп келген тұста жалт беріп, Жаң Қайшы үкіметі жағына шығып кетті де,  бұған дейін жүргізіп келген саясатын «Менің коммунизмді жақтаудағы қателіктерім» деген мәлімдемесімен ақтауға тырысты. Ол үшін бір қатар қатаң шаралар қолданып өзін Гоминдаң өкіметіне адалдығын білдірді. Өзі шақырып әкелген Шыңжаңдағы қытай коммунистері мен демократ күштерді ұстап, жаныштауға белсенді кірісті. Сонау 30 жылдары әр түрлі жолдармен Шыңжаңға жіберілген Кеңестік мамандар мен жұмысшы, әскери бөлімшелерді үш ай ішінде шығып кетуге бұйрық береді. Сталин Шың Шысайды райынан қайтару үшін барлық дипломатиялық амал-айлаларды қолданып көреді. Бірақ онысынан түк шықпайды. Сталин геосаяси жағдайды сараптай келе, Шыңжаңдағы өз ықпалын қалпына келтіру үшін барлық шараларды қолдануға бұйрық береді. Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр т,б ұлттардың  қытай билігіне қарсы іс-әрекеттеріне дем беріп, Шың Шысайдың түрмелерінен қашқан, қуғында жүрген адамдарды Алматы, Ташкент қалаларында арнайы лагерлерде дайындап, қайтадан Шыңжаңға жіберіп отырды. Осылайша, осы жасырын ұйымдар Шыңжаңда Әлихан төренің бастауымен 1944 жылы 17 тамызда  құрбан айттың бірінші күні Нылқы ауданының,  Ластай деген жерінде Акбар батыр Есбосынұлының бастауымен партизандар соғысы бұрқ ете түседі. 7 қарашада Әлихан төре бастаған астыртын ұйым мен партизандар дер кезінде сәйкесіп әрі Совет жағынан шекарадан өткен қарулы күштердің қолдауымен Құлжа қаласын азат етіп, Шығыс Түркістан өкіметін құрады. Өкімет басшысы болып Әлихан төре, орынбасарлығына Әкімбек қожа мен қазақ төресі Әбілқайыр сайланады. Содан кейін әр жерде жүргізіліп жатқан партизандық қозғалысқа бір тұтас басшылық ету мақсатында  «командалық штаб» құрды. Оның бас қолбасшысы болып Совет өкіметі арнайы жіберген генерал Петр Александров тағайындалады. Міне, осылайша, бірнеше айдың ішінде Шығыс Түркістанның 300 мың  шаршы километр аумағын алып жатқан Іле, Алтай, Тарбағатай аумағын қытайлардан толық азат етіп, мұздай қаруланған ұлттық армия отаршыл өкімет орталығы Үрімжіге 120 км жердегі Манас өзені бойында 1945 жылы тамыз, қырқүйек  айларында шеп құрып, бұйрық күтіп жатады. Ол кезде ұлт азаттық күрестің толықтай жеңіске жетуіне кедергі боларлық күш Шыңжаңда да, үлкен Қытайда  да мүлдем жоқ болатын. Жеңіс дабылы соғу сәтін күткен Шығыс Түркістан халқының төбесінен жай түскендей  қайғылы оқиғалар аяқ астынан шыға келгендей болды. Бірақ, бұл Орыс пен Қытай өкіметі үшін тарихтың қалыпты үкіміндей бір кезекті шегініс ғана еді. Ең алдымен ұлттық армияның барлық бағыттағы шабуылдары Мәскеудің бұйрығымен тоқтатылып тастады. Себебі, ұлттық армияның нақты қолбасшысынан бастап орта буын офицерлеріне дейін кеңес қызыл армиясының офицерлері еді. Бұл бұйрықтан Шығыс Түркістан республикасының төрағасы, ұлттық армияның бас қолбасшысы Әлихан Төре мүлде хабарсыз еді. Шын мәнісінде бұның бәрі Мәскеудің Құлжадағы консулдығы басшыларының қолымен өте құпия түрде ойналып жатқан ойыны болатын. Олар алдымен Совет одағының Нанжиңдегі бас елші Петров Қытайдың сыртқы істер министріне нота жолдайды. Онда Шыңжаңдағы аз ұлттардың қытайдан бөліну ниеті жоқ, олар тек жергілікті билеушілердің езгісіне қарсы көтерілгенін, енді өздеріне автономия  құқығын берулерін сұрайтынын, егер Қытай өкіметі қаласа біз ара ағайындық жасап берейік дейді. Дәл, осы мазмұндағы сөзді 1945жылы 30 желтоқсанында Жаң Қайшының ұлы Жаң Жүңгоны қабылдау кезінде Сталин былай дейді: «Қытайдың ішкі ісіне араласпайтынымызды мәлімдей келе, ... егер Жаң Кайшы қаласа, Совет өкіметі көтерілісшілермен келіссөз жүргізе алатынын, Кеңес өкіметі ара ағайындық қызмет көрсетуге дайын екендігін» мәлімдейді. Осылайша осыдан бір жыл бұрын ғана Әлихан төреге қажет болса Шығыс Түркістан тәуелсіздігі жолындағы күресті толық жеңіске жеткенге дейін көмегін аямауға Кеңес өкіметі берген уәде желге ұшты да кетті. Сталинның неге бұлай істегенінің ұшы қиырына жету мүмкін емес. Соларды жинақтай келгенде Шығыс Түркістан Ислам республикасының құрылуы орталық Азиядағы отар республикалардың болашағына қауіп төндіреді деп қарағанын байқаймыз. Әрі Шығыс Түркістанды қытайдың қол астына беру арқылы сыртқы Моңғолияның егемендігін қытай өкіметіне мойындауға  мәжбүрлейді. Осылайша Қытай өкіметі мен Шығыс Түркістан басшылары арасында «11 тармақты бейбітшілік шарты» қабылданып, «Шығыс Түркістан Халық Республикасы» деген атау күшін жойғанын мәлімдеді. «Келіссөз» айтарға, көрініске ғана керек бір спектакль ойыны болған. Бұл туралы Шығыс Түркістан республикасының көзі тірі бас хатшысы Әбдраул  Мақсұм(2005жылға дейін) өкінішпен еске алып: «Әлихан төре басқарған ресми өкімет 9 айға созылған жалған «Келіссөздің» мазмұны жөнінде бірде бір рет отырыс өткізіп, алқалы топ алдында талқыламаған», -дейді. «Келіссөзді» Москваның арнаулы өкілі – Владимир Степанович Козлов деген жүргізді деуге болады. Ол Ахметжан Қасыми бастаған делегация Үрімжіге аттанарда қолдарына дап-дайын «Келіссөз шарттарын» ұстата қойды. «Келіссөз тұйыққа тірелгенде», Құлжаға қайтар алдында «Келіссөз» барысы жазылған барлық құжаттарды папкасына салған Владимир Степанович әлде бір жаққа ғайып болды. Бұл жағдай табаны күректей 8 айға созылады. Артынан Әбілхайыр төрені Құлжадан алдап алып шығып шекарадан өткізіп Алматыға, одан Ташкент қаласына апарып, сол кездегі Өзбекстан компартиясының бірінші хатшысы Осман Юсуповтың қала сыртындағы саяжайында бір жыл тергеуде ұстайды. Ол артынан өмір бойы мырза қамақта ұсталып, 1976 жылы 91 жасында Ташкентте қайтыс болады. Ал, Шығыс Түркістан республикасының қалған басшыларын, 1949жылы 1 қырықүйекте Пекинде өтетін Қытайдың халықтық саяси мәслихат кеңесінің 1 мәжілісіне Мау Зыдұң шақыртуымен қатысасыңдар, сонда Шыңжаң мәселесі шешіледі деген шақырумен  Ахметжан Қасими, Ысқақбек Момынов, генерал Дәлелхан Сүгірбаев бастаған сегіз адамды арнайы жабдықталған машинамен алып кетеді. Артынан Кеңестік Иркутск қаласы маңында апатқа ұшырады деген дақпырт таратып, оларды жоқ қылды. Шын мәнінде Ахметжан Қасыми бастаған ел ағалары мінген машина 23 қыркүйек күні Алматыға келеді, 25 қыркүйек Мәскеуден Сталиннің атынан сөз сөйлей алатын орыс генералы Ахметжан Қасымилар мен «Шыңжаң мәселесін қалай шешу» турасында  ұзақ айтыс-тартыс басталады. Ақыры айтқанына көндіре алмаған соң, Мәскеудің бұйрығы бойынша Мәскеуден арнайы келген Василий Антонович Борисов Ахметжан бастаған Шығыс Түркістан делегациясын ұшаққа мінгізіп, Бейжіңге емес Мәскеуге апарып, 27-ші қыркүйек күні Мәскеудің Лубянское түрмесінде НКВД баскесерлері қастандықпен өлтіріп тастайды. Совет өкіметі Қытай өкіметімен қызыл армиясының Шыңжаңға тез жеткізіп орнықтыру үшін, транспорттық, материалдық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету жауапкершілігін толықтай өз мойнына алады. Осылайша Шығыс Түркістандағы ұлт азатты  көтерілісті Сталин өз қолымен бастап, өз қолымен аяқтайды. Сондай-ақ, Шығыс Түркістан мен  Қытай өкіметіне қысым жасау арқылы сыртқы Моңғолияның  егемендігін еріксіз мойындатып алады.  Дәл қазір, Путин да осы ойынды жалғастыруда. Украинадан Қырымды тартып алды, енді Қырымның Ресейдің толыққанды территориясы екендігін мойындату үшін Украинаның шығысындағы орыстар басым тұратын облыстарда бүлік ұйымдастыру арқылы, Украиндықтарды Қырым жайлы ойлауға мұрсасын келтірмей, еріксіз айтқанына көндіруге күш салуда. Бірақ, біріншіден, Путин, Сталин емес қой.  Екіншіден, ол замандағы геосаяси жағдай мен қазіргі жағдайды мүлдем салыстыруға келмейді. Үшіншіден, кезіндегі Кеңес одағы мен қазіргі Ресейдің күш қуатын  салыстыруға тағы да келмейді.  Төртіншіден, Қытайдың бодандығындағы Шығыс Түркістан мен Европалық өркениетке орыстан гөрі бір табан жақын егеменді Украинаны салыстыру тіпті қисынсыз. Сонда Путиным ойнаймын  деп, ойыны осыла ма, әлде, ойын түбінен от шығарып тына ма, білмеймін. Бір білерім, Путин – бұл ойында ешқашан Сталин бола алмайды.

Азат Азамат

Қатысты Мақалалар