«Қазақстан» телеарнасы 2017 жылғы 24 ақпан күні қазақстандықтардың көңілінен шыққан «Келін» хикаясының көрсетілімін аяқтайды», - деп хабарлады телеарна сайты.
«Кішкентай Анандидің өмірінен сыр шерткен хикая бес жылдың ішінде біздің көрермендеріміздің назарынан тыс қалған жоқ. Телекөрермендер жергілікті салт пен дәстүрге сәйкес тұрмысқа ерте шыққан және бөтен отбасыға келін болған кішкентай қыздың тағдырына бейжай қарай алмады. Өзінің еңбекқорлығының, төзімділігінің және үлкендерге деген құрметінің арқасында Ананди қайын жұртына тез сіңіп кетеді. Бұл қасиеттерінің арқасында қазақ көрермендерінің де көңілінен шығады», - деп жазылған мәлімдемеде.
Басқасын қайдам, «Келін» телехикаясы соңғы бес жылдың ішінде рейтингі жоғары теленовеллалардың қатарында болыпты.
«Осы жылдардың ішінде хикаяда бас рөлдерді сомдаған актерлар да бірнеше рет ауысты. Бала кездегі және бойжеткен Анандидің ролін үш актриса: Авика Гор, Пратюша Банерджи және Торад Распутра сомдады.
2014 жылы Астанаға Авика Гор, ал 2015 жылы Анандидің жұбайының рөлін сомдаған Сиддхартх Шукла (Шива) келген болатын. Әрбір кездесуге мыңдаған жанкүйерлер қатысты.
«Қазақстан» телеарнасы «Келін» хикаясының көрсетілімін аяқтай отырып, көрермендеріне бұдан да қызықты телехикаялардың көрсетілімін ұсынатын болады», - деп аяқталған телеарна таратқан хабар.
Есімізде, телехикая алғаш басталғанда кәмелетке жаңа толған қыз Ананди білімнен мақұрым қалып, әлдебір отбасының келіні болып кете барған. Қатал әже, қараңғы отбасы, еркетотай күйеумен кішкене қыздың айқасы басында қызық көрінген. Алайда, фильм созылып кетті, созылғанда ұзағынан ұзақ созылды. Болмашы оқиғаны дабырайтып, құлаққа өте тұрпайы музыкаларын даңғырлатып қазақтың «миын 5 жыл» ашытты.
Анандидің ролін сомдаған қыз Қазақстанға келіп, осы телехикаяны тарататын арнадағы «Түнгі студиядаға» қонақ болғанда қазақтың әлдебір қатындары олардың бас аяғына сөлкебай мен алтын жүзігін асып күйдіріп еді-ау.
«Келін» телехикаясы басқасын қойғанда қазақ әйелдерінің қаншама алтын уақытын ұрлады. Әр бөліміне кеткен уақытын әйелдеріміз басқа іске арнаса әлбетте нәтиже басқа болар еді.
«Басқа да қызықты телехикаялар» деп қойып он жыл бойы бітпейтін одан да сорақы телехикаяны көрсетпесе игі. Осы телехикаяның әр бөлімін аударып, дубляж жасауға кеткен ақшаға қазақтың ауылдарынан бір баланы 11 жыл оқытуға ақша бөлуге болар еді. Бес жылда үш мыңнан астам балаға қамқорлық жасауға болар еді. Жақсы мектеп салуға болар еді. Олай болмады.
Дәл қазіргі күні басшысы жоқ телеарнаға айтар уәжім ендігәрі «ми ашытатын» шеттің дүниесін аударумен емес, «ми сергітіп» сананы оятатындай өз өнімдерімізді дайындаса жақсы болар еді.
Ақан Бектас