Елдің тағдыры оның салт-дәстүрі, діні, өнері, тарихы осының барлығы біртұтас ел болып қалыптасудағы әрбір азамат пен азаматшаларды толғандырар мәселелердің бірі де бірегейі екені анық.
Мен де өз елімнің мұңын мұңдасып, қазіргі таңдағы үлкен талқыға айналған діни экстремизм жайлы өз ойымды білдіру үшін қолыма қалам алдым...
Ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында тіліміздің, асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Халқымыз дербестікпен бірге дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы Қазақ елінің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан айнымағандығын білдіреді. Үстінде айтқанымдай тіл мен дін елдің құндылығы, бар байлығы. Осы уақытқа дейін қаншама өрескел қателіктер мен жаппай орыс тілінің күшеюінен тұншыққан тілді де ойлайтын зиялы қауым табылып, ақыр соңында тілдің де жағдайы едәуір сатыға көтеріліп еді. Сол заманда өз тілі тұрғанда өзге тілді міндет қылатын жандар да жоқ емес тұғын. Ел болғасын ондай да мәселелер болатын шығар деп ойлайсың да, әртүрлі пікірмен терең ойда қаласың. Ал, қазір мені тек тілдің жайы ғана алаңдатпайды. Қазақ еліне тіпті бүкіл әлемге ауыр қасірет алып келген діни экстремизм (терроризм) елдің дамуын, біртұтастығын көңілдегідей етуге дес бермей отырғаны рас. Мұндайда әрекетсіздік бел алса, онда тарихтың тегеуріні біздің тоз-тозымызды шығарары анық. Себебі, қаншама ата-бабамыздың асыл мұраты орындауға шақ қалғанда өз ішімізде мұндай ахуалдың белең алуы біз үшін де жақсы емес. Бүгінгі дүние дидарынан қазақ елінің өзіндік орнын сезіну едәуір қиындыққа соқты, десек те ата-бабамызда әрдайым ұлт қасиетін жоғалтпаудан артық мақсат болмады.
Алайда, ұлт жадынан ұмытыла бастаған имани құндылықтарды қайта жандандырудың реті келді ме деп те ойлаймын. Бұл тұрғыда қазақ қоғамына ешкім тыңнан жаңа дүние әкеліп жапсырып жатқан жоқ. Бар болғаны кезінде баһадүр бабаларымыз салып кеткен, кейіннен көмескі тарта бастаған соқпақтың сүлдерін тауып, соны қайтадан сара жолға айналдырып жатқаны. Мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу.
Қазақтар үшін исламның рөлі недәуір және мұны түсіну ұлттық санамыздың маңызды мінездемесіне айналған. Бұл әсіресе осынау ұлы да гуманистік діннің рөлі мен мәні ұзақ жылдар бойы бұрмаланып келгеннен кейінгі жерде өте маңызды. Сонымен бірге діннің ұлтты бірегейлендірудің бүгінде пәрменді тәсілі емес екенін айқын ұғыну керек. Оған айқын көзіміз жетіп те жүр. Діннің құндылықтарын жете түсіндіреміз деп жүріп жас жеткіншектердің басқа ағымға қалай, қандай жолмен кетіп қалатынын аңғармай да қаламыз. Оған себеп біреу – діни сауаттылықтың болмауы.
Әрине, демократиялық ел атанғасын он жерден дінді құрметтегенмен, оның қағидаларын «миға шегедей сіңіруге» құқымыз жоқ. Сонда маған мынадай сұрақтар ойыма келеді. «Онда миллиондаған тұрмыс тапшылығына тап болған немесе басқа дінді міндет қылатын, елінің абыройын ойламайтын адамдардың рухани сезімін қалай оятуымыз қажет? Адам өзінің болмашы бір бұранда емес, рухани дербес тұлға екенін сезіну керек қой. Оның да өткенге деген өз көзқарасы, ең бастысы, ұлттың рухани ертеңін жасауға деген жауапкершілігі болуы шарт емес пе?» Бұл тек менің ғана емес, барлық елін сүйген жандардың, діни салада жауабы біраз деңгейде жатқан сұрақ деп ойлаймын. Шешімі әлі күнге дейін белгісіз осындай мәселелердің болашақта көзі ашық ұрпақтың басына түспесе деп армандаймын.
Осы орайда Н. Назарбаевтың : «Дін өздігінен өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңеге үйретпейді. Жалғыз-ақ бізге қауіп төндіріп тұрғаны, діни білімдеріміздің деңгейі онша жоғары болмай отырғаны» деп айтқан сөзін үнемі жанымызға ту ғып алып жүрсек, артық болмас еді деп айтар едім. Шынымен де, оның ішінде басты қауіп діни сауатсыздардан келіп жатқанын айқын көріп біліп жүрміз. Жалған түсініктер, әртүрлі адамдарды арбайтын жарнамалар, әр адамның теріс пиғылда уағыздауы осының барлығы санасы жаңа ғана жетіліп келе жатқан мына біздей жас ұрпаққа ауыр соққы болары анық. Келешекте де мен достарыма, барша мұсылман бауырларыма тек өзіміз анық білетін нәрселерді қолдауын өтінер едім. Осының өзі еліміздің дамуына аз да болса үлесіміз деп білемін. Себебі, жарқын болашақ мына біздің қолымызда. Алдағы уақытта да Жаратқаннан Алаш жұртын іргелі ел етіп, ынтымақ-бірлігі мен имандылығын арттыруын ғана
сұраймын.
Рысқалиева Балнұр
11- сынып оқушысы