Мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі – қоғамның дамуына жағдай жасаушы басты фактор екені анық. Алайда бүгінгі таңда әлемдегі діни ахуалдың өзгеруі қазақстандық қоғамның дін саласында сан түрлі діни ағымдардың пайда болуына алып келді. Өз кезегінде, теріс пиғылды ағымдардың көбеюі мемлекет азаматтардның радикалдық діни идеялардың ұстанушысына айналу ықтималдығын жоғарылатты.
Дәстүрлі емес діни ағымдардың ішіндегі салафизм ерекше орын алады. Деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда салафизм идеологиясын ұстанатын 17 мың адам бар деп есептелінеді. Салафизм ағымының мүшелері Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мәзһабына, қазақ мәдениетіне жат фундаментализмге негізделген көзқарасты ұстанады. Қазақстандық жастардың радикалды идеологияның арбауына түсуінің бірден-бір себебі діни сауатсыздық болып саналады. Дәстүрлі діни танымның қалыптаспауы, ашық интернет кеңістігі мен жат ағым өкілдерінің уағыздары жастардың діни танымының теріс бағытта қалыптасуына алып келеді.
Дәстүрлі емес теріс діни ағымдармен күрес жолында, әрі халықтың діни сауаттылығын арттыру бағытында елімізде Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы (РАТТ) жұмыс жасайды.
Дәл осындай 300-ден астам ақпараттық-түсіндіру топтары барлық өңірлерде әкімдіктердің жанында жұмыс істейді. 2016 жылы республикалық және өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының күштерімен еліміздің барлық өңірлерінде 20 мыңнан астам кездесулер, дөңгелек үстелдер мен әртүрлі форматтағы басқа да тікелей іс-шаралар өткізіліп, онымен 1 миллион 600 мыңнан астам адам қамтылған.
Жалпы, тұрғындардың кең тобын қамтитын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының пәрменділігіне өте жоғары баға беруге болады.
Министрлік жалпы профилактика шеңберінде тұрғындарды радикалдық діни ағымдардың теріс идеяларынан сақтандыру мақсатында ақпараттық материалдар, мақалалар мен сұхбаттар әзірлеу және оларды БАҚ-та орналастыру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізуде.
Бұл бағытта мемлекеттік органдармен бірге діни бірлестік өкілдері де белсенділік танытып келеді. Атап айтқанда, 2013 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, халыққа дәстүрлі исламның құндылықтарын жеткізу мақсатында түсіндіру жұмыстарымен айналысатын Республикалық ақпараттық-насихат топтарын (РАНТ) құрды.
Жат ағымдардың таралуының алдын алу мақсатында жұмыс істеп отырған ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстары мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне, түзету орындарында жазасын өтеушілер мен әскерилерге, ЖОО студенттеріне және мешіт жамағатына жүргізіліп, тұрғындардың, дін саласындағы мәселелер бойынша сауатын көтеруде үлкен рөл атқарып отыр.
Қазіргі кезде РАНТ құрамында 33 маманнан тұратын 6 топ, ал ЖАНТ құрамында 295 маманнан тұратын 78 топ жұмыс жасайды.
2016 жылы Ақтөбе облысында өткен «Халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету» жобасында ҚМДБ тарапынан РАНТ-тың 28 маманы халық арасында жүргізілген ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстарға белсене атсалысты.
Діни сауаттылығы жоғары азаматтардың көбеюі халықтың жат пиғылды діни ағымдардың жетегіне түсіп кетпеуіне септігін тигізе отырып, қоғам тұрақтылығының сақталуын қамтамасыз етеді. Қазақстан үшін дәстүрлі ислам дінінің ханафи мәзһабын түсіндіру, оны қазақ мәдениетімен сабақтастыра білу білімі өте жоғары дінтанушы-теолог ғалымдар мен дін қызметкерлерінің араласуымен шешілетін мәселе.
Қазіргі кезде ҚМДБ құрамында 718 (19 %) жоғары білімді, 1033 (27 %) орта білімді, 1786 (54 %) діни қызметкерлер бар деп көрсетіледі. Ал діни білім беру мекемелерінде барлығы 2568 маман дайындалып жатыр. Оның ішінде «Нұр Мүбарак» университетінде – 1035, медреселерде – 1234, қарилар орталығында – 300 шәкірт бар деп есептелінеді.
Жоғарыда келтірілген көрсеткіштер Қазақстанда жоғары білімді мешіт қызметкерлерінің үлестік саны аз екендігін айғақтайды. Бұл ретте, діни қызметкерлердің сауаттылығын арттыру курстарын көптеп ұйымдастыруды қолға алуды қажет етеді. Осы ретте, имамдардың діни және зайырлы білімін ұдайы жетілдіріп отыру, тиісті тексеру аттестацияларын ұйымдастыру діни бірлестік тарапынан жақсылап қолға алынуы тиіс.
Радикалды, деструктивті діни ағымдармен күресте сапалы кадрлар дайындау ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапалы болуын қамтамасыз етеді.
Ибадуллаева А.А. ҚР ДІАҚМ ДІК «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы» РММ Исламды зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері.