5 жылдан бері наурыз мерекесін тойлап келе жатқан «Қызай ана қоры» наурыз мерекесі қарсаңында жыр мүшайрасын жариялады деп хабарлайды «Қамшы» порталы. Бұл туралы қордың төрағасы, ұйымдастырушы Базарәлі Әріпұлы айтты.
«Қызай ана қоры» соңғы бес жылда Талғар ауданы Өстемір ауылында наурыз мерекесін тойлап, халықты наурыз дастарханына шақырып келеді. Жыл сайын Наурыз көжемен қатар, салт-дәстүрді айшықтайтын сахналық қойылымдар, ұлттық ойындар, күрес сияқты ұлттық спорт бәсекелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Қор Наурыз тойын өткізіп қана қоймай студенттерге степендия, мектептегі тұрмысы төмен балаларға көмектер ұйымдастырады.
«Қызай ана қоры» былтырдан бері наурыз тойы қарсаңында жыр мүшайрасын да ұйымдастыра бастады. Биыл да наурыз мерекесіне бір ай уақыт қалғанда қор мүшайра жариялап отыр. Мүшайраның мақсаты: Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін ұлықтаумен бірге бүгінгі жастарымызға Алаш рухын дәріптеу. Қызай ананың тұлғалық, кісілік келбетін айшықтап, жастарға өнегесін көрсету.Мүшайраның жүлде қоры: Бас жүлде 200 мың, бірінші орын 150, екінші орын 100, 3- орын 50 мыңды құрайды.
Мүшайраның шарты:
1. Алашорда үкіметі туралы патриоттық өлең;
2. Қызай ананың кемеңгерлік тағлымды өмірі мен ана болмысына арналған өлең;
3. Еркін тақырыптағы өлең.
4. Қатысушылардың жас мөлшері 35-тен аспауы қажет. Ақындардың өлеңдері «Әдебиет порталында» жарияланады. Оқырман пікірін ескере отырып, әділ қазылар жүлдегерлерді анықтап, ақпарат құралдарында жариялайды.
Жеңімпаздар 23 Наурыз күні сағат 11-де Алматы облысы, Талғар ауданы, Өстемір ауылында өтетін Наурыз мерекесінде ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Өлеңдерді 15 наурызға дейін «Әдебиет порталының» электронды поштасына өзінің мекен-жайын, телефон нөмірін қосып жіберуі керек. Ескерту: Жеңімпаздардың жол шығыны өз есебінен болады.
Электронды пошта: adebiportal@gmail.com Телефон: +7 (7172) 79 82 12, 8 775 126 34 46