ИСПАНИЯ ТАНЫҒАН ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ – ҰЛЫ АБАЙДЫҢ АУЛЫНАН СЕРВАНТЕСТІҢ САРАЙЫНА ДЕЙІН

/uploads/thumbnail/20170709211901084_small.jpg

10 ақпан күні Испанияның Мадрид қаласында ««Қазақ поэзиясының анталогиясының» тұсаукесері өтті. Кітапқа өлеңдері кірген 10 ақын Испанияға арнайы барып, аптаға жуық уақыт испан халқымен, мәдениетімен танысып қайтты. Олардың арасында аға буын ақын, Алмас Ахметбекұлы да болды.

«Қамшы» тілшісі Испаниядан кеше ғана оралған Алмас Ахметбекұлын сөзге тартып, жолсапар естелігін жазып алды.

Құрметті Алмас Ахметбекұлы, Испанияда «қазақ поэзиясының мейрамы» болды деп естіп жатырмыз. Арнаулы барып, ат шалдырып қайтыпсыз? Испания сізді қалай қарсы алды?

- Ең әуелі Қазақ шайырларын испанша сөйлеткен Испан Пен-клубының бас хатшысы, Неополитан және Малларме Париж академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа ақындары фестивалінің негізгі құрылтайшысы, аталмыш антологияның әдеби аудармасын жасаған Хусто Хорхе Падрон ​ есімді испандық ақын.   Ол Испан еліне өте танымалы екен. Оны әспеттеушілердің айтуынша Испанияның бірінші ақыны саналатын көрінеді. Латын Америкасында Испан тілі негізгі тіл ғой. Сондықтан ол кісі Испания ғана емес Латын Америкасында да аса танымал екенін білдік. Испан тілі тек Испанияның ғана емес, көп елдің қолданыстағы тілі. БҰҰ-ның ресми 6 тілінің бірі. Әлемде ең көп қолданылатын төртінші тіл.

Испан жұрты қазақ тіліндегі поэзия туралы бұрын көп біле бермеген. Падрон мырза өзі Қазақстанға келіп, біздегі ақын-жазушылардан сұхбат алып, Абаймен, Қасыммен, Міржақып және Мағжанмен танысып, кейінгі жастарымызды көріп, қазақ әдебиетімен танысып қазақ поэзиясына ниеті ауған көрінеді. Біздің Испанияға баруымызға түрткі болған әне сол Падрон мырзаның қазақ поэзиясына деген қызығушылығы.

Өлеңдеріңіз өздеріңізден бұрын Испанияға жеткен болып тұр ғой?

Падрон француз тілінде де оқиды екен. Бізде Алматыдағы шет тілдері институтын бітірген ақындар бар. Француз тілінде бітірген Танакөз Толқынқызы, оның күйеуі ағылшын тілінде оқыған Дәурен Берікқажыұлылар танылған мықты ақындар екенін білесіз. Олар біздің өлеңдерімізді ағылшын, француз тілдеріне аударып бастырып жүреді екен. Жастар деп қарап жүретінбіз, ақындарымыз жас деуге келмейді, олар да қырыққа ілінді, қырлары жетілді. 10 ақынды бастап Испанияға бастап барған ақын, «Қазақстан» арнасының продюсері Танакөз Толқынқызы. Ол кітапқа қазақ ақындарының көбін кіргізуге күш салған. Өлеңдерін кешіктіріп бермеген ақындар да болса керек.

Танакөздер дәл осы шетел поэзиясымен ауыс-түйіс тұсынан француз тілінде оқитын, сөйлейтін Падрон мырзаның көзіне түскен көрінеді. Падрон өзі келіп қайтқанда Қазақ поэзиясын испан тілінде таныстырайық деген идея болып, бұны Испаниядағы біздің елшілігіміз қолдап, сосын бұлар жүзге жуық ақынның өлеңін аударып, француз, ағылшын тіліндегі өлеңдерді Испан тіліндегі нұсқасын жасаған. Олардың ішінде 50 өлең кітапқа енген. Кітапқа кірмеген өлеңдер туралы Падро мен ұйымдастырушылар арасында әңгіме болған. Падрон мырза қалған өлеңдердің Испаниядағы үлкен әдеби журналда топтастырылып жарық көретінін айтқан. Сондай-ақ, қазақ поэзиясының жиынтығын қисынын тауып Латын Америкасында да кітап етіп шығаруды ойластырып отырғанын жеткізген.

Испан жұрты қазақ өлеңін несімен қызықтырған? Кітапта қандай өлеңдер қамтылған?

Падронның өзінің әйелі орыс тіліне жетік маман, ақын екен. Бұлардың қазақ поэзиясына назары ауған. Әсіресе, Падрон мырзаға әсер ететіні баяндамасының екпінінен байқағанымыздай Ресей отаршылдығы кезіндегі поэзияларымыз, Мағжандардың, Міржақыптардың тағдыры. Алашшылдардың тағдыры қатты назарын аударған көрінеді. Жүзге жуық ақыннан олар Абай атамыздан бастап елудей ақынның өлеңін бір-бірден алып, аударып жариялаған.

Кітап «Қазақ поэзиясының анталогиясы Испан тілінде (XIX, XX, XXI ғасырда)» деп аталады. Жастардан да біраз ақынның өлеңі кірген. Бұл дүниеде жоқ ақындардан Қадыр Мырза Әлінің, Тұманбай Молдағалиев ағаларымыздан Есенқұл Жақыпбековке дейінгі 20 ақынның өлеңдері бар. Бері қарайғы жастардан да біразы кітап бетінен орын алған.

Испандардың өздері «біз еуропалықтардың ішіндегі қаны қызуымыз, Солтүстік Еуропа жақтың елінің қандарында тұз жоқ» деп айтады екен. Тұз қанды көпіртеді, қыздырады деп санайды екен де, біздегі қандарында от жоқ деген секілді қарайды екен. Өздерінің айтуынша Испания, Португалия, Италия – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты туыстас елдер. Испания территориясы үлкен – Қазақстан сияқты. Португалия мен Италия топырағы шағын, тілдерінің де жақындығын біздерге ұқсатса керек.

Падронның ықыласы түскен қазақ поэзиясы туралы кітап кімдердің ұйытқы болуымен шықты?

Кітаптың тұсаукесері Қазақстан Республикасы мен Испания корольдігінің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толғаны құрметіне орай мерекелік шара ретінде ұйымдастырылды. Оған сол Қазақстанның Испаниядағы төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Дүйсенбаев қолдау көрсетті.  Елшіліктен Олжас Сүлейменов, Рахман, Райымбек, Расул, Жеңіс деген азаматтар жұбайларымен, сол жақтағы оқып жатқан студенттер, жұмыс істеп жатқандар «қазақ ақындары келіп жатыр екен, үлкен шара болып жатыр екен» деп топталды. Сосын Падрон мырзаның өзінің поэзиясын сүйетін қауым, оның ішінде таяғын сүйретіп жүрген ақсақалдар, ерекше аристократ киіммен жүрген зиялы қауым, жастар, елшіліктен дипломаттар, билік өкілдерінен біраз жұрт жиналды.  Жиналысты елшіміз Бақыт Амангелдіұлы жүргізді.

Үлкен шара болып өтті. Қазақстандағыдай емес бәрі де протоколмен жүреді екен. Біз өз кезегімізде бір ауыз сөзімізді айттық. Жанар Айлашева мен Дәулеткерей Кәпұлы айтыс жасап, сонда оқыған қыздарымыз бен жігіттеріміз ұлттық киім киіп, домбыра тартып шағын сахналық қойылымдар жасады. Оларға көрмеген дүниесін жасаған болдық. Және өзіміздің көзқарастарымызды білдірдік. Сол жердегі телеарналарға сұхбат бердік.

Біздің айтқанымыз осы өлеңдер арқылы қазақтың бұрыннан қазақты жарнамалап келе жатқан даласы мен жерінің кеңдігі, байлығы, батырларының тарихы болып саналатын болса, Қазақтың поэзиясы арқылы жанының, руханиятының байлығын түсініп жатса жақсы болар еді дестік. Бірақ, Падрон мырзаның өзінің айтуымен, басқа да ақындардың айтуымен бұл қазақ поэзиясын, қазақ өлеңін Испанияға, Оңтүстік Америкаға насихаттау бұнымен тоқтамайтыны белгілі болды. «Бұл ең басы. Жалпы қазақ поэзиясы, қазақтардың романтикалық ойлау дүниесі, көркемдік дүниесі, тілдің бейнемен құбылуы керемет дүние екен» десіп жатты. «Таныстыру бұнымен тоқталмайды» десті.

Барғанда бізде ат үстінде жүрген азаматтардан Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржанов сияқты азаматтардың барлығы да бұл кітапқа кірген. Ол кісілер барған жоқ. Барғандардың көбі жастар. Он ақынның ішінде үлкендеуі Оңайгүл Тұржан екеуміз болдық. Қалғандары жастар, жас болғанда да отыздан төмені жоқ.  Дәурен Берікқажыұлы мен Танакөз Толқынқызынан басқа Бақытгүл Бабаш, Дәулеткерей Кәпұлы, Сағыныш Намазшамова, Анар Шамшадинова, Жанар Әбсадық, Жанар Айлашевалар бар.

Бірақ, «осы барғандар Қазақ поэзиясына өкілдік ете ме?» деген сұрақ туып жатты әлеуметтік желіде, әдеби ортада. Оған айтар сөзіміз, бұл даулы мәселе шығар, бүкіл қазақ поэзиясына өкілдік етеді десе. Бірақ он ақынның қай-қайсысы да қазақ поэзиясының өкілдері. Қазақ сөз өнерінің, қазақ тілінің қаймағын қалқыған, қандай қалыңдықта болғанына қарамастан қазақ тіліне қаймақ түсіріп жүрген ақындар бәрі де.

Испан жұртына қазақ поэзиясы несімен ұнады?

Кітаптың тұсаукесерінде Падрон мырза өзі бір сағаттай баяндама жасады. Бір сағаттық баяндамасында Падрон айрықша бір екпінмен сөйлеп, қолдарын сермеп отырып қай-қайсысымыздың өлеңімізді оқып жатты. Мысалы Қасым Аманжолдың «Испан қызына» деген өлеңі бар. Соны белсеніп тұрып, тебірене, қолдарын сермей оқыды. Бақыт Дүйсенбаев «Қасым ағамыздың «Испан қызына» деген өлеңі біздің корпустың Испаниядағы паспорты» болып тұр деп қалжыңдады. Ежелде біздің ақынымыз Испанның қызын, осы халықтың сұлулығын жырлаған деп айтамыз деді.

Падрон баяндамасында Абай атамызға, Міржақыпқа, Мағжанға көбірек тоқталды. Сөзіндегі халықаралық терминдерден байқап отырғанымыз  Ресейдің отаршылдығы дәуіріндегі Алаш көсемдерінің күресі мен оған қарсы поэзиялық көркемдік дүниелердегі ішкі бұлқыныс, халықты ояту бағытындағы рухани күрестеріне, ішкі жан тебіреністеріне тоқталып жатқаны байқалды. Осы кітаптың 60-тан астам беті Падронның қазақ поэзиясы туралы ауқымды лекциясы. Оның ішінде бәріміздің аты-жөнімізге, ерекшеліктерімізге тоқталған. Менің Қазақстаннан шет жерде туылып, отаныма оралғаным туралы, өлеңдерімнің патриоттық тақырыпта болатынын айтатын көрінеді. Өлеңдерге ғана емес өлеңнің тағдырына, авторларға тоқталған. Лекциясының арасында Дәулеткерей Кәпұлының кітапқа кірген «Жол беремін» деген өлеңін оқып шықты. Мысқылды өлеңді аса бір мән беріп оқыды. Біз өз кезегімізде Дәулеткерейге құттықтап қалжың айтып жаттық. Менің байқағаным, қазақ жастарының өлеңдерінен үлкен үміт күтетін көрінеді.

Сервантестің Донкихоты мен  Санчосы өмір сүрген елде өлеңдегі мысқыл мен сарказмге, өмірдегі ажуаға үлкен мән беретіні көрінді. Барған жастардың өлеңдеріне үлкен үміт артып жатқанын айтты.

Өзіңіз испан жұртынан не түйдіңіз, несімен есте қалды?

Испан халқы өзі шығармашыл халық екен. Оны қаласын көргенде де, спортын көргенде де, тарихын көргенде де, музейлерін аралағанда да сезінесіз. Біз барғанда Мадридке түстік. Онда 4-5 миллион халық тұрады екен. Қоғамдық көліктер, қызмет көрсету жақсы жолға қойылған. Мадридтегі ең басты нысан, елге келген кісіге көрсететіні Мадридтің 80 мың адамдық Сантьяго Бернабеу стадионы. Оны керемет ұлттық бренд ретінде жасаған. Кіретін билеті де біршама қымбат. Сосын Мадридтегі хан сарайы(Royal Palace of Madrid). Мадридтегі май бояулы сурет көрмесінің орталығы Прадо музейі.

Испаниядағы ең үлкен құрметке ие есім ол Сервантес екен. Ең мықты университеті де Сервантес атымен аталады. Сосын халықтың жазушы мен әдебиетті құрметтейтіні соншалық – жылына он миллиондаған турист тартады екен Испания. Санчо мен Донкихоты есегі мен атына мінгізіп үлкен ескерткіш қойыпты.

Біз университетте Донкихотты оқыдық қой, Донкихоттың қылығына, Санчоның есегіне күліп бәріміз соны мысқылмен оқитынбыз.  Бұл енді жарияланғанына 5 ғасырға таяп қалған шығарма. Испан халқының кейіпкерлері екен. Ал, сол кейіпкерлердің қола мүсініне барып суретке түсіп жатқан халық қара нөпір. Өзім сықақ етіп жүрген Санчоның есегінің бұтынан ары өтіп бері өтіп жүрген мұқым халық. Бұрынғы мысқыл емес анау жерде құрметпен қарадық. Оның аржағына ақ мәрмәрдан өте биік қылып, ойып салған Сервантестің креслода отырған мүсіні тұр. Ұлт көсемі сияқты деңгейде отыр. Бұларға қарап әдебиетке деген, шығармашылық адамына, кейіпкерге деген үлкен құрмет көрсетілгенін көрдік. Сол Сервантес пен Донкихот, Санчо үшеуі-ақ жылына миллиондаған турист шақырады. Халқына солардың аруақтары жұмыс істеп отыр. Ал, бүгінгі Донкихоттың балалары тепкен футболды сен Донкихоттың қиялының жемісі демей айта алмайсың. Санчоның есегінің орынындағы бүгінгі көліктері мен көшедегі тасымалына да үлкен құрметпен қарайсың.

Сервантестің 500 жылдығы өтіпті. Сервантеске деген құрметтің үлкендігі мүлде бөлек.   Оның тұсында жазылған әдеби тіл мен қазіргі тілде айырма бар көрінеді. Жұрттың барлығы бірден оны түсініп оқып кете алмайтын сияқты. Меніңше бұл бізде де бар. 500 жыл бұрынғы емес, 70 жыл бұрын ғана жазылған Абай романын қазіргі жастар түсініп оқып кете алмайтын сияқты. Ондағы суреттеулер, сөз тіркестері, теңеулер, ондағы көшпелі мәдениеттің суреттелу бүгінгі ұрпаққа мүлде жат дүние. Ал, Испанияда сондай болса да Сервантесті зерттеу мен оқыту жұмысы жоғары деңгейде екені көрінеді.

Барселонада 2-3 күн болдық. Порт қала екен. Түсе берістегі ең үлкен ескерткіш Христофор Колумбтың ескерткіші. Соның аттанған порты деп құрметтейді Барселона халқы. Өздері ескі порт(Port Vell) деп атаған бұл жер халыққа көрсететін ең басты нүкте. «Көктөбеміз» сияқты төбесі бар. Оның үстінде екі стадион тұр. Біреуі 1992 жылы Барселона олимпиадасында салынып, қолданысқа берілген стадион. Екіншісі жарты ғасырдай уақыт бұрын салынған 100 мыңдай адам сиятын Барселона стадионы.  Сондай-ақ, 1929 жылы өткізілген Экспоға арналып салған құрылыстары да қаз-қалпында бүгін де қолданыста тұр. Бізде де Экспо өткелі жатыр. Ол да сондай халыққа ғасырлық қызмет өтейтін құрылыстар болса жақсы болар еді деп ойлайсың.

Әсіресе Барселона қаласы архитектурасымен тұтастай бір шығарма. Олар құрылысты мәңгілікке салады екен. Тұтастай құрылыстары мәрмәрдан, ұлутастан оюланып, көркемделіп салынған. Бүкілхалықтық шығармашылық жасампаздығын архитектураға салған. Архитектурасымен мақтанады. Антони Гауди деген архитектор болған. Мынау Гаудидың кварталы, Гаудидың құрылысы деп мақтаныш етеді. Мәселен Гадуидың бастап 40 жыл салып бітпеген құрылыс бар. Саграда Фамилия салынып басталғанына бір жарым ғасыр болған, негізі шіркеу болуға тиіс деп жоспарланған. Біз нөпірдің көптігінен ішіне кіре алмадық.  Бірақ сыртынан қарап бір сағаттай көрдік.  Біртұтас үй деуге келмейді, экспонаттардың жиынтығы секілді. 4 үлкен мұнарасы бар. Әлі бітпеген, 2020 жылдары бітеді деп жоспарлаған екен. Бұрын Гаудидің өзі – бір архитектор жоспарлап, 40 жыл істеп бастаған жұмысты қазір 400 архитектор істеп жатқан көрінеді.

Бұлардың негізгі құрылысының бағыты архитектура болып тұрғаны – халқының шығармашылдығы содан көрінеді. Сондай-ақ Пикасоның ерекше музейі тұр. Теңіз порттарының көріністері тұр. Христофор Колумбтың ескерткіші Астанадағы Бәйтерек сияқты зәулім қойылған. Біз сияқты мұнайы болмаса да, біз сияқты Ұлан-байтақ алқабы жоқ, бірақ архитектурасы бар, теңіз портын жақсы пайдаланады.

Еуропа одағындағы үлкен елдің бірі болған соң, басқа елдерден де еңбеккерлер көптеп тартылады. Барлық өнімді Испания өзі өндіреді.

Фламинго деген биі бар, ең кіріс беретін, қымбат қойылымды Ежелгі залда өткізеді деп жарнамалайды. Жас ақындарымыздың ішінде «Испан қыздарының билеген мүсінін көреміз» деп әзілдесіп, қымбат болса да 44 еуроға билет алып кірдік. Кіріп бара жатқанда семіз әйел кісілердің билегені түсірілген суреттер ілініп тұрды. Кірсек залда өздері өкшесімен, қолындағы таяқтарымен еденді тақылдатып, екі гитарамен шағын қойылым жасады сағатқа таяу уақытта. Сөйтсек биші жігіт пен толық келген әйелдің, ас үйдегі толық әйелдің билейтін биі. Не болса да сол анау ескі залын, сығандарға ұқсас көңіл көтеру мәдениетін, өздерінің музыкалық ритмін таяқтарымен, қолдарымен, шапалағымен ритмімен көрсететін би екен. Бірақ, кісі кіргенше қандай би көретінін білмей кіреді. Суретке, видеоға түсіртпейді.

Жалпы Испания өзін сонша бір мақтанышпен көрсетіп отырған ел, жасампаз ел, шығармашылықтың елі. Әсіресе бейнелеу өнері жағында май бояулы суреттерде, мүсіндеуде керемет қолтаңбасы бар. Біз жатқан қонақүйінің өзі ескі патша ордасының, тағы бір патшалардың қуыс-қуыс үйі болған ғимарат. Аталарымыз жатқан сүйектөсектің бейнесіндегі сандықтары тұр. Сүйекпен өрнектеген, орындығы, сандығы тұр. Күміспен өрнектеген жүк сандықтары тұр. Ежелгі экспонаттарымен-ақ, Испания бізге қызық көрінді.

Біздің тіліміз, өлеңшілігіміз, өлеңдегі романтикалық бейнелеуіміз оларға тың және ғажайып нәрсе болып сезілетіні байқалады. Ақындарының айтуынша «қазақ деген халық бар, осындай поэзиясы бар екен» деп таңғалған көзқарас пайда болған. Оларды француз немесе басқа да еуропалық халықтар таңғалдыра қоймайды. Азиядағы Еуропаға аса таныс емес Қазақ халқының әдебиеті қызық көрінген. Жалпы қызығып қайттық. Мақтанышпен қайттық. Барғандардың көбі жастар. Жастар деген не, жастар – біздің әдебиеттің, поэзияның, тілдің ертеңі. Ол қуаныш деп ойлаймын.

- Қаламыңызға қуат тілеймін! Рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрғали Нұртай

Қатысты Мақалалар