Кей адамдар сенімен емес, сенің үстіндегі шүберекпен, шүберектен шығып тұратын француз әтірінің иісімен, қалтаңдағы шытырлақ қағаз ақшамен, астындағы көлігіңмен қарым-қатынас жасағысы келеді.
Тізімдегі дүние болмаса, сөйлесуге де құлықсыздық танытады. Тегінде ондай пенделер кешегі кедей болғанын ұмытқан, кешіріңіз, ұмыта алмаған, өз ішінен кедей болмысын жоя алмаған адамдар.

Жан дүниесі де, тән дүниесі де бай кісілерге сенің киім-кешегің де, мінген көлігің де, таққан сағатың мен жаққан майың да қажет емес. Ондай дүние өзінде баршылық болғандықтан, ол жан іздейді, жақсы әңгіме, таза қарым-қатынас күтеді.
Ал, сенің болмысыңды сыртыңдағы бөзіңнен танитындарда шын мәнінде асып-тасып жатқан байлық та, рухани кемелдік те, сайтан да жоқ. Және ең бастысы олар жан рахаты ақшада емес екенін баяғыда ұмытқан немесе ондай түсінік оларда ешқашан болмаған.
Тағы бір қызық адамдар болады-ей! Сенің жағдайың жақсы кезде, көре алмағаннан жарылардай боп жүрсе де, сенің қасыңнан шықпайды. Басыңнан бақ тайған күні көлеңкесі де көрінбей қалады. Көлеңкесі бар болсын, өзімен кетсе, ырза боласың ғой. Бір иттің балалары болады, олар: "Біз сені түк те жақсы көрмейтінбіз, біз сені сол кезде жақсылап тұрып пайдаланғанбыз ғой, неткен ақылды болғанбыз, шіркін-оу! - дейді. Ал, сен ше, сен байғұс соны да байқамай елпілдеп жүгіре беретінсің. Әй, әй, әй сол кезде нағыз ақымақ болдың ғой!" - деп сені мұқатқысы келіп, өзінің соншалық сорлы екенін көрсетіп қояды.
Сен тіпті ондайлардың соншалық сорлы екеніне таңқалып, іштей аяп, бұрылып жүре бересің. Жүрегің сыздайды бірақ. Ол да өтеді. Есесіне керемет сабақ, табылмайтын мектеп!
Әлгілердің тегінде жаны да, тәні де ешқашан байымайды. Бұл Тәңірдің орнатқан заңдылығы. Тіпті ухит-сухит қылып жүріп байып алды делік, алайда олар жоғарыда айтылған қайыршы болмысын жоя алмай өмірден өтеді.
Ал, бір күндері болған, ертесіңде жоғалған, арғы күні қайтып оралған тән байлығының иелері екі топтың арасындағы әлгі таза адамдар сол мызғымаған қалпында қала береді. Себебі, олар дүние парқын жақсы біледі, жаны да лайланбайды. Тәңірге де жағымды, жақсы өмірге де бейім.
Ең соңында кім жеңбек? Иә, тазалық жеңбек қой, әрине! Адалдық жеңбек, адамға деген махаббатты дүниемен өлшемеген парасаттылық жеңбек!
Сіз қандай адам болуды таңдасаңыз, сондай адам боласыз. Бәрі де өз қолыңызда.
"Facebook" әлеуметтік желідегі парақшасынан.