Нинхай қаласындағы Чжэцзян аумағында тұратын 94 жасар Чжан Хексиа әжей 4 жасынан бастап Кунг-фу өнерімен айналысып келеді.
Кунг-фу өнерінің ең үлкен шебері жайында «ТТ-Инфо» порталы жазады.
Әжейдің әр таңы қытайдың жекпе-жек өнеріне арналған жаттығуларымен өтеді. Бүгінгі күні жасы 94-ке келіп қалған әжей кунг-фу өнерін толығымен меңгерген. Тұрғындар оны «кунг-фу әжей» деп атап кеткен екен.
Чжан Хексианның ұлы тілшілерге берген сұхбатында былай дейді: «Ол әр күні таң атпастан таңғы жаттығулар жасауға кіріседі, жаттығу барысында ауыл маңында серуендеп жүргенді жақсы көреді»
Сондай-ақ, жігіт анасының жас кезінде ауыл тұрғандарын үнемі бұзақылардан қорғап жүретінін айтты. Әжей бірде ер адамның өз әйелін соққыға алып жатқанын байқап қалады да, бірден көмекке ұмтылып, ер адамды жекпе-жекке шақырады. Әйел адамның күшінің тасып тұрғанын байқаған ер кісі, басын ала қаша жөнеледі.
Чжан Хексианның ұлының сөзіне көңіл аударсақ, қарт әжейдің ұзақ өмір сүруінің құпиясы оның айналасындағыларға деген жылы қарым-қатынасы, сондай-ақ әрдайым көмекке дайын тұратын жанашыр мінезі дейді.
Көршілері де Чжан Хексианның жасының ұлғайғандығына қарамастан, таңғы жаттығуларын үзбейтінін айтты.
Аударған: Гүлім ЖАҚАН