«ТҰРАҚТЫ ТІРКЕУІ БАРЛАР ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ САНАТЫНА ЖАТПАЙДЫ»

/uploads/thumbnail/20170709213107353_small.jpg

«Қамшы.кз» порталы бұған дейін этникалық қазақтарға визаны беру, қалпына келтіру және  ұзарту турасында бірнеше материал жариялады. Онда Қазақстан Республикасының заңына сәйкес этникалық қазақтардың визаға қатысты барлық мемлекеттік баж салығынан босатылатыны жазылған. Осыдан кейін редакциямызға кәмелет жасқа толмаған, Қазақстанда тұрақты тіркеуі бар екі баласының визасын ұзарта алмай жүрген азамат хабарласты. Қазір Астана қаласында тұрады. Оған көші-қон басқармасында 16 жасқа толмаған балалардың визаны ұзартуға қажетті 68 мың теңгені төлеу керектігін айтқан. Екі баласына 140 мыңға жуық ақшаны төлей алмайтынын айтады қандасымыз.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін ҚР ІІМ хат жолдап, ресми жауап алдық. Оған сәйкес Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қон» туралы  Заңда 1-бабтың 28-ші тармағында шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамдар этникалық қазақ санатына жататыны көрсетілгені және Қазақстан аумағында тұрақты тұруға рұқсаты бар шетелдік этникалық қазақтар санатына жатпайды, тиісінше мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылмайды деген жауап келді.

Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ баланы мектепке, балабақшаға орналастырып, дәрігерге көрсетіп т.б шаруаларды атқару қиын. Ал тұрақты тіркеуі болған жағдайда этникалық қазақтар мүлде басқа мәселемен бетпе-бет келеді. Редакциямызға хабарласқан азаматтың екі баласы бар және балаларының визасын ұзарту үшін әрқайсысына 68 мың теңгеден төлеуі тиіс. 136 мың теңгені әркімнің қалтасы көтере бермейтіні анық. Ал одан да көп баласы барлар қайтпек? Олардың жағдайы тіптен қиын. Шетелден келіп, Қазақстанда орнығып алғанша біраз уақыт, күш-қайрат пен қаражат керек.  Азаматтықты алу үшін де көптеген табалдырықты тоздырады. Осы ретте тарихи отанына оралғандарға құжаттарды рәсімдеу мен оған қажетті баж салығында жеңілдіктер болса деген тілегіміз бар.

Қамшыгер: Әсем Әлмұханбет


 

Қатысты Мақалалар