"Қамшы" порталы үнемі әлеуметтік мәселелерді көтерумен келеді. Осы орайда nekhabar.kz порталында бір апта бұрын жарияланған ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз.
Атырауда Нұрсұлтан мен Сара, Дінмұхаммед пен Иманғали және Қасымжомарт жоқшылықта өмір сүріп жатыр. Қала маңындағы Геолог ауылында тұратын Рахмановтар отбасының 3 жыл бұрын баспанасы өртеніп кеткен. Өрттің кесірінен өмір бойы жиған-тергенінен, құжаттарынан айрылған отбасы несие алып, шағын үй көтеріпті. Бірақ, қаржының жоқтығынан қазір іші-сырты толық бітпеген, суық үйде тұруға мәжбүр. Ал, үнемі бүрсең қағып жүретін балалар болса, тоя тамақ жеп, жып-жылы үйде тұруды армандайды.

Елге белгілі тұлғалардың есімдерін иеленген – егіздер Нұрсұлтан мен Сара, Дінмұхаммед пен Иманғали және Қасымжомарт күні-түні үстерінен қабат-қабат киімдерін тастамайды. Өйткені, жартылай бітпеген баспана жылуды да ұстап жарытпай тұр. Оның үстіне балалар жарытып тамақ та ішпейді. Мемлекеттен алатын 17 000 теңге жәрдемақы мен отағасының түрлі жұмыс істеп табатын табысы да 7 адамдық жанұяға жұқ болар емес. Отағасы Берік Рахмановтың мамандығы құрылысшы. Ол да жұмыс орнында қысқартуға ұшырап, қазір әркімнің жұмысын жасап, азды-көпті табыс тауып жүр. Ал, отанасы Мира Қожаназарова үйден тәтті тоқаш, торт пісіріп сатып, ас-суын айырып отыр.

- Жұрттың балалары Астанаға барғым келеді, самолетпен ұшқым келеді деп армандайды ғой, менің балаларымның арманы – жылы жерде отыру, бір күн болса да жылы жерде отырып, шай ішсек деп армандайды. Мен сол жылылық жағынан көмектесетін азаматтар болса солардан көмек сұраймын, - дейді отанасы Мира Қожаназарова.
Жартылай бітіп тұрған үйдегі ескі-құсқы жиhаз бен киім-кешекті көрші-көлем мен өзге де қайырымды жандар тауып беріпті. Ал, бір кәсіпкер бір жыл бойы азық-түлікпен қамтамасыз етіп келген екен. Ол да биылдан бастап тоқтап қалған. Ал, Геолог селолық округі әкімінің орынбасары Жандос Шадановтың айтуынша, әкімдіктің ұйымдастыруымен кәсіпкерлер үйдің есік-терезесін өзге де құрылыс материалдарын алып беріпті. Бірақ, әкімдіктің бұл отбасыға өз беттерінше көмек көрсетуге шамалары жетпейтін көрінеді. Және ол үшін мемлекет тарапынан да қаражат қарастырылмаған екен.

Өрт кезінде бұл отбасының құжаттары да бірге кеткен. Қазір тек отағасы ғана құжатын қайта рәсімдепті. Ал, оның әйелі мен 5 баланың құжаттары әлі күнге дейін жасалмапты. Айтуларынша, ол үшін бұрын өздері тұрған Индер ауданына барып қайту керек екен. Бірақ, оған да жолақы таба алмай отыр.
Айым Тасболат