Бүгін Алаштанушы ғалым Ербол Тілешовтің туған күні

/uploads/thumbnail/20170709213430815_small.jpg

Бүгін Ш.Шаяхметов атындағы республикалық Тілдерді үйлестіру орталығының директоры Алаштанушы, әдебиет теоретигі Ербол Тілешовтің дүниеге келген күні.

Ербол Тілешов Филология ғылымдарының кандидаты. «Суреткер және көркемдік әдіс» монографиясының, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев шығармашылығына, Алаш әдебиетіне қатысты мақалалардың авторы, «Алаш қайраткерлері» библиографиялық көрсеткіші және «Алаш және Әуезов» жинағының құрастырушысы.

«Қамшы» порталы  52 жасқа толып отырған Ербол Ердембекұлы мерейлі күнінде құттықтай отырып, оқырман Қазақ ұлтшылдығының қалыптасуы турасындағы жазбасын ұсынады.

***
Ғасырлар бойы жинақталған қазақтың ел мен жер турасындағы аңсары, күресі ХХ ғасырдың алғашқы жылдары-ақ елшілдік сананың ұлтшылдықтың идеологияға ұласқанын кеңінен байқатты. Қазақ ұлтшылдығының дәл осы кезеңде қалыптасуында бірнеше себептер бар.

Біріншіден, аталған кезеңде қазақ зиялыларының үлкен шоғыры қалыптасты. Оның басында Ресейдегі саяси-қоғамдық жағдайлармен жақсы таныс, қазақтың теңдігі мен бостандығын саяси жолмен ғана шешуге болатындығын терең түсінген,халқына қамқор боларлық Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейхан және рухани мәдениетіміздің ең белсенді тұлғасына айналған, жаңа ағартушылық дәуірді бастаған Ахмет Байтұрсынұлы тұрды.

Екіншіден, Ресейдің ішіндегі саяси-қоғамдық ахуал бодан халықтардың өздерінің бостандығы пен теңдігі үшін саяси күреске шығуына кезеңдік мүмкіндіктер тудырды.

Үшіншіден, қазақ тарихының даму логикасы,елдік сананың деңгейі саяси қозғалыстың осы кезеңге келуін қалады. Дәл осы кезеңде «ұлт» сөзінің белсенді лексикамызға енуі де, «Алаш» сөзінің халықтың шығу тегіне, төркініне қарай ғана емес, халықты біріктірерлік қуатты ұғымға,ұлттық ұранға айналуы да осы кезеңнің жемісі екендігі кездейсоқтық болмаса керек. Ендеше, қазақ ұлтшылдығы жөнінде айтқанымызда, біз оның осы ұғымға сай кең мағына берерлік сипатын, мазмұнын ХХ ғасырдың бас кезеңімен тікелей байланыстырамыз. Осы аталған үш негізгі себептің дәуірлік идеологияға айналуында, әлбетте, отаршылдық саясаттың қысымы жатыр. Оны Алаш қайраткерлерінің өздері де жазған болатын. Яғни, әлемдегі отаршылдық тәжірибесі көрсеткендей, қазақтың да ұлтшылдығын өршіткен отаршылдық саясат, отаршыл үкімет. Сондықтан, Әлекеңдер тұтас қоғамдық ойға, рухани пікірге, кейінірек идеологияға айналдырған қазақ ұлтшылдығы – басқа халықтардан үстемдікке, артықшылыққа құрылған ұлтшылдық емес, туған халқының нақты жағдайынан, атап айтқанда, отаршылдық езгісінен теңдік пен бостандыққа ұмтылуға, еңсесі түскен, есесі кеткен қазақты жұрт қатарлы ел етуге бағытталған саяси һәм рухани күрес болатын. Осы күресті бүгінгі тарихнамамызда «Алаш қозғалысы» деп атап жүрміз. Осы тарихымыздағы ең ірі, ең мақсатты қозғалыс қазіргі кезде зерттелініп, қоғамдық санадан берік орын алып ең жарқын, ең айбынды, ең жемісті кезең ретінде бағалана бастады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар