Бір күнде 10 мәрте көкөніс пен жеміс-жидек жеу адам өмірін ұзартады деп топшылайды ғалымдар деп хабарлайды qamshy.kz. Көкөністер мен жеміс-жидектердің кейбір түрі рак пен жүрек ауруларының алдын алады.
Лондондағы Imperial college ғалымдарының мәліметнше, көкті күніне 10 мәрте жеу жылына 7,8 миллион өлімді болдырмайды.
Көктің бір мәрте тұтыну мөлшері – 80 грамм. Банан, алмұрт, үш қасық жаңғақ немесе саумалдық 80 грамм болады. Аз мөлшердегі көкөніс пен жеміс-жидектің өзі денсаулыққа пайдалы. Десек те, қаншалықты оны көп жесе, соншалықты денсаулыққа жақсы.
Сарапшылар мұндай қорытындыға 95 зерттеудің нәтижесін көргеннен кейін келген. Онда 22 миллион адам сыналды. Қорытындысы International Journal of Epidemiology-де жарық көрді.
Ғалымдар кейбір аурулардың пайда болуы қаупін жоятын көкөністер мен жеміс-жидектерді зерттеді. Онкологиялық ауруларды болдырмау үшін – сары және жасыл түсті көкөністерді көп жеу қажет. Мәселен, саумалдық, бұрыш және түрлі-түсті қырыққабат.
Жүрек ауруларын – алма, алмұрт, цитрустық жеміс-жидектер және шаршыгүлді көкөністер болдырмайды.
Сонымен қатар, жеміс-жидек пен көкөністер холестерин мөлшерін азайтып, қан қысымын төмендетеді және иммундік жүйені жақсартатын қасиетке ие.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күніне 5 мәрте (400 граммға жуық) көкөніс пен жеміс-жидекті жеуге кеңес береді. Оған көктің барлық түрі жатады. Алайда дәрігерлер ДДСҰ кеңесіне жүгінуге көп адамның жағдайы келмейтінін айтады.
Аударған: Әсем Әлмұханбет