Қайырымды кәсіпкер мүгедектерге ерекше сый тарту етті

/uploads/thumbnail/20170709214420853_small.jpg

Оралдық кәсіпкер мүгедектер еңбек ететін ұжымға автобус тарту етті. Бұл жөнінде 24.kz жаңалықтары хабарлайды.

Тағдыр сынына ұшырап, екі аяғынан бірдей айырылған Біржан Қожақов өзі басшылық ететін жиһаз жасау цехында 17 кембағал жанды жұмыспен қамтып отыр. Олардың қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бесік, сандық пен өзге де жиһаздарға әркез сұраныс жоғары. Бұған дейін кәсіпкер сал ауруына шалдыққан балаларға аса қажет болатын тірек-қимыл аппараттарын жасап, барлық облыстарға тегін таратқан болатын. Жігері мұқалмаған қайсар жандар үшін ертеңгілік жұмысқа жету мен кешкісін қайту оңай емес-ті. Бұл туралы кәсіпкер Біржан Қожақов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазып, көпшіліктен көмек сұраған болатын.

Қамқорлыққа зәру жандарға қол созған қайырымды жанның есімі – Талан Оразғалиев. Жергілікті құс фабрикасына басшылық ететін ол ұжымға «ПАЗ» автобусын тегін ұсынды.

«Бұған біз шын көңілден ризамыз әрі қуаныштымыз. Өйткені енді бұл көлік тек біздің ұжым мүшелерін ғана емес, қаладағы мүгедек спортшыларды түрлі жарыстарға апаруға да көмегін тигізеді. Болашақта жергілікті өндіріс орындарымен келісіп, автобусты мүгедектердің мініп-түсуіне қолайлы етіп жасақтауды жоспарлап отырмын», - дейді кәсіпкер.
 

Қатысты Мақалалар