Мен мектепте оқып жүрген кезде, мектепті wi-fi желісімен толықтай қамтыған еді. Бірақ, біз оның пайдасынан гөрі, зиянын көп көрдік десек те болады. Неліктен? Себебі, шексіз интернет әлеміне сыйлаған мүмкіндіктен соң оқушының бос уақыты болсын немесе болмасын ол өзіне тиімді емес, босқа уақыт өлтіретін іспен айналысуға ынтығып тұратын. Сабақ уақытында немесе үзілісте болсын достарым түрлі телехикаялар қарап, әртүрлі ойындар ойнап отыратын. Көпке топырақ шашудан аулақпын.Әрине, барлық оқушы болмаса да, бір қарын майды шірітетін құмалақтардың кесірінен сол WI-FI желісін 1-2 ай өткен соң үзіп тастаған болатын. Оның себебі, пайдалану көрсеткіші белгіленген межеден асып, тым көп болып кеткені жайлы естідім. Оған бөлінген қаржының шегінен шығып кеткен екен. Бір түсінбеген нәрсем неліктен мектепте осындай еркін, оқушының назарын басқа іске аударуға мүмкіндік береді немесе қатаң бақылауға ала отырып, керек емес дүниелерге пайдаланудың жолдарын неге қарастырмайды екен?
Әрине, бұл жасалып жатқан игі істердің барлығы дерлік біздің саналы һәм сапалы білім алуымыз үшін. Оны бірі жете түсінсе де ,екінші бір оқушы осы мүмкіндікті тиімді пайдалануды дұрыс аңғармай жатады. Еш бөгетсіз тегін істеп жатқан интернет желісі аспаннан төгіліп жатқан жоқ ғой. Ол да мемлекет қаржысынан бөлініп, жастардың кемелі білім алуы үшін жасалып жатқан игі істердің бірі. Осының ұғынатын оқушылар қатары көп болса, біздің еліміздің білім жүйесіндегі өзгерістердің көбі дерлік оңға басып, тезірек алға жылжушы еді. Себебі, үлкен істердің соңында осындай байқаусыз ұсақ дүниелер тұрады. Ал сол ұсақ дүниенің өзі үлкен күшке ие бола алатыны тағы бар.
Орнатылған тегін WI-FI қызметінің оқушы мен мұғалімдер қауымының қолын ұзартып, көптеген мүмкіндіктері сыйлайтыны және іске асырылып жатқан жаңа жобалардың қарқынды дамуы үшін деген мақсатпен жоғары қарқында кең етек алып үлгергеніне күә боламыз. Оқушылардың әлеуметтік желіге немесе сериалдар көруіне белгілі бір деңгейде шектеу қойғаны да анық. Алайда қазіргі алғыр шәкірттің қандай жолмен болсын , өз қалауын жасап алатыны ақиқат. Яғни, қойылған шектеу, олар үшін аса қатты бөгет бола алмауда.
Мүмкін, алдағы уақытта игі бастаманың шынайы пайдасын жете түсінетін оқушы қатары артып, босқа шығындаудың қажеті болмасын аңғаратын шәкірттер жиілер. Бәрі де уақыт еншісінде. Ең бастысы, ел болашағын ұстар алғыр шәкірт өзіне сыйланып жатқан шексіз мүмкіндік пен нағыз бақыттың қадірін түсінсе екен...
Біздің алдыңғы толқын аға-апайларымызда ондай мүмкіндік мүлде болмаған еді. Олар мектепке жаңа кітаптар келсе қуанып, шынайы бақытты сол деп түсінетін еді ғой. Бар уақытын кітапханада, ізденісте өткізіп, мектептегі бір компьютердің барын місе тұтатын.
Тілеген Көгершін