Бір күні бала-шағамды жинап алып, жиналыс өткіздім.
–Бірнеше күннен кейін отбасы күні келеді. Осы айтулы күнге орай әрқайсымыз қазірден бастап бір–бірден жақсылық жасап қайтайық. Кешке маған есеп бересіңдер, –дедім жымиып. Төрт балам мен үш қызым жымиып салды. Келіншегім ғана керіліп, сөйлеуге ерініп: –Қайдағыны шығармасаң, шықшытыңа шиқан шығады ма? –деп қалды. Содан көрші кемпір ойбайлап жетіп келмесі бар ма? Сөйтсем, жетінші сыныпта оқитын жүгермегім жетіп барып: «апа, сіз құлап қалыңыз, мен сізді тұрғызып жіберіп, бір жақсылық жасайын!» –дейді екен де, аяғынан шалып құлата жаздап, қолтығынан демеп, тұрғызып жібереді екен. Ұлыма ұрысқан жоқпын. «Адамдар жақсылықты сұрап алмайды. Жақсылық жасауды міндет етпейді...» деп түсіндірдім. Бір кезде керіліп, келіншегім келді. –Не ғой... –дейді көздері күлімдеп. –Немене, не ғой? –деп сұрадым мен. –Көрші Керімбек ағай бар емес пе? «Сол кісі маған махаббат көзбен қарай береді, жынды ма өзі?» деуші едім ғой? Сол кісі есігі алдында тұр екен, жақсылық жасайын деп жүгіріп барып, бетінен бір сүйдім де, қашып кеттім... Екі көзім жерге домалап түсіп, оны әйелім басып кеткендей әсерде болдым. «Мұндай жақсылық болмайды. Әйел– үйдің берекесі. Сен адал, сен мейірімді анасың, мынауың жақсылыққа жатпайды!» –деп түсіндірдім. Содан өзім көшеге шықтым. «Осы жұрт, тәуелсіз Қазақстанымның азаматтары қалай жақсылық жасайды екен?» деген оймен көшеде келе жатып, әдейі шалқамнан түстім. Жүрегімді ұстап. Көше жүргіншілері жаныма жуымады. «Қиналып» жатырмын. Бір семіз әйел жаныма келіп, үңіліп қарады да: –Менің күйеуіме ұқсайды екен... Ол емес... –деп кетіп қалды. Сосын бір кісі құйрығыма бір теуіп: –Мың теңгеге майдаңыз бар ма? –деп сұрады. Адамның өзі «қиналып» жатса... Орнымнан тұрып, келесі көшеге түстім де, пышақтың жүзін қарныма тақап, ұшы жағынан қос қолдап ұстап, қиналып, тәлтіректеп барып, гүрс ете құладым. –Көмектесіңдер! Пышақтап кетті! –деп айқайладым. Қала тұрғындарынан айналайын! Бірі сонадайдан сөйлеп тұр: –Пышақты суырып алмаңыз! Ауа кетсе өлесіз! –Жедел жәрдемге хапбарласыңызшы! –дедім мен. –Кешіріңіз, «единица» салып жіберсеңіз, хабарлайын... Біраз жұрт алыстан концерт көргендей тамашалап тұр. Бірі келіп, алғашқы жәрдем көрсетпеді. Орнымнан тұрып, пышақты лақтырып жібергенімде, бәрі тым–тырақай қашты. Енді өзім жақсылық жасауға бекіндім. Бір кемпір көшеден өте алмай тұр екен, келесі бетке арқалап өткіздім. Әрең демалып тұрсам, біреу иығымнан түртеді. Қарасам, жаңағы әжей. –Шырағым, қателесіп кетіппін ғой, келесі бетке арқалап арпара қойшы, –деп тұр. Арқалап, арғы бетке өткіздім. Бір балдақты кісі арқама жабысып жатыр. –Көке мұныңыз не? –Арқалаушы жұмысына тұрсаң, мені де апар арқалап. Машина қағып кетер... –деген ол арқама ырғып мініп алды. Балдағын қолыма алып, бейтаныс кісіні де «зебра» жолмен келесі бетке өткіздім. Тер деген кетті. Бір қыз: «Ағай, мені де арқалайсыз ба? Ақшасы қанша?» – деп тұр. –Жақсылық сатылмайды! –деп ашуланып, ол жерден кетіп қалдым. Үйге келгенімше кеш болды. Отбасымыз біртіндеп жиналып жатыр. Кіші қызым¬нан: –Қандай жақсылық жасадың? –деп сұрадым. –Қуылшағымды шомылдидым, дуанаға піште бейдім... –Сен ше? –деп сұрадым ұлымнан. –Жақсылық жасаған жоқпын... –деп міңгірледі ол. –Неге? –«Жақсылықтың ерете кеші» жоқ деп өзіңіз айтатынсыз. Не асығыс бар деп... Үлкен қызым кешікті. Түн ортасы болды. Алаңдай бастадық. «Құдайым–ай, жақсылық жасаймын деп жүріп, жамандыққа тап болмаса еді!» деп шешесі жылап жүр. Бір кезде қызым ұялы телефонымен хабарласты. –Ия, не болды қызым? –деймін дегбірім қалмай. –Әке, бұрыннан танитын жігітіме жақсылық жасадым... –Ол қандай жақсылық? –Сол жігітке тұрмысқа шығып, үлкен жақсылық жасап отырмын... Шоқиып, отыра кеттім. Шешесі жылап жүр: «не деді?» деп сұрап жүр. Адамдар, бір-бірімізге тек жақсылық жасайықшы, а?
Facebook-тегі парақшасынан алынды.
Пікір қалдыру