Мұндай жағдай барлық адамдардың басынан өтеді – сен біреуге шын жүрегіңмен ықылас білдіресің, ал ол сенен кері айналып кетеді. Адамдар бір-бірінің жақсы істерін көргісі келмейді, ал егер біреуге шын ниетіңмен көмектескің келсе, ол сенің жаныңды жаралайды. Мұндай жағдайда өзімізге «Менің не жазығым бар? Мен нені дұрыс жасамадым?» деген сияқты сұрақтар қоямыз. Неге, расымен де, барлығы осылай? Бұған жауапты мына бір аңыздан табуға болады.
Бір күні егде тартқан кісінің үйіне көзі жасқа толған бойжеткен келіп, есігін қағады да қарт кісіге ішіндегі сырын ақтарады.
– Мен ары қарай қалай өмір сүретінімді білмеймін... – деп сөйледі дауысы дірілдеп. – Өмір бойы адамдардың маған қалай қарағанын қаласам, мен де оларға сондай қарым-қатынас жасайтынмын. Қолымнан келгенше барлығына көмек көрсетіп, жақсылық жасауға тырысатынмын, ал қайтарымына ешнәрсе сұрамайтын едім. Мен мұның барлығын шын көңіліммен жасадым, алайда менің айналамдағылардың барлығы мені мазақтап, тек жамандық жасаумен болды. Бұл нәрсе менің жаныма әбден батты, мен шаршап кеттім... Жалынамын, маған не істеу керектігін айтыңызшы.
Егде тартқан дана кісі үндеместен тыңдап отырды да, қызға былай деп ақыл айтты
– Тыр жалаңаш шешін де, қаланың көшелерімен жүріп өт, - деп салмақты дауыспен сөйледі.
– Кешіріңіз, мен ондай дәрежеге дейін түскен емеспін... Сіздің есіңіз ауысқан секілді ме әлді қалжыңдап тұрсыз ба? Егер мен олай істейтін болсам көшеде жүргендер мен жайлы не ойлайды?.. Біреу маған зорлық көрсетіп, ар-ұятымды таптаса қайтемін?..
Дана кісі орнынан тұрды да, есікті ашып, үстелдің үстіне айнаны әкеліп қойды.
– Сен көшеде тәніңді жалаңаштап жүруге ұяласың да, мына есік секілді ашық-жарқын жаныңмен әлемді кезіп жүруге ұялмайсың ба?! Жүрегіңнен кез келген адамға орын бересің. Сенің жаның – бұл айна, сол себепті де басқа адамдарға қарап өзімізді көреміз. Олардың жаны жамандық мен зұлымдыққа толы, сол себепті де сенің пәк жаныңа қарағанда олар өздерінің ұсқынсыз түрлерін көреді. Сенің олардан әлде қайда жақсы, мықты екендігіңді мойындауға оларың батылы мен ақылы жетпейді. Бұл нәрсе тек батыл адамдардың қолынан келеді...
– Енді мен істесем болады? Бұл жағдайды мен қалай өзгерте аламын? – деп сұрады бойжеткен.
– Менімен бері жүр, мен саған бір нәрсе көрсетейін... Мынау менің бақшам. Мына жайқалып тұрған гүлдерге жылдар бойы су құйып, оларға қарап келемін. Өмірімде ешқашан да гүл бүршігінің құлағанын көрмеппін. Менің көргенім тек осы гүлдердің жайқалып өскені, бұлар өздерінің хош иістері мен сұлулығымен әлемді таңқалдырып келеді. Адамдар табиғаттан үйренуі керек. Мына ғажап гүлдерге қара да, осылардан үлгі ал – адамдарға жүрегіңнің кілтін олар байқамайтындай абайлап аш. Жақсы адамдарға ғана жақсылық жаса. Сенің күлтелеріңді жұлып, аяқтарымен таптайтындардан аулақ жүр. Олар сенің дәрежеңе дейін жете алмаған арам шөптер секілді, сол себепті де біз оларға ешқандай да көмек көрсете алмаймыз. Саған қарап олар тек өздерінің ұсқынсыз түрлерін ғана көреді...
Пікір қалдыру