КЕТ ДЕГЕНДЕ.... БІЗДІҢ МИНИСТРЛЕР ОТЫРА БЕРЕДІ

/uploads/thumbnail/20170709224820463_small.jpg

- Мама, мен сені жек көрем, ұра бересің, ұра бересің!

- «Оқы» дедім, саған иттің баласы, оқыыы...!

Күнде түнде көрші үйден еститініміз, осы. Тоқпақ, шапалақ, айқай-шу. Баланың күлкісі емес...

 

   Сағадиевтің «сандалма» реформалары ата-ана, бала-шаға тұрмақ, мұғалімдердің өзін мезі етіп бітті. Бұрындары зейнет жасынан асса да, бала оқытуға ынтығып тұратын ұстаздар, қазір мектептен кеткенше асығатын болған. Өйткені, білім беру бағдарламасына тыныштық жоқ, әркімнің әдісін тықпалаумен келеді, бұл министр.

  Жүз жерден әлемдік болса да, негізгі пәндерді ағылшынша оқыту туған тілімізді шеттету деп түсінеміз. «Балақтағы битті басқа шығармай-ақ» қазақ тілін құрметтеп қатырып алайықшы, алдымен. Біз не, ағылшындардың отары ма едік, солардың тілінде оқуға тиісті.

   Мысалы, өмір бойы өзі туған ауылдан әрі аспайтын адамдар бар. Сонда оларға ағылшын тілі мал қайыру үшін керек пе? Дала болмай-ақ, қаланың балаларына жаппай ағылшын тілін білуге мұқтаждық туындамайды. Өйткені, біздің елде олардың бәрінің бірдей менеджерлік қызметпен қамтылатынына сенім жоқ. Қажеттілік туындаса әр ата-ана баласының қалаған тілін ақылы курстарға апарып оқытып алады. Ауызекі тілде сөйлеуге ағылшын тілі пәнінен үйренгенінің өзі жеткілікті. Министрдің жоспарлауынша, еліміздегі үш мыңға жуық ағылшын тілін меңгерген мұғалімдердің қарасы алдағы екі жылда 24 мыңға көбейеді екен. Бұл неғылған машақат? Ал, оқулықтарды ағылшыншалау ше? Не деген шығын? Халықтың қайран ақшасы-ай!

Асқар Жұмаділдаев, Академик:

- Физика, химия, информатика, математика сабақтарының тек қана ағылшын тілінде оқытылуы маған ұнамайды, бұл маған үлкен қауіп көрінеді. Мен ағылшын тіліне қарсы емеспін, оны білу керек. Бірақ, менің қарсы болатыным – «тек қана» дейтін сөз. Советтік кезеңде Қазақстан математика, физика ғылымдары қалыптасты. Жаман ба, жақсы ма оқулықтарымыз бар. Дүниеде елдің неше түрлісі бар. Мысалы, Малайзияда математиканы ағылшын тілінде оқытады. Бірақ Малайзияның математиктері біздің қазақтың математиктеріндей емес. Біздің математиктер олардан анағұрлым алда. Бар болғаны бір-ақ миллион Эстония деген ел бар. Бірақ, барлық сабақтарын эстон тілінде оқытады. Ал, тіл деген – байланыс құралы. Тек әдебиет, өнермен жұрттың бәрін таң қалдырамыз деу бос сөз. Сондықтан, біз басқадан озатын болсақ, тек қана жаңа технологиямен озуымыз керек. Жаңа дүние жасауымыз керек, онсыз болмайды. Әйтпесе, көштің соңында қалып қоямыз. Ал, қазақтың тілі тіл болу үшін – ғылымның тілі, бизнестің тілі, технологияның тілі болуы керек. Олай болу үшін ғалымдардың барлығы қазақ тілінде де оқытылуы керек. Егер өйтпейтін болсақ, онсызда көлеңкеде тұрған тіліміз бірден құриды. Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек қана ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда тілден айырылдық деп есептеңіз!

 

Әлемдегі ең сауатты  ТМД аумағындағы халықтар екені дәлелденген еді. Ендеше, неге біз, білім жүйесі жалпыға бірдей жетілдірілмеген Еуропаның, Батыстың тәжірибесіне сүйенуіміз керек. Алгебраның атасы болған Фарабидің ұрпақтарын әркімнің «қолбаласы» қылғаннан не ұтамыз?

   Сағадиевтің тағы бір шығынды шаруасы, сырттан маман шақыруы. Білім және ғылым министрлігі 2016-2018 жылдар аралығын қамтитын бағдарлама қабылдаған. Соның аясында былтыр шеттен 22 адам қызметке алынса, енді 40 топ-менеджер шақырылмақ. Оларға бюджет есебінен 2 миллиард 78 миллион 200 мың теңге бөлінетінін естігенде ішіміздің удай ашығаны-ай. Былтырғысы 115,5 миллион теңге, биылғысы мынау. Бұл неғылған сұрауы жоқ, ақша десеңізші? Біздің елде оқу орындарын басқаратын бас құрып қап па, әлде? Ол бар менеджерлер ме, жоқ «мертвые души» ма, Құдай білсін.

   Біраз бұрын ЖОО-ның басшыларын сайлау арқылы тағайындау туралы мәселе көтерілген еді. Мұның рушылдықты өршітетінін айтты, біреулер. Гәп, сонда болса, жақсы ғой. Әйтеуір, бұрынғы бір экс-министрдің кезінде ректорлардың министрлікке дипломатпен ақша таситынын еміс-еміс естуші ек. Естіген құлақта жазық жоқ. Жалпы жеке меншігі бар, мемлекеттігі бар оқу орындарына шүйлігу келген министрлердің «ермегі» ғой. Сәрінжіпов те оларды сапырылыстырып кеткен еді. 

   Елбасы нано-технологияны дамыту керектігін танбай тапсырумен келеді. Ал, біздің бұл бағытта тәп-тәуір нәтижеге жеткен кей ғалымдардың еңбектерінің жемісін шетелдіктер жеп жүр. Дұрыс қой, оларда да ауыз бар, күн көру керек. Өйткені бізде отандық ғалымдарды қолдағанша, шеттен келген топ-менеджерлерді асыраған жақсы, ә! Ғылым мен ғалымдардың былықтары ашылып, шу шығып жатыр, қазір. Әрине, министрлерінің сиқы анау....

Білім және ғылым министрлігінің бюджеті триллииондардан асқалы қашан. Ғылымға бөлінбесе, бұрынғыдай қарқынмен мектеп, бала-бақша салынбаса, қайда кетіп жатыр ол ақша?

Мұрат Жұрынов, ҰҒА Президенті, Академик

- Ақша болса, бәріне дайын, ғалымдарымыз. Министрлік бәрінен хабардар. Одан не пайда? Ақша жоқ қой, бәрібір. Біздің айлығымызды өсірсе, мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақыларын өсіру керек болады. Мысалы, біз ғылымға жастарды шақыра алмаймыз. Өйткені беретін айлығымыз төмен. 80 мың теңге береміз. Оған қызыл дипломға бітіргендер келмейді. Ол 80 мыңның 50 мыңын пәтерақыға төлесе, қалған отыз мың теңгеге қалай күн көреді. Жастарды ғылымға қызықтыру үшін ынталандыру керек. Мысалы, жас ғалымдарға арнап жатақхана салу, баспана беру, айлықтарын көтеру керек. Ғылымның олардан басқа проблемасы толып жатыр. Приборлар ескірген. Оны әрбір 5 жыл сайын жаңалап тұру керек. Қазір бәрі электронды. Ол қымбат тұрады. Проблема, көп ғылымда. 

 

   Өткенде, елге қадірлі ғалымдар ЖОО-ның бағдарламасынан «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Лингвистика» сынды бірқатар пәндердің алынып тасталғанын айтып, жоғарыға ашық хат жолдаған еді. Ел-жұрттың бір қайнауы ішінде жүр екен, Сағадиевтің кетуін бірден талап етті. Өре түрегелмей қайтсін, балаларының қанын қарайтып бітті ғой, оның қиюы келіспейтін реформалары. «Қолыңнан келсе, қонышынан бас» деген. Әділет министрлігі қостап, әлгі хаттағыны жоққа шығарып, «қарға қарғаның көзін шұқымастың» кебін кигізді. Сөйтіп, Сағадиев «сүттен – ақ, судан - таза» боп, әдеттегідей қараша «бәлеқор» боп қалды. Министрдің жариялаған бейне-ақталуы қандай әдепке жатады, айтыңыздаршы? Білдей мемлекеттік қызметкерге лайық мәдениет пе, сол?

   Он екі жылдық білім жүйесіне икемдеген сайын, ұстаздың да, оқушының да, ата-ананың да жүйкесі жұқарып жатыр. 8 сыныптық біліммен де әке-шешеміз қатардан қалмаған.11 жыл оқып озат атанғанбыз. 4-ақ класс бітірген ата-әжелеріміз қазіргі балалардың көбісінен сауатты. Сағадиевтің «саясаты» сауат ашуға емес, сауатсыздыққа әкеп соғуда. Оқушылардың сабаққа ынтасы жоқ. Әншейін, амалсыз «ұр тоқпақпен» оқып жүр. Мұғалімдердің де құлықты боп, құлшынып тұрғаны шамалы. Олар жиі өзгеретін әдістемелерді игере ме, ағылшын тілін меңгере ме, мектеп директоры мен білім бөлімдеріне есеп бере ме, балаға оқу үйрете ме, тоқсандық тестілеуге әзірлей ме, электронды күнделіктерді толтыра ма, не істейді?

   ҰБТ деген «сор» пайда болғалы он үш жыл толыпты, биыл. Одан бері де қанша министр ауысты, біреуі тоқтатайын демейді. Қалай тоқтатсын, бюджеттің ақшасын шығындаудың оңтайлы жолы ғой. Өзім мұны «кебенекке» теңеймін. Мына дерекке қарайықшы, 2009 жылы – 260, 2010 жылы – 237, 2011 жылы – 257, 2012 жылы – 211, 2013 жылы – 250, 2014 жылы – 192, 2015 жылы – 86 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап мерт болған. Қазақстан балалар арасындағы суицид бойынша алғашқы орында тұр. Оқу бағдарламасы өте ауыр. Тұрақты жүйе жоқ. Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршін эссе жазады, ертегі құрайды. Қазақ тілінің қыр-сырына қанықпаған балаға, ағылшын тілін жүктеп қойды. Оқушылар ай сайын тест тапсырады. Жоғары сыныптағылар ҰБТ деп «күндіз күлкі, түнде ұйқыдан» қағылады. Жас ата-аналар балаларының басынан нұқып оқытады. Миы шайқалмай қайтеді. Осының бәрі «психоз», «невроз» деген ауруға ұшыратады. Ал, бұған алаңдап жатқан министрлік жоқ. Олар, тестілеуге қызықты сұрақтар енгізіп әлек. Еріккен немелер ғой. Өз басым балаларымның Баян туралы да, басқасы туралы да мүлде ешнәрсе білмегенін қалаймын. Соған жағдай жасаймын. Баян не адамзаттың эталоны ма еді, ұрпаққа үлгі етіп көрсететіндей. Қазіргі оқушылар кешегі тарихын терең түсінбейді, ұлт зиялыларын танымайды, тәуелсіздікке қандай қанқұйлы жолмен жеткенімізді білмейді. Сауатсыздық жайлап барады. Бұған шамадан тыс оқу мен тестілеу кінәлі. Негізі, ҰБТ кезінде балаларды ғана емес, ректорлар мен комиссия мүшелерінің де жүрісін-тұрысын «аңду» керек. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Кезі келгенде ол құпияны да айтармыз.  

  Айдың-күннің аманында әліппесіз қаламыз деп кім ойлаған. Бәріміздің көзімізді ашқан ардақты «Ана тілі» ше? Зиялының баласы тілге зиянын тигізу үшін келген бе, қалай? «Сауат ашу» сабағы деген бір «сандырақты» ойлап тапты. Оқу бағдарламасына енгізіп те үлгерді. Кешегі шудан кейін, ол жойылады деп сендірді, министр. Тағы да, қайран ақша-ай, «Сауат ашудың» мұқабасына кеткен.

   Енді «Әліппе» мектепалды дайындық тобында оқытылатын бопты. «Ана тілі» бірінші сыныптың бағдарламасына енеді екен. Әлемдегі 65 елдің ішінде үй тапсырмасын орындаудан 4-орында тұр екенбіз. Құдай-ай, тегі, одан да экономикалық көрсеткіштер мен халықтың әлеуметтік әлеуеті бойынша ең дамыған ондықтың төрттігіне енсейші, еліміз.

  «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деуші еді. Министр мырза жұрттың баласына қалай жағынарын білмей, «далбасалай» бастады, енді. Үй тапсырмасын жеңілдетіп, мұғалімдердің еңбекақысын көтермек. Министрлік емес, «клоунада» сықылды көрінеді. Сағадиев бір жұмысының оң нәтижесін көрсетсінші. Оқулықтағы олқылықтарға шейін халық түзеп беріп жатыр. Ол кісіге құжаттар, жай бір «промокашка» сияқты ма, қалай? 

   Не десек те, министр мырза оңдырмаған жаңалықтарына жұмсаған қазына  қаржысының есебін беруі тиіс. Ол халықтың ақшасы. Балаларымыз «тышқан», мектептер «полигон» емес қой, әрқайсысы тәжірибесін сынақтан өткізіп кететін. Перзенттеріміз робот емес, тірі жан. Ал, онсызда отбасын асыраудың әлегімен күйбеңдеген ата-аналардың жүйкесіне білім жүйесі тимеуі керек. Бәріміздің басымызды қатырмай, министр Ерлан Сағадиев отставкаға кетсінші.   

 

PS: «Кет дегенде ит те кетеді». Ал, біздің министрлер Президент «кет» демейінше, «омалып» отыра береді. Халықтан да ұялмайды, Елбасыға да абырой әпермейді. Орыстарда жақсы сөз бар екен, анайылау болса да, айтайық: «Реформалаумен қолынан іс келетін адам айналыспаса, боқ қылады» деген. Білім саласында былығы шықпаған не қалды?

Мөлдір Нұрман

Қатысты Мақалалар