«Бізге білім-білігі жоқ, шешім-жігерден жұрдай топас һәм қорқақ әкімдер көк тиынға қажет емес»

/uploads/thumbnail/20170709230648975_small.jpg

"Қамшы" порталы елдің қамын бәрінен жоғары қоятын портал. Сондықтан да ұлттық һәм мемлекеттік мәселе қозғалғанда үнсіз қалуs мүмкін емес. "Қайтіп адам боламыз?" деген сұрақ бәрімізді мазалап жүргенде журналист Қажымұқан Ғабдолланың "Жолдау мен "Толғау"" деген ой-толғауы көзімізге ерекше түсті. Ойландырар, қозғау болар деген мақсатпен материалды оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

"Елбасының жыл сайынғы халыққа арналған жолдауы біркелкі, бірсарынды көрінгенімен, әрине, аздаған айырмашылықтары мен өзгешеліктері бар. Биылғы жолдаудың атауына таң қалдым: «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» депті. Көкейге кенет кептелген сұрақ: «Біз қашан екі рет жаңғырып қойдық?» еді...

...Елбасы – «деді», біздің шақшадай басымыз – шарадай болды...
Әрине, мен Жолдауды түгелдей тізіп-талдап жатудың қажеті болмас, тек қана қарапайым азамат, қатардағы салық төлеуші ретінде өзіме түсініксіз тұстары мен сауалы көп салалар туралы жекебастық ойымды екеуара диалог (сұрақ-жауап немесе Жолдау мен Толғау) ретінде ғана білдіргім келді...

***

ЖОЛДАУ: «Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынумен басталды. Еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді»

«ТОЛҒАУ»: Адамзат баласының арғы-бергі тарихында бір қала салу мен кезекті мемлекеттік бағдарлама қабылдауды – тұтас «жаңғыру» деп атағанды бірінші рет естідім. Мемлекеттің жоғарғы билік органдары әлі Алматыда отырғанда қабылданған «Қазақстан-2030» стратегиясы мен Астана қаласының салынуы – «Екінші жаңғыруымыз» деп атағысы келгендердің еркі өздерінде...

ЖОЛДАУ: «Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі. Қаз­ақ­стан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қа­тарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс»

«ТОЛҒАУ»: Бізді кім қуып барады? Шындап келгенде, сол 30 елде не ақымыз қалды? Жастарымыз ертеңге деген үмітін үзіп, өздерін қол салудан әлемде алғашқы орынға шықсақ; қыздар көшеде туып, сәбиін қоқысқа тұншықтырса; бойында қуаты тасыған өрендер (тіпті, жоғарғы оқу орнын бітірген дипломы болса да) екі қолға бір жұмыс таппай, ұрлық қылса, тәнін сатса; орта жастағылар қайраңға шығып қалған балықтай дем жетпей, бала-шағасын асырайтын жұмыс таппаса; зейнеткердің айлық пұлы он күндік талғажауына ғана әзер жетсе; қол-аяғы сырқыраған қария дәрі алуға ақшасы жетпей, тән азабына шыдап жатып, ақыры, азаппен аттанып жатса... – біз қандай озық 30 ел туралы сөз қозғап отырмыз?!.

ЖОЛДАУ: «2014-2016 жылдар аралығында біз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді»

«ТОЛҒАУ»: Нақты экономикалық өсімді, нағыз бизнесті қолдауды кім сезінді, кім көрді? 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын қай жерде, қай қала мен ауылда ашылды? Қазір жұмыс істеп, өнім шығарып жатыр ма? Осыған жауап беретін шенеунік бар ма? Болса, барлық қоғам белсенділері мен журналистер жиналып, бірге барып көрейік сондай «жұмақты»...

ЖОЛДАУ: «Әлемде Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру – тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік»

«ТОЛҒАУ»: Ұлтқа берілген мүмкіндікті ширек ғасыр бойына, бақандай 25 жылда пайдалана алмаған бізден не үміт, не қайыр?..

ЖОЛДАУ: Бес негізгі басымдық. «Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы»

«ТОЛҒАУ»: Меніңше, өндірісі жоқ елде – экономика да болмайды. Экономикасы жоқ жерде – технология ауада жаңғыртыла ма? Өзіміздің ақылды IT мамандарымызда ысырып қойып, мысалы, қазақтың Білім мен ғылым министрі Ерлан Сағадиев орыстың «Дневник» дейтін еш озықтығы жоқ қатардағы бағдарламасын қызғыштай қорғап, мемлекетіміздің қыруар қаржысын бөліп-қолданса, Қазақ Елінде ешқандай «экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы» деген болмайды...
Тағы бір адасушылық: «Қазақстанда өндіріс­тер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвес­ти­циялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек» дейтін ертегі. Қытай – өте сұңғыла, залым, үлкен ел, ол өзінің нанотехнологиялық жаңалығының иісін де сездірмейді. Қытайға Қазақстаннан керегі бір-ақ нәрсе: ол – жер телімі. Қалғанының бәрі – аңыз...

ЖОЛДАУ: «Екінші басымдық – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай, кем дегенде, 50 пайыз болуын қамтамасыз ету»

«ТОЛҒАУ»: Бұл үшін барлық қадағалаушы және қаралаушы құрылымдарды тарату керек. (Мысалы, қаржы полициясы т.б.). Шұғыл салықтардың сандары мен мөлшерін, кем дегенде, 80 пайызға кеміту керек. Кәсіп ашқысы келген адамға несиені бір сағатта дереу беру керек. Жаңа кәсіпкер үш жылға дейін Салық орынының қайда екендігін білмеуі керек, тек өзінің қуаттанып алуына жұмыс істеуі керек. Мемлекет кәсіпкерге ақыл-кеңеспен, қаржы-тәжірибемен көмектесуі керек. Мәселен, мен өзім шығарған өнімімді сатқым келсе, әкімшіліктен рұқсат алуым қажет болмауға тиіс, керісінше, әкімшілік өзі келіп, сау­да орнымның дұрыс болуын қадағалауы керек. Сонда ғана елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай, кем дегенде, 40-50 пайызға жақындауы ықтимал.

ЖОЛДАУ: «Үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық».

«ТОЛҒАУ»: Алдымен, ірі және шағын бизнесімізді «көлеңкеден» шығарып, микроэкономикамызды тұрақтындырып алайықшы...

ЖОЛДАУ: «Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту».

«ТОЛҒАУ»: Адам дегеніміз – денсаулық, білім, ұлт, тіл, діл, дін һәм рухани жетілу. Бізде мұның бәрі ақсап тұр. Мемлекетіміздің аты – басқа да, сөйлеу тілі – басқа... Ең алдымен, денсаулық пен орта білім алу – тегін болуы керек. Екіншіден, күллі елдің билік тармақтары мен тәмам халқы мемлекеттік тіл – қазақ тілінде сөйлеуге тиіс. «Үштілділік» деп аталатын шалажансар, мәңгүрттік тұжырымдамадан үзілді-кесілді бас тарту керек. Ағылшын тілі – әлемдік хабар-ошар, жаңалықтың аударма тілі ретінде жекеқызығушылық деңгейде оқытыла берсін. Сәбилердің асы мен киімі, балабақшасы мен пәтері; жастардың білімі мен жатақханасы, үйі мен жұмысы; зейнет жасына жетпегендердің тұрақты қонысы мен жұмысы; зейнеткерлердің тұрағы мен жоғары зейнетақысы қамтамасыз етілуге тиіс. Осы қарапайым мәселелер шешімін таппаса, адам капиталының сапасы туралы жұмған аузымызды – ашпасақ та болады.

ЖОЛДАУ: «Бесінші басымдық – институ­ционалдық өзгерістер, қауіпсіздік мәселесі және сыбайлас жемқорлықпен күрес»

«ТОЛҒАУ»: Көп айтсақ та, аз айтсақ та, айта-айта балшыққа айналған іргелі өзгерістер ауадай қажет: сот әділ болсын; шенеунік пара талап етпесін; кәсіпкерге қысым жасалмасын; қойшы – қойын бақсын; тойшы – тәрбие тапсын; халық түгел мемлекеттік тілде сөйлесін; асыл дініміз қорғалсын, ұлықталсын; ұлттық тарихымыз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жаңғырсын, әскеріміз күшті-қуатты болсын; шекарамыз қорғасындай берік болсын т.с.с.

Осының барлығы сұлу сөз бен әдемі уәде емес; нақты шаралармен шұғыл жүзеге асып, өмірімізге дендеп енгізілсін! Ескі өсек-өтірік – өтпейді, жаңа жаңғыру-жетістік– жетпейді, бүгінгі қазақ қоғамының «жүрек қағысы» осындай...

«ЖОЛДАУ»-дың жоралғысы һәм «ТОЛҒАУ»-дың түйіні:
Халық ашығын айтуға дағдыланып келеді: жері мәселесінде табандылық тантыты; Ата Заңымыздағы өзгерістердің келісетін де, келіспейтін де тұстарын «соқырға таяқ ұстатқандай» айқын көрсетіп, жер мен елдің мақсат-мүдделерінің ешкімнің қан­жы­ғасында кетпеуін ескертті; жекелеген заңдардағы (Мысалы, уақытша тіркеу мен айыппұлдардың тым көптігі т.б.) кем­шіліктерге наразылықтарын білдірді т.б.
Бұдан артық билікке не керек? Сонда халықтың қалауы орындалуы үшін, міндетті түрде, көшеге шығу керек пе?.. Қалың қазақ өкімет пен үкіметтен көп сұрап жатыр ма?..

...Жолдауды түгел оқып, терең сіңіруге уақыт керек. Халықтың тағдырына жүрдім-бардым қарауға болмайды. Оқыдық. Тоқыдық. Ойымызды айттық. «Кештеу де болса, естілеу болса» дедік...

...Сонда түйгеніміз: біздіңше, Елбасының рұқсатынсыз дәретхана сала алмайтын немесе дәретхана тұрғызса да, «Елбасының арқасында» деп айтатын әкім-қарарлар түгел қызметтерінен кетуі керек. Бізге білім-білігі жоқ, шешім-жігерден жұрдай топас һәм қорқақ әкімдер көк тиынға қажет емес.

Бізге керегі – шын мәнісінде жаңарған-жаңғырған, өсіп-өнген, бейбіт те берекелі, қарны тоқ-көйлегі көк Қазақ Елі!"

Қажымұқан Ғабдолла

 

Қатысты Мақалалар