Қайнар Олжай. КӨПІР

/uploads/thumbnail/20170708153935192_small.jpg

Халық қаласа, хан түйесін соймай ма? Хан болмасақ та жұртттан жасырып жүрген жалғыз түйемізді жығып беретін болдық. Мәселе былай. Ақиық аға Несіпбек, сайыпқыран ақындар Қалқаман, Ақберен, Ербол, Дәулеткерей, Аманғали және басқалар бас қосқан жиында жалғыз өлең оқып едік. Енді соны бауырларымыз ФБ-да жариялауды талап етіп жатыр. Оны біраз қарындастар қолдапты. Негізі жетпісінші жылдар соңында Қазақ радиосы арқылы оқылған еді. Жастар поэзиясы туралы хабарды жүргізуші Аманхан Әлім мақтаған. Семейде облыстық газетте практикада жүргенде Мерғали Ибраев ағамыздың алдында оқып және бір рет желпіндірген жақсы сөз естігенбіз. Ешқайда жарық көрмеген. Ресми бәйгеден келмесе де, жүлде алмаса да жасырып жүріп жарып шығатын жампозымыз еді. Енді Қалқаман бауыр қолқалаған соң, ортаға шығаруға тура келді. Тура қырық жыл бұрын туған жыр. Аз-маз олқылықтары болса, обалы көпке көрсетуді талап еткен Қалқаман бауырда дерсіздер....

Оралады ойыма бала кезең, таптырмайтын қадалған қаракөз ем. Ауыл жатыр біз өскен, осы ауылды екі жарып, екпіндеп ағады өзен.

Сәнді клуб, магазин, сәнді мектеп, сәнді көше, парк те арғы бетте. Екі ортада долданып асау өзен ұрғылайды тынымсыз жарды бетке.

Еске алуым болмас-ау ерсі тегі, қандай бақыт білмеймін еншіледі. Мектептегі соңғы жыл басталғанда кекілі бар қара қыз көршім еді.

Осы ма екен бір гүлдің ашылғаны, бір құштарлық кеудемде басылмады. Арғы бетке өтеміз жалғыз аяқ көпірменен үйімнің қасындағы.

Жүрегімде сезімдер көшіп алаң, жабысты анық бір ауру осы маған. Оны күнде мектепке барарында ертеменен көпірден тосып алам.

Ұйқы кейін тартқанмен кегежеден қақпасына қараймын терезеден. Жүріп-тұрдым мен ылғи күз бойына жүріп-тұрған көрші қыз ережемен.

Кешкендігім белгілі қандай халды, ғашық жүрек тек соны армандайды. Ол ауырып сабаққа бармаған күн мен себепсіз сабаққа бармай қалдым.

Осы ма екен бір гүлдің ашылғаны, бір сағыныш кеудемде басылмады. Елеместен көпірден өтіп жүрді, ұнатпасын қара қыз жасырмады.

Сияқтанып тұрсам да алаңсыз жан сырымды аштым сөз айтпай, қаламсыз да. Мені көріп, содан соң көрмегенсіп ол көпірден өтуші ед амалсыздан.

Мен боспын ба, әлде сол қыз қатты ма? Ақ көрпесін үстіне түз жапты да, мектепке төте тартып кетті бір күн, суық түсіп өзенге мұз қатты да.

Жүргенімде бар жаннан теңдес көрмей, кетеді ме көрші қыз енді ескермей? Асыға күтіп жүрдім көктемді мен, "әуселеңді көрем деп сең көшкенде".

Сең де көшті, қызыққа батты халық. Қара қыздың мерейі асты ма анық? Бейкүнә махаббатым бірге кетті... ...бара жатқан көпірмен тасқын алып! 1976 жылғы қыркүйек.

(Facebook-тегі парақшасынан алынды)

Қатысты Мақалалар