АНА СҮТІНЕ ЖАРЫМАҒАН БАЛА ӨМІРДЕ ДЕ ЖАРЫМАЙДЫ

/uploads/thumbnail/20170709231223714_small.jpg

Өткен аптада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биофизика және биомедицина кафедрасында ҚазҰУ-дің белгілі ғалымдарының еңбек жолына арналған «Өнегелі өмір» кітаптар сериясында жарық көрген биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Дюсембин Қабдрахман Дюсембіұлы еңбек жолына арлалған кітаптың тұсау кесу рәсімі өтті.

Қ. Д. Дюсембинның негізгі ғылыми бағыты – лактацияның нейрогуморальды реттеу тетіктерін анықтауға бағытталған. Ол 240-тан астам ғылыми жұмыс жариялады, оның ішінде 5 монография,  3 оқу құралы, 2 патент және  7 ғылыми-әдістемелік құрал жазған. Оның жетекшілігімен 27 ғылым кандидаты және 3 ғылым докторы диссертациясын сәтті қорғаған. Оның шәкірттері бұл күнде Вьетнам, Моңғолия, Ресей, Украина және Франция елдерінде қызмет істеуде.

 Қабдрахман Дүйсембинұлының докторлық диссертациясына арқау болған және ден қоя зерттеген тақырыбы «адам және жанаурлардың сүттілігі», дәл осы бағыт бойынша ол кісінің ұйымдасыруымен республикамызда ең алғаш 1970 жылы «Лактация физиологиясы» зертханасы өз жұмысын бастады. Осы зертханада сүт шығару рефлекстері, гормондық реттелу механизмі, малдың сүттілігін алдын-ала болжау т.б., бағыттарда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп нәтижесінде «Малдың лактациясының тежелуі мен жеделдетілуі» деп аталатын Қабдырахман Дүйсенбиннің монографиясы жарық көрді. Осы монографияда дәлелденген теорияны өндірістік тәжірибеде пайдаланған сол кездегі совхоз-колхоздар бір жылдың өзінде ғана сауын сиырлардан сауылған сүттен бірнеше есе көп пайда тапқан. Бұл жаңалық қазір де құнын жоймай ауылшаруашылығында кең көлемде қолданылуда.

Тек ғылымдағы мәселелер ғана емес, қоғамдағы әртүрлі келеңсіз жайттарды да өз назарынан тыс қалдырмайтын ғалымның осы Өнегелі өмір кітабына енген бұрында жарық көрген, ана сүтінің маңызы турасындағы ғылыми зерттеу мақаласы осы реткі жастармен кездесудің басты тақырыбы болды. Мақала мазмұны төмендегідей;

Бала шыр етіп туғанда оның тіршілігіне қажеттісі ауа мен сүт. Ол анасының құрсағында жатқанда қоректік заттарды анасының бойынан алған. Енді  ол тіршілікті ортаға  шықты. Өз бетімен  өмір сүріп, өсіп жетілуге бейімделуі тиіс, бірақ  әлі де болса, оның  организмі  жеке өмір сүре алмайды. Ересек балалар жейтін  тағамдарды ол жей алмайды және оның ас қорыту мүшелерінің қызметі  әлі жетілмеген. Сондықтан оның тіршілігіне керек тамақ -  анасының сүті.  Өйткені онда нәрестеге керек  қоректік заттардың  бәрі бар. Ана сүті табиғаттың өзінің балаға деп жасаған тағамы. Бұл - бір.

Екіншіден, бала емізу - анасы үшін үлкен бақыт. Босанғаннан кейін қиналғандарының бәрі сол сәтте-ақ ұмытылады. Босанған әйелдің жаны  жай тауып, жаңа бір  психофизиологиялық күй пайда болады. Бойы елжіреп, рахаттанып, баласына деген зор мейір пайда болғандықтан, сәбиін аймалап, иіскеп, құшақтағаннан кейін, маужырап ұйықтап қалады. Біраз уақыт демалғаннан кейін, сәбиін қамқорлап, тамақтандыруға  тырысады. Ананың бұл қамқорлығы  оның бойында уыз бен сүттің жиналып, баланы тамақтандыруға әйел организмін  бейімдейді.

Ана сүтінің  құрамы  басқалардан  ерекше. Мұнда нәрестенің өсіп, дамуына қажетті заттардың бәрі бар - ақуыз, май, лактоза қанты, минералды тұздар, дәрумендер, ферменттер және иммундық  заттар бар. Сиыр сүтінде болмайтын, өте аз болатын лактоферин, лизоцим, А-иммуноглобин ана сүтінде жеткілікті мөлшерде болады. Бұл иммундық, ферменттік заттардың бактериоциттік қасиеттері  жас нәрестенің  ауырудан сақталуына өте қажет. Сондықтан анасын емген бала ауырмай өседі. Ауырса да, жеңіл ауырып, тез жазылып кетеді.

Ана сүті баланың бойына тез сіңеді. Ал сиыр сүті балаға жақпайды. Себеп екеуінің айырмашылығында (1-кесте).

 

1-кесте. Ана сүті мен сиыр сүтінің  айырмашылығы

 

Құрамындағы заттар

Ана сүті,

%

 Сиыр сүті

  Ерекше қасиеттері

Казеин

0,2

2,7

Ана сүтінің  ақуыздарының амин қышқылдары  нәресте тіршілігіне аса қажет.

α-лактоальбумин

0,3

0,1

Лактоза

7,0

4,8

Ана сүтінің  қанты қуатты.

Май

3,8

3,7αγτ

Қанықпаған май қышқылдары ана сүтінің сапасын жоғарылатады. Тез бойға сіңіп, зиян келтірмейді.

С  дәрумені

4,3

1,6

 

Е  дәрумені

6,0

1,0

 

 Са

33,0

125,0

 

Йод

7,0

21,0

 

Fe (темір)

0,15

0,1

 

Сүт безінің секреті (секрет - өнім) жүкті әйелдің  төрт айлығында түзіле  бастайды, бірақ уыз сүті босанар алдында ғана жетіледі. Босанғаннан кейін 5 күн уыз шығады. 6-шы күннен бастап уыз нағыз сүтке айнала бастайды. 7-ші күні нағыз қалыпты сүт шығады. Оның құрамы 1-ші кестеде көрсетілгендей  қалыпқа келеді. Дегенмен әр ананың сүтінің өзіне тән ерекшелігі болады. Анасының ішіп-жеген тамағына, денсаулығына, жасына, көңіл-күйіне  байланысты  сүтінің құрамы мен сапасы өзгеріп тұрады.

Анасының  қабылдаған дәрі-дәрмектері де сүтіне шығып сәбиіне  беріледі. Сондықтан денсаулығына қарай, дәрі  қабылдау қажет болса, бала дәрігерімен кеңесіп,  балаға  зақым келтірмеуін ойластыру керек.

Жүкті және бала емізетін әйелге құрамында алкоголі бар ішімдікті ішуіне, темекі тартуына болмайды.

Біздің зертхананың  Алматының Медеу ауданындағы №2 әйелдер  кеңесханасында (консультациясында) жүргізілген зерттеу жұмыстарының  нәтижесі  бойынша, 6 айға дейін ана сүтінің мөлшері тәулігіне 700 мл-ге жуық болады. Дәлірек айтсақ, орта есеппен алғанда тәулігіне 1-ші айда  707 мл, 6-шы айда  742 мл болады.  Алайда кейбір ананың  сүті 400 мл шамасында, ал кейбірінде  3 литрге дейін болады. Сүті мол аналар дендері сау болса, сәбиінен артып қалған сүтін басқа балаға беруіне болады.

Ана сүтінің шығуы баласының емуіне байланысты. Бала неғұрлым жақсы еміп, емшектегі сүтін түгел сорып алса,  соғұрлым сүт безінің сүт өндіру қабілеті жоғары болады. Яғни қазіргі  нарықтық  экономикалық қатынас сияқты: сұрауына сай өнім шығарылады.

Мұның физиологиялық тетігі бар. Бала емгенде емшектің  жүйке тамырлары тітіркенеді. Олардың ұштарында пайда болған нерв импульстері миға беріледі. Мидың  гипофиз дейтін бөлігі  окситоцин гормонын шығарады. Ол қанмен сүт безіне келіп, оның  альвеолаларында жиырылу тудырады да сүтті  емшектен шығарады.

Ана сүтінің сапасына   экологиялық жағдай да әсер етеді. Азық-түлікте  пестицидтер көп болса, ана  сондай азықты жесе,  оның сүтіне пестицидтер  қосылып,  баланы уландыруы да ықтимал.

Ал қазіргі кезде  сиырдың сүтінде бұларға қоса, қорғасын, кадмий іспетті зілді металдар қалыптан  10-15 есе  көп болып тұр. Сондықтан сиыр сүтімен емшектегі нәрестені тамақтандыруға болмайтын себебінің бірі осы.

  • Анасы  сүтімен жарыта алмаған немесе  асырамай тастап кеткен балаларға

жасанды сүт, яғни сүттің негізінде дәрумендер мен басқа  қосымшаларды  қосып жасалған  жасанды «сүт» талапқа толығымен  сай бола ма? - деген  сауал туындайды.

  •   Жоқ, болмайды. Ана сүтін ешбір басқа сүт те, жасанды  тағам да  ауыстыра алмайды. Химиялық құрамы жағынан тек қана бие сүтінің құрамы   әйел сүтіне  өте  жақын болады. Бірақ оның құрамындағы иммундық қасиеттері ана сүтіндегіден  төмендеу. Ал басқа амал болмағандықтан, бие сүтін таза күйінде,  ештеңе қоспай, нәрестеге беруге болады. Бірақ бие сүті  табыла  қоя ма? Әсіресе, қыста бие сауылмайтын кезде. Онда, амал жоқ,  ешкі не сиыр сүтінен жасалған  қоймалжың тағам беруге тура келеді. Бірақ  ондай сүттерді қайнаған сумен  араластырып, сұйылтады. Сиыр сүтінде балаға қажетті гормондар мен ферменттер болмайды, не өте аз болады.  Мысалы,  сиыр сүтінде тироксин гормоны жоқтың қасы, өте аз мөлшерде болғандықтан  сәби организміне жеткіліксіз болады. Балалардың жасанды тағамдарын дайындаудағы ең қиыны осы. Ана сүтінің тиреотропин гормоны  баланың  ішектерінен  өзгермей, қанға  өтеді, оның сәбидің экдокриндік жүйесінің дұрыс қалыптасуына  маңызы бар.

Ғылыми дерекпен айтқанда,  ғасырлар бойы, адамзаттың тарихи  қалыптасуынан бастап,  ана сүті ұрпақты дұрыс  өсіріп,  жетілдіруге арналған. Сондықтан бұл заңдылық бұзылған жағдайда  нәрестенің дұрыс өсіп жетілуіне әсері болмай қоймайды. Ондай бала ана сүтін емген баладай  болмайды. Ең  кем дегенде ананың уыз сүтін және алғашқы  үш ай ана сүтін емізу керек. Ең  дұрысы  - 8-9 ай бойы баланы, аз да болса,  өз анасының сүтімен  тамақтандырып,  біртіндеп басқа тағамға  ауыстырған жөн болады. Жасанды сүтпен  қоректеніп жүрген баланың ден саулығы төмен болып, түрлі инфекцияны тез жұқтыратын болады. Денесінің өсіп жетілуі де  төмен болады, салмағы мөлшерден тыс ауыр болуы мүмкін. Бұл оның  мезгілінде аяғын басуына көп кедергі болмақ.   Бұған қоса, адам сәби кезінде ана сүтіне жарымаса, кейіннен оның денсаулығында ақау көп болады деген  ақпараттар да кездеседі, яғни ана баласын өз сүтімен жарытып емізсе, оған өмірлік денсаулық береді деп айтуға болады.

Осы мәліметтерді  зерттеп, қорытып, халықаралық  ЮНЕСКО-ның комиссиясы шешімін жариялаған, жаңа туған баланы, тек ана сүтімен асырау керек деп тұжырымдаған болатын. Сол доктрина бойынша, баланы емшектен 4 айға дейін айыруға болмайды.

Ал біздің  зерттеулеріміз бойынша, Қазақстан жағдайында, қазақтың  менталитетінің негізінде баланы  6 ай бойы  емізген дұрыс. Баласын  жақсы көретін аналар одан да ұзақ емізеді.

Біз Алматының Медеу ауданындағы №2-әйелдер кеңесханасында (консультациясындағы)  есептегі аналарды бақылауымызға алдық. Түсіндіріп айтқаннан кейін аналардың көбі балаларын 6 айдан артық, кейбіреулері 1,5-2 жасқа дейін емізді. Сүті тартылмауы үшін біз оларға ғылыми тұрғыдан кеңес бердік. Нәтижесінде жыл сайын бала емізу кезеңін ұзартқан аналардың саны көбейді.

Бұл мәселенің екінші жағы бар. Кейбір әйелдер, әсіресе жастай бірінші рет бала көтергендер дұрыс босанғанымен,  баласын емізгенде сүт шықпайды, аз шығады.  Сәбиін сүтке жарыта алмай, қиналады.

Ана сүтінің тартылуын, яғни мөлшерден тыс азаюын  г  и п о г а л а к т и я   дейді.

Ол екі түрлі болады: туа пайда  болатын және  жүре пайда болатын гипогалактия. Біріншісі - тұқым қуалайтын түрі, яғни  шешесінен қызына беріледі, сүт безі өсіп жетілмегендіктен, емшегі үлкен болса да, сүт шықпайды.

 Гипогалактияның екінші түрінде лактациясы дұрыс басталады, бірақ бала емізіп жүрген ананың ішіп-жеген  тамағы не жеткіліксіз, не  құнарсыз, сапасыз болғандықтан, стресстің әсерінен, көңіл-күйінің бұзылуынан лактацияны реттеу гормондары жеткіліксіз болып, сүттің өндірілуі мен сыртқа шығарылуы  нашар болады, яғни ананың сүті тартылады.

  • Сүттің тартылуының алдын алу үшін  қандай шара қолдануға болады?
  • Алдымен оның себебін білу керек.

Біріншіден, мүмкін анасының сүті бар болғанымен, бала әлсіз болып, тез шаршап, дұрыс ембеуі мүмкін. Ондай жағдайда емізіп болғаннан кейін қалған артық сүтті сүтсорғышпен  емшектен түгел шығарып отыру керек. Алғаш кезде әрбір 1,5-2  сағат сайын сүтті сауып, емшектің ішкі қысымын азайту керек.

Екіншіден, анасының істейтін шаруасы көп болып,  баласын  тұрақты бір мезгілде емізбегендіктен, сүт шығару рефлексі біртіндеп жойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда алғаш кезде  ананың емшегінде сүт көп жиналып, қысым өсіп кетіп, жаңа  сүттің  түзілуін тежейді де біртіндеп әйелдің сүті тартылады. Онымен қоса,  көп шаршағанда  да сүт азаяды.

Үшіншіден, сыртқы ортаның жағдайлары дұрыс болмаса, немесе  үй ішінде реніш көп болып, маңайындағы жанашырларының іс-әрекеттеріне бола ренжігенде стрестің әсерінен адреналин, кортизол гормондары  қанның құрамында көбейіп кетеді де олар  сүттің шығуын тежейді, ал  қайталана берген жағдайда, сүті тартылады. Мұндайда баланы емізер алдында жақсы көретін ән-әуендерді тыңдап, баласына қарап, онымен сөйлесіп, күліп, стресс тығырынан шығып алып, баланы емізу керек. Стресс күшті және  жиі  әсер етсе, емшектің  тесігі тарылып, сүттің шығуы азаяды, бұндай жағдайда ана еміренгенде сүт  сау етіп еркін шықпай, сызғылайды, баланың жағы талып, емшекті сормай қояды. Мұндайда  дәрігерлермен (педиатр, гинеколог) кеңесіп, балаға жәрдемдесудің  жолын іздеу керек.

Кеңес: Қандай  жағдай болса да, ананың сүті  аз болса, немесе  алғашында  көп болып, тез  тартылып бара жатса, анасы өзіне–өзі көмектесе алады: емшектің жоғарғы жағын жылы сумен сүртіп, жайлап уқалап, сылау керек, яғни массаж жасау керек; баласын жиі аймалап, тіпті шаруа істеп жүрсе де,  есіне алып,  емізгенде мейірін төксе, ананың  қанында  жоғарыда  жазылған окситоцин гормоны  қанға көптеп шығып, сүтті өндіруге, шығаруға мүмкіндік туады;  ыстық сорпаны,  сүт құйған шайды, басқа да сұйық тамақты  көбірек ішіп,  анасы  ішіп-жеген тамағына  әрдайым ұқыпты назар аударуы тиіс. Тамақтың құрамында сүтті өндіруге көмектесетін пияз, көкөніс, оңай сіңімді  ақуыз сияқты тағамдарды  пайдалану керек. Бірақ анасының жеген тамағы, сәбиге сүтпен беріледі деген едік. Сондықтан сәбидің ас қорыту мүшелері толық жетілмегендіктен,  ересек адам жейтін кейбір тағамдардың зат алмасуынан  пайда болған заттарын нәресте қорытып, сіңіре алмайды,  мысалы, тұздалған көк өністер, қырыққабат (капуста), қанты көп  жемістер (алма,  жүзім), т.с.с. тамақты  анасы  жегенде сәбидің ішін кептіріп, ауыртады.

Емшектің  күтімі  дұрыс  болмаған  жағдайда, әсіресе сүт көптеп шыға бастаған алғашқы 2-3-ші күндері, сәби  емшектегі барлық сүтті толық еміп үлгермейді. Сондықтан   қалған сүтке жаңадан түзілген сүт  қосылып,  емшектегі қысым күшейіп кетеді де ауырта бастайды. Егер  баланы емізгеннен кейін  қалған сүтті сауып немесе сүтсорғышпен  шығармаса,  ананың емшегі қатайып, ауырады. Ал егер  сәби емшекті қатты соратын болса, оның ұшы жарылып, емшекке инфекция өтіп, анасы  кеудесін жылы ұстамай, ашық жүрсе, сүт бездері қабынуы, яғни мастит пайда болуы мүмкін.  Сүт безінде шоғырланған ұлпа түйіндері қолмен  ақырындап ұстағанда байқалады, ананың  денесі қызады (температурасы 37-38оС-қа дейін, тіпті одан да көп көтеріледі). Ауырған емшекті балаға емізуді жалғастыра беру керек және емшектің қатайған жерін  ұшына қарай   ақырындап сипап, уқалау керек. Оның сүті балаға зиян келтірмейді. Ісінген жердегі қалдық сүтті  мейлінше толық  шығаруға тырысу керек.

Емшек ісіп ауырса, дәрігерге көрсетіп, емдеу шараларын толық орындау керек.

Қорытып айтсақ, біздің болашақ үмітіміз – балаларымызды туғаннан бастап, емізіп, өсіріп тәрбиелейтін ананы қадірлей білейік. Оның баланы жарытып емізуіне  жағдай тудырудың маңызы зор. Біздің елімізде  балалы анаға   жәрдем көрсету біршама  жақсы заңдастырылған. Ал  сол заңды орындау, ана мен балаға жағдай жасау  ең алдымен отбасының, содан кейін жергілікті  мекемелердің  міндеті. Егер әрқайсымыз өз міндетімізді дұрыс орындасақ, біздің болашағымыз жарқын болмақ.

 

Сұлтан Төлеуханов

Әлібек Ыдырысұлы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Биофизика және биомедицина кафедрасы

 

Қатысты Мақалалар