Соғыстың өршіп тұрған кезі, еркек атаулының бәрі қан-майданда өлім мен өмірдің арасында жанталасып жүр. Ауылдағы ауыр жұмыс аналарымыздың мойнына артылды.
Сол кездерде әр ауылға әкімдер басшылық еткен. Ол әкім қараларды халық құдайдай көрді. Олардың сөзі сөз, заңы заң. Байғұс аналарымызды аямай жұмысқа салған. Тіпті, түнгі 1-2-ге дейін жұмыс істеткен кездері көп болды. Жұмысқа бармаса немесе кешігіп қалса, шыбық астына алған.
Әкім не айтса да, не істесе де, халық үнсіз ғана көнген заман еді. Дүниеде әкімнен асқан патша, әкімнен асқан дана жоқ деп ойлайтын. Содан бір уақытта сол ауылға Бауыржан Момышұлы келетін болды. Ауыл тұрғындары ел батырымен кездесу үшін жапа-тармағай клубқа жиналды. Ортаға шығып ауыл әкімі сөз сөйледі: «Мына қазақтың батыры, майданда қан кешіп жүрген Бауыржан» деп мақтауды жаудырып жатқанда Бауыржан Момышұлы әкімнің сөзін бөліп жіберді. Халық таң қалды, әкімнің сөзін бөлу деген оларда атымен болмаған. Ал батыр басын басқа жаққа бұрып:
– Әу, көке! - депті бір ақсақалға: - Менің әкем қайтыс болғанда неге басына барып құран оқымадың? Ана кісі сасқалақатп, былай деп жауап береді:
- Шырағым Бауыржан, ол кезде қыс қатты болды, көлік қозғалысы қиын болды...
– Жоқ, көке, сенің сылтауың ол емес. Сені құдай жоқ, «дін – апиын» деп жүргендер мына құдайсыздар ғой, - деп сол жерде тұрған әкім қараны көрсетті: – Көке, құдайдан безбе, құдайдан безбе! Құдай жоқ дегендер боқ жепті. Егер Алла жоқ болса, мына оттың арасынан мен тірі келем бе? – деген екен.
Соғыс еңсесін басып, бастары салбырап отырған халықтың рухын батырдың сөздері көтеріп жіберді.
Содан Бауыржан Момышұлы шығып бара жатқан кезде анасының етегіне оралып бес жасар бала тұрды. Батыр анасының көзіне қарап «Жише, мына баланы өлтіріп алма, мынау адам болады» депті. Сол бала қазаққа аты танылған жазушы, әдебиетші Шерхан Мұртаза еді.
Youtube желісіндегі Ардақ Назаровтың айтқан ақпаратынан