Америкалық режиссер Брэндон Ли Батыс Моңғолиядағы қазақтардың өмірі туралы видеоролик түсірді. «Моңғолия көшпелілері» атты қысқа метражды ролик National Geographic АҚШ-тың ұлттық географиялық қоғамдастығының Ютубтағы арнасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат
Ли заманауи көшпенділердің тұрмыс-тіршілігін, дәстүрлі ойындарын, аңшылығын, қысқа дайындығын көрсетті. «Мен Моңғолиядағы түсірілімді ұмытпаймын - бұл өте керемет әрі қиын түсірілім болды. Күннің қатты суытуы қиындық тудырды. Жасаған видеоролигімізде түрлі-түсті түзетулерді қолданғандықтан күн жылы сияқты көрінеді. Бірақ ауа температурасы нөлден төмен еді. Түсірілім кезінде қол-аяқтарым тоңғаннан қимылға келмей қалды», - деді ол Look.tm басылымына берген сұхбатында.
«Суықтан бөлектен, азық-түлік жағы да қинады - көшпелі қазақтар піскен еттен басқа көп ештеңе жемейді екен. Мен әдетте балық пен көкөністерді көп жеймін, ал мұндай күнде ет жеуге тура келді. Етті шайнап, жұтуға өзімді мәжбүрледім. Теңіз өнімдерін көретін күнді асыға күттім», - деп атап өтті Ли.
Оның айтуынша, Моңғолия қазақтары - қонақжай халық. «Моңғолиядағы көшпелілер қалай өмір сүреді? Күн сайын - ауыр еңбек. Олар үнемі жұмыс жасап, қимыл-қозғалыста болады. Өте көп мөлшерде ет жейді. Сайыстар ұйымдастырады - оған машықтанбай, шынықпай қатысу мүмкін емес. Өжеттілік қажет. Олардың шыдамдылығы мені қайран қалдырды. Бүркітші-аңшылар күні бойы ер-тоқымның үстінен түспей, сағаттап суықта отырып, қоян немесе түлкіні аңдиды. Олардың балалары да сондай. Кәмелетке толмағандардың өзі аттың құлағында ойнайды», - деп атап өтті режиссер.
«Көшпелілер, әрине, заманауи техникаларды қолданады. Олардың көбінде теледидарлар мен ұялы телефондар бар. Олар киіз үйлерін жүк көліктерімен көшіреді. Бірақ, бұған қарамастан, ол жақта өзіңді 19-ғасырға оралғандай сезінесің», - деп түйіндеді Брэндон Ли.
Пікір қалдыру