Астана полицейлері ЭКСПО қарсыңында көше кезіп жүрген қайыршылар бас қаланың көркіне нұқсан келтіреді деп уайымдап жүр.
Ішкі істер департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров Астанадағы қайыршылар мен үйсіздерге қатысты жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтты.
«Иә, бұл күрделі мәселе. Қайыршыларды заңдық тұрғыдан екінші мәрте полиция бөлімдеріне шақыра алмайды. Бірінші рет әкелдік, үйсіз қайыршы екені анықталды. Бірақ ол Қазақстан Республикасының азаматы және елдің қалаған жерінде күн кеше алады. Сондықтан, оларға қандай да бір шара қолдануға біздің құқымыз жоқ», - деді Амантай Әубәкіров informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында.
«Көбіне көше кезетіндер – кішкентай балаларымен жүрген сыған әйелдер Оларға күштеп шара қолдана алмаймыз. Өз еркілерімен елден кету үшін шаралар қолданылған. Бірақ, ешкім өз еркімен кеткісі келмейді».
Оның үстіне қайыр тілейтіндер бір жерде отырмайды, бір базардан бір базарға, бір көшеден бір көшеге ауысып жүреді.
«Олар кішкентай балаларымен жүргендіктен күштеп елден шығару шаралары қолданылмайды, заңда рұқсат етілсе де. Бұл мәселе де қарастырылуы тиіс. ЭКСПО уақытында олар астанамыздың көркін құртады деп уайымдаймыз», - деді Амантай Әубәкіров.
Қайыршылардан құтылу жайында ойды алғашқы болып әкімнің орынбасары Андрей Лукин айтқан. Сондай-ақ, ол 2017 жылдан бастап бұрын істі болғандарды бас қалаға кіргізбеу жөнінде ұсыныс тастады. Оның ұсынысын Жергілікті полиция қызметінің жетекшісі Бақытжан Майлыбаев қолдап, шара қолдану керектігін айтты.
ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі Астана қаласында маусым айының 10-ы мен қыркүйектің 10-ы аралығында өтеді.
Пікір қалдыру