Көбіне адамдар 12 мүшесі сау, түр-әлпеті, дене бітімі мінсіз бола тұра өміріне налып жүреді. Не жетіспейтіні белгісіз, әйтеу өз-өздерін бағалаудан қалады. Алайда, өмірде келбеті ұсқынсыз немесе мүгедектікке шалдыққан қаншама қыз-жігіттер бар. Басқаларының жанында олар өмірге налуға құқылы. Бірақ, олай істемейді. Керісінше, жігерленеді, өмірге деген құлшынысы ерекше болады, бойларына бәрін жеңуге дайын батылдық дариды. Сондай, кейіпкердің бірі америкалық Эшли Сото.
Витилиго ауруымен ауратын қызға елдің бәрі мазақтап қарайтын. Алайда, қыз ауруын жеңіп шықты. Жоқ, ауруынан айығып кетті деген сөз емес, өз ауруын өнер туындысына айналдырды.
12 жасында америкалық Эшли Сото әлем бойынша адамдардың 1%-ы ғана ауратын витилиго ауруына шалдығады. Кішкентай кезінде мойнына ақ дақтардың түсуінен бастап, уақыт өте келе денесінің 75%-ын жайлады. Әрине, бұндай аурумен қыз балаға күресу қиын тиетіні анық. Әрдайым достарының мазағына қалатын, онымен ешкім араласқысы келмеген. Сол үшін қыз денесін түгелдей жауып тұратын ұзын көйлектер киіп жүретін.
Алайда, өмір бойы бұлай жасырынудан денесіндегі дақтар кетіп қалмайды ғой. Қыз бәріне көнуге бел байлайды. 21 жасында Эшли өз бейнесін жақсы көре бастайды. Өз-өзін қалай бар солай қабылдайды. Жұрттан жасырынуын доғарады. Сөйтіп денесіндегі даққа айналған бөліктерін түрлі түске бояп, ауруын өнер туындысына айналдырады. Бүгінгі күні Эшлидің денесінен әлемнің картасын көре аламыз.
Қазір бұл ару инстаграмда 84 мың оқырманы бар танымал блогер. Өзінің денесіне түрлі суреттер салып жұртты таң қалдырып жүр. Оның қиялының шегі жоқ іспетті.
«Мен өз денемнің сұлулығын қара маркермен сурет салған кезде көрдім. Оған дейін өзімді әдемі деп есептемейтінмін» -дейді Эшли. Оның айтуынша, өзін сол кейпінде жақсы көруге ықпал еткен боди-арт өнері екен.
Адам өмірге сыналу үшін келеді. Ал, сын міндетті түрде қиындығын ала келеді. Алайда, адамдардың сыналғаны емес, сол сынды қалай өткергені маңызды.
Пікір қалдыру