Америкалықтар асырап алған қазақ қызы: Мені Отаныма домбыра үні шақырды

/uploads/thumbnail/20170709232642457_small.jpg

5 жасында америкалықтар асырап алған қазақ қызы 16 жасында Қазақстанға, Отанына қайтуға бел байлайды. Білім алу үшін келдім деген қыздың еліне оралуының себебі басқа еді. Домбыраның сыңғыырлаған үнін естіп, Отанына біреу шақырғандай болды Жаннаны.

16 жастағы Жанна бүгінде КИМЭП студенті. Қазақ тілін меңгеруді қолына алып, туған жері жайында кең зерттеп жүр. Елге қайтуға асырап алған анасының септігі тиген көрінеді. Себебі, америкалық анасы қызға жастайынан Қазақстанның мәдениетін таныстырумен келеді.

Жаннаның америкалық ата-анасы жас күндерінде Азия елдеріне саяхат жасауда ұнатқан екен. Сол кезде осы бір керемет өңірден бала асырап алуды армандайды. Кейін өздерінің тұңғыштары өмірге келген тұста отағасы жүрек талмасынан көз жұмған. Ал жалғызбасты ана жарының арманын орындау мақсатында бала асырап алу жолын іздестіре бастайды. Табады да. Таңдауы Қазақстанда тәрбиеленіп жатқан Жаннаға түскен. Ұзақ уақытқа созылған асырап алу процесін бастан өткеріп, жетім қызды өз еліне алып кетеді. Ел қатарлы тәрбие беріп, білім аулына бар жағдайды жасайды. Оның қазақ қызы екендігін үнемі есіне салумен болады.

«Мен Канзастағы (АҚШ) мектепте білім алдым. Онда азиялық нәсілден үш бала ғана болдық. Қазақтар болған жоқ. Ол кезде мен өз елімнің мәдениеті туралы тым аз білетін едім. Анам маған қазақ екенімді, туған жерім Қазақстан деп аталатындығын үнемі айтумен болды. Ол маған қазақ тілін үйрететін оқытушы табуға да тырысқан еді. Бірақ ондай мүмкіндік болмады. Бірде мен Нью-Гемпширде асыранды балаларға арналған қазақ тілді жазғы лагер барын білдім. Анам мені сол жерге алып барды. Нәтижесінде лагерді ұйымдастырушы еріктілердің бірі Ерден менің Алматыға көшіп келуіме жәрдем берді», – дейді Жанна.

Ол лагерьде жүрген кезде қазақтың дәстүрлі дастарханынан дәм татып, ұлттық мәдениет туралы танымын кеңейткен. Домбыра үнімен де осы жерде танысқан екен. Артынша қазақ даласына келуді мақсат тұтады. Өйткені нағыз қазақ болу үшін шетелде емес өз еліңде өмір сүру керек. Сондықтан да қосымша жұмыс істеп, қаржы жинауға көшкен. Айтуынша, алғашында қонақ үйге тазалықшы болып орналасады, кейін өзі оқитын колледждің медиа орталығының СММ – менеджері болып қызмет етеді.

Жанна Имел 2016 жылдан бері КИМЭП студенті. Ол қазақ тілін үйренуді әлі де жалғастыру үстінде. Аз уақыттың ішінде еркін меңгеріп алуды мақсат тұтыпты. Сонымен қатар Қазақстанды да зерттеу үстінде екен. Бала күнінен қалған естеліктері жоққа тән. Әрі америкалық тәрбиесі мен менталитеті бұл өңірдің табиғатына сай келмейді екен. Ол сабақтан бос уақытында балаларға ағылыш тілінен дәріс береді екен. Қазақ даласына келгеніне қуанышты

«Мен қазақ тағамына әбден үйреніп алдым. Тіпті ет асуды да меңгердім. Адамдар менің арманым туралы естіген кезде қолдан келгенше көмек беруге тырысады. Менің сөздік қорым жаңа сөздермен толықты. Қазақ тілді ортада өзімді ұстауды үйрендім. Мен Қазақстанға келгеніме және бұл шешімімді анамның қолдағанынан бақыттымын», – дейді Жанна Имел.

Фото: Владимир Третьяков

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар