15 наурызда Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы: зерттеу, жүйелеу, насихаттау» атты ғылыми конференцияда ғұмырын қазақ тілі тарихы мен грамматикасы, тіл мәдениеті мәселелеріне арнаған ҚР ҰҒА академигі, филол. ғ.д., профессор Рәбиға Сыздықтың жасаған баяндамасы.
Оқу-ағарту идеясы – А.Байтұрсынұлының қоғамдық қызметінің арқауы, азаматтық борышының негізі, идеологиялық платформасының тіреуі болды. Бұл платформаны мықтап ұстауға алып келген – оның өз халқының тағдырын ойлаған қам-қарекеті. А.Байтұрсынұлы – ұлттық рухымыздың ұлы тіні. Ұлттық рух деген – ұлттық намыс қой, қазақ екенін сезіну. Соны бастап берген, сары маса болып ызыңдап, бүкіл халықты «қазақпын» деп көтерілуге шақырған – Ахмет Байтұрсынұлы.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы, ұлттық ғылымының арқауы дер едім. Неге? Басқа ұлттың ғалымдары (орыс ғалымдары): «Қалайша мектеп оқулықтарын ғылымның басы дейсіз?» – деп таңғалады. Әрине, бұрыннан оқу-жазуы бар, ғылымы бар, университеттері осыдан үш жүз, төрт жүз жыл бұрын ашылған халықтар үшін ғылымның бастауын мектептен бастау оғаш көрінетін шығар. Шындығында, қазақтың ұлттық ғылымы – қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тарихы. Физика – қазақтың ұлттың ғылымы емес, биология – ұлттық ғылым емес. Әрине, ондай ғылым салалары қазақ үшін керек, қазақтар зерттеп жатқан ғылымдар. Бірақ қазақтың нағыз ұлттық ғылымы – қазақ тілі туралы ғылым, қазақтың әдебиеті, қазақтың тарихы туралы ғылым.
Бұл пікірді бүгін ғана айтып отырған жоқпын. 60-жылдары Душанбеде конференция болды. Онда одақ бойынша түрлі ғалымдар бас қосып, коммунизм кезіндегі тілдер туралы сөз етті. Сонда сөйлеген сөзімде осы ойды айттым. А.Байтұрсынұлын атай алмадым, бірақ: «Қазақ тіл білімі – қазақ ғылымының басы болды. Қазақ лингвистикасы бастауыш мектептің оқулықтарынан басталды», – дедім. Кейін Ермахан Бекмахановтың жұбайы – Халима Адамовнамен кездескенімде: «Ерекең сіздің сол тұжырымыңызға қатты риза болып қайтты: Рәбиға Сыздықова ғажап нәрсе айтты, жаңа, ешкім айтпаған, тың пікір айтты: «Қазақтың ұлттық ғылымы мектеп оқулықтарынан басталады» – деді. Ғаламат пікір, дұрыс пікір!» – деп сүйсінгенін жеткізгенде көтеріліп қалдым.
Осы тұста тағы бір пікір таласына тоқталуға тура келеді: мектеп оқулықтары жай ғана білім бе әлде ғылым ба, дәлірек айтсақ, «белгілі бір тілдің құрылымын таныстырған алғашқы мағлұматтар сол тіл туралы ғылым саласының бастапқы көрінісі бола ма, жоқ па?» деген пікірсайыс жөнінде. Әрине, тіл туралы ғылымның мазмұны мен сипаты барлық кезеңде бірдей болмақ емес, оның тіл таныту мақсаты, зерттеу ұстанымдары, әдістері тұрғысынан қарағанда, алғашқы кезеңі мен қазіргі кезеңінде, тіпті орта тұсында айтарлықтай өзгешеліктердің болуы заңды әрі даусыз. Қазіргі кезеңде нағыз лингвистикалық талдауларды ғана ғылым деп танысақ, сол талдаулардың көзі, бастауы болу керек қой. Осы орайда біз «тіл туралы ілім тілдің жалпы және тұрақты белгілерін суреттеуден бастап қалыптасады» деген тұжырымды ұстанамыз, яғни «мектеп грамматикаларында ғылыми сипат жоқ» деген пікірді қостамаймыз.
«Ғылым» деген сөздің негізгі мағынасы – «наука» емес. Ұлы Абайда бірнеше рет кездесетін «ғылым» сөзі «оқу-ағарту, білім» мағынасында қолданылған «наука» мағынасында емес. «Ғылым таппай мақтанба» дегенде ол: «Ғылыммен айналысып, Эйнштейн сияқты ғалым бол!» – деп тұрған жоқ қазаққа, «оқып алмай, сауаттанып алмай, хат танымай тұрып, мақтанба!» деген ой айтады. Сол ғылымды бастаған, білімді ғылым түрінде бастаған Ахмет Байтұрсынұлы болды.
А.Байтұрсынұлының қазақ тілі туралы білім-ғылымның негізін салуына ағартушылық идеясын ұсынуы басты себеп болды. Ол ағартушылықты өзінің азаматтық міндеті, дүниетанымының кредосы (негізі) деп санаған. Бұл ұлттық сананы көтерудің, өз сөзімен айтсақ, қазақты «өзге жұрттар өрге қадам басқанда қатарынан қалыспайтын» халық етіп ілгері бастырудың алғашқы арнасы – оқу-ағарту деп білді. Қазақтың қалың бұқарасының сауатсыз қараңғылығы оның рухани-мәдени дамуының бірден-бір кедергісі екенін бейнелі тілмен қазақтың намысына тигізе: «надандық, өнерсіздік ата жолдасымыз болған соң олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты», – деп ашып айтты. Ағартушылықты үгіттеген өзге қайраткерлерден Ахаңның үлкен айырмасы – ол тек өнер-білімге шақырумен танып қойған жоқ, осы жолда нақты іске көшті: оқулықтар жазды, оқыту әдістерін көрсетті, 1913-1928 жылдары газет-журнал беттерінде, мәслихат- жиындарда қазақ даласындағы оқу-ағарту жайын кеңінен сөз етті, ұсыныстар жасады, 13-14 жыл бойы (1895-1909 жылдары) бала оқытты. Міне, бұл – ағартушы Байтұрсынұлының бейнесін танытатын нақты іс-әрекеттер.
А.Байтұрсынұлы еңбек жолын ағартушылықтан бастағанын білеміз. Ол 1895 жылдардан бастап бала оқытуға кіріседі, қазақ балаларының тілін сындырып, сауатын ашуда бұрынғы ескі сүрлеу, тар соқпақпен жүрудің ендігі жерде XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамына, оның тарих көшіне қол еместігін көреді. Қазақ баласы енді сауатын бөгде тілде емес, яғни араб, татар, орыс тілдерінде емес, ана тілінде ашуы керек, білім-ғылыммен қазақ тілінде сусындауы тиіс деп табады. Қазақ мектептерінің болуы, бүкіл оқу-тәрбие жұмысы қазақ тіліне жүруі қажет екенін ашып айтып, күн тәртібіне кояды, өзі де қазақ мектептерінің болуы, ана тілінде оқытылуы үшін күреседі. А.Байтұрсынұлының бұл тұжырымдарын қазіргі кезде де жадымызда ұстауымыз керек. А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады», – дейді. Тіл – алты-жеті қамалдың ішіндегі ең соңғы құлайтын қамал. Тіл құласа, ол тіл қызмет еткен, сол тілмен бірге аталып келген халық та құриды. Адамдар болғанмен, олар қазақ болмайды. Сол халықтың аты жойылады. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», – дейді. Шынында, қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты. Қазақ тілін сақталуы қазақ мектептерінің сақталуына байланысты. Мектеп табалдырығын аттаған баланың сөйлеген тілі ана тілі болады. Баланың ең алғашқы көбірек сөйлейтіні, үй ішінде сөйлейтіні, ойлайтыны, түс көретіні бір тілде болуы керек, үш тілде емес. Сол – ана тілі болуы керек.
Мектепте ең болмағанда бастауышта орыс тілінде де емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқыту керек. Бала ана тілін бастауыш мектептен меңгеріп, кейін басқа тілді қосу керек. Айналасын ана тілінде танып, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай болады. Ана тілі болмаған адамнан ешқандай ақын да, жазушы да, суретші де шықпайды. Ғалым шығар, маман шығар, тіпті атақты адам да шығар. Бірақ онда ешқандай мәдени азық болмайды. Ағылшын тілінде тамаша жазсын, орыс тілінде өлең шығарсын, бірақ ол – ана тілі емес. Сондықтан үкімет, басшылар, оқу-ағарту саласындағылар қазақ мектебін қолға алып, қамқорлық көрсетуі керек. Қазақ мектебіне немқұрайдылықпен қарайтын болсақ, үш ұрпақтан кейін ол тіл құриды...
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ мектептерін ашып, оқуды қазақ тілінде жүргізу үшін, ең алдымен, ұлттық жазуы (ғылым тілімен айтсақ, графикасы, сол кездегі терминмен айтсақ, әліпбиі) болуы қажет деп біледі. ХХ ғасырдың 10-жылдарына дейін қазақтың өз жазуы болмаған еді. Бұл кезге дейін өзге көршілес түркі халықтары сияқты, қазақтар да араб таңбаларын қолданып келді, бірақ ол – қазақ жазуы емес, араб жазуы-тын. Халқымыздың әрі қарайғы мәдени-рухани дүниесінде жат жұрттық жазуды қолдана берудің өмір талабына сай еместігін, яғни араб алфавиті сол күйінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сай келмейтіндігін, бұл таңбалармен қазақ сөздерін дұрыс, сауатты жазуға мүмкіндіктің аздығын, оқыту ісінде келтіретін қиындығын анық байқаған қазақ зиялылары ана тіліміздің өз жазуын жасау керектігін сөз ете бастайды. Бұл әңгіме әсіресе ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында күшейе түседі. Әлеуметтік пікірге «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті де үн қосып, мақалалар жариялайды.
Әрине, ешбір құбылыс, оның ішінде ұлттық жазу сияқты ауқымды әрекет бірер жылда жүзеге аса қоймайтыны белгілі. Ұлттық әліпбиді жасау қолдан келгенмен, бұған ғалымның (түзушінің) білім-танымы жеткенмен, оның қажеттігін, жөн-жосығын, дұрыстық, түзулігін дәлелдеу, өзгелерге түсіндіру сияқты қыруар шаруа жасау керек. Сондықтан Ахаң 1912 жылдан бастап ғалым, зерттеуші ретінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен таңбалайтын әріптер жайындағы пікірлерін білдіре бастайды. «Айқаптың» 1912 жылғы 9-10-нөмірлерінде «Шаһзаман мырзаға» атты үлкен мақала жазып, онда қазақ дыбыстарын білдірмейтін кейбір араб таңбаларын қазақ алфавитіне енгізбеу керектігін, сөздің тұтас жіңішкелігін білдіру үшін алдына «дәйекші» дейтін таңба қою қажеттігін дәлелдейді. Осы мақалада «дыбыс», «әріп», «дәйекші», «жуан дыбыс», «жіңішке дыбыс», «қағида» т.с.с. деген қазақша лингвистикалық терминдерді тұңғыш рет кездестіреміз. Ахаңның үлкен жаңалығы – әліпбиіне дәйекшіні енгізгені. Сөздің оң жақ шекесіне қойылатын дәйекші белгісі сол сөздің тұтас жіңішке оқылатынын көрсетеді, ал бұл – алфавитті қазақ тілінің ерекшелігі болып саналатын үндестік заңы – сингармонизмге икемдеу амалы екенін көреміз. Мұндай икемдестіру өте қажет, өйткені қазақтың төл сөздері тұтасымен не жуан, не жіңішке дауысты дыбыстармен келетіндігін осы дәйекші арқылы көрсетуге болады. Дәйекші тұрса, сөз ішіндегі дауыстылар жіңішке болғаны. Бұл ретте Ахаң әр тілдің ұлттық ерекшелігі болатынын жақсы білген нағыз фонетист ғалым болып көрінеді, қазақ тіліндегі 43 түрлі дыбысты 25 әріппен таңбалауға болатынын дәлелдейді.
«Қазақ» газетінің 1913 жылғы 34-інші және әрі қарайғы сандарында «Жазу мәселесі» деген көлемді мақала жариялап, кейбір дауысты дыбыстарды таңбалау жайындағы өзінің пікірлерін айтады. Сөйтіп, әрі қарайғы ізденістерінде араб графикасын пайдаланған қазақ жазуы үшін мынадай ұсыныс-пікірлер айтады: 1) қазақ жазуы үшін араб алфавитіндегі жуан Т, С, 3, Д, Ғ, X дыбыстарының таңбаларын алмау, 2) қазақ тіліндегі Ы, І, И, Ұ, Ү, У дыбыстарының әрқайсысына таңба белгілеу, 3) К, Г дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелігін (яғни қазіргі Ә, I, Ү дыбыстарымен айтылатындығын) білдіру үшін сөздің алдынан дәйекші таңба қою. Бұлайша түзілген алфавит сауат ашудың дыбыс жүйесіне сай келетіндігі байқалады. Ғалым өзгелермен айтысып, өз жобасын ұсынады, оны түсіндіреді.
Кезінде мұны өзге түркі халықтарының, орыстың білімпаздары мен қазақ қауымы «Байтұрсынұлы жазуы» деп атаған еді, ал Ахаңның өзі оған «қазақ жазуы» деген айдар тақты. «Қазақ жазуы» деуінің орны бар еді. Бұл әліпбидің негізі араб таңбалары болғанымен, ол «араб жазуы» деп атала алмайды, өйткені қазақтың жазба дүниесіне арналған бұл алфавит қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріліп, жаңаша түзілген, яғни қазақ тілінде жоқ дыбыстардың таңбалары шығарылып тасталған, ал араб алфавитінде жоқ кейбір таңбалар қосылған, мүлде жаңа әліпби болды, қазақ әліпбиі (алфавиті) болып шықты. Демек, көрсетілген екі атаудың екеуі де дұрыс еді: «Байтұрсынұлы жазуы» деп аталуы ғалымның осы әліпбиді түзуде, қазақ тіліне икемдеуде, оның дұрыстығын дәлелдеуде сіңірген қыруар еңбегін, «маңдай терін» бағалау болса, «қазақ жазуы» деп аталуынан оның ұлттық мәдениеттің көрсеткіші екендігі танылады. «Байтұрсынұлы жазуы» 1912 жылдардан бастап қолданыла бастады.
А.Байтұрсынұлы түзген әліпбиді оның алғашқы ұсынылған кезінен бастап қазақ жұртшылығы, әсіресе сол кезеңдегі мұғалімдер қауымы еш талассыз, бірден қабылдады, оны іс жүзінде қолдана бастады. Мысалы, 1915 жылдың бір өзінде бұл жазумен (және емле тәртібімен) 15-тей кітап басылып шығыпты. Сондай-ақ Ахаң ұсынған «жаңа емле» (жаңа қазақ әліпбиін кезінде осылайша да атаған) 1913 жылдардан бастап мұсылман медреселерінде де, қазақ-орыс мектептерінде де қолданыла бастайды. Бұған оңды ықпал еткен жайттардың бірі – А. Байтұрсынов 1910 жылдары жазу таңбаларын түсіндіретін «Баяншы» атты құрал мен кейінірек «Әліпби астары» атты әдістемелік еңбектерді жарыққа шығаруы және 1914-1915 жылдардан бастап қазақ мектептері үшін «Оқу құралы» (қазіргі «Әліппе»), «Тіл – құрал» (қазіргі грамматика оқулықтары) атты құралдарды қоса ұсынуы болды.
Ахмет Байтұрсынұлы өзі түзген әліпбиін әрі қарай да қырнап, түзете түзеді, оның полиграфиялық жағынан қолайлы-қолайсыз жерлерін, оқыту барысындағы тиімді-тиімсіз тұстарға салмақтайды. Сөйтіп, араб таңбалары негізінде түзіліп, қазақ тіліне лайықталған жазу 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде талқыланып, ресми түрде қабылданады.
А.Байтұрсынұлының бұл тәжірибесін өзге түркі халықтары сол кезде үлгі тұтып, олар да өз жазуларына өзгерістер жасай бастайды. 1929 жылы «жаңа дәуірдің», «советтік мәдениеттің», қысқасы, коммунистік саясаттың текпінімен латын жазуына алмастырылған қазақ әліпбиінің тарихы қалың жұртшылыққа аян. Ол әліпби (графика) араб таңбаларын пайдаланған, бірақ араб жазуы емес, ұлттық қазақ жазуы болатын.
Ресейдің қол астындағы түркі халықтары жаппай латынға
көшкенде, оны қабылдау барысындағы жиын-жиналыстарда
А.Байтұрсынұлы, М.Дулатовтардың араб таңбалы қазақтың ұлттық
жазуын сақтап қалуға күш салғанын, айтыстарда дәлелдеп шыққандарын білеміз, бірақ саясат тоқпағы күшті болып, ұлттық дербестік, ұлттық мәдениет сияқты киіз қазықтар жерге кіргенін де ұмытқанымыз жоқ. Түркі халықтардың жазуын латындандыру сияқты «қып-қызыл» саясатқа сүйенген күрестің салдарынан қазақтың араб таңбалы тұңғыш ұлттық жазуы тарих төрінен кетті. КСРО-ны мекендеген аз ұлттардың өздерінің сан ғасырлардан бері қолданып келген жазуларын тастап, латынға көшу керек деген мәселе 1926 жылдан бұрынырақ басталған-ды. Мерзімді баспасөз беттерінде, жиын-жиналыстарда алдын ала пікір айту, пікір таластырулар жүргізілді. Ақырында 1926 жылы Баку қаласында Бүкілодақтық Бірінші Түркологиялық съезд өткізіліп, күн тәртібіне түркі халықтарының жазуы, орфографияның негізгі принциптері, терминология мәселелері, түркі халықтарының тарихы, типографиясы, ана тілін оқыту методикасы т.б. көптеген мәселелер күн тәртібіне қойылды. Солардың ішінде ең үлкені де, талас-тартысы көбірек болғаны да – түркі халықтарының тегіс латын алфавитіие көшуі жайындағы мәселе болды. Съезге Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров, Әзиз Байсейітов, Біләл Сүлеев, Нәзір Төреқұловтар делегат болып қатысты. Қазақстаннан съезд президиумына А.Байтұрсынұлы сайланды, сондай-ақ ол съезде жұмыс істеген бірнеше комиссияның құрамына енді. Съезде түркі халықтарының бұрыннан қолданып отырған алфавиттерін тастап, латынға көшу жөніндегі пікір таласында екі топ бөлініп шықты. Бірі – «бұрыннан пайдаланып келген әрі нақтылы ұлт тіліне лайықталып реформаланған, ресми қабылданған араб не орыс графикасын (мысалы, сол кезде якуттар қолданып отырған) латыншаға ауыстырудың ешқандай не саяси-идеологиялық, не экономикалық тиімділігі жоқ, сауат аштыру, оқыту ісінде де лайықталған араб графикасы мен қабылданбақшы латын жазуының бір-бірінен артық-кемдігі шамалы, керісінше, жазу таңбасын өзгерту сан ғасырлық жазба дүниеден, жазба дәстүрден қол үзу қаупін тудырады» дегенді айтты. Екінші тобы – «араб жазуы түркі тілдерінің фонетикалық жүйесіне сай келмейді, латын алфавиті түркі тілдерін Еуропа мәдениетіне жақындастыра түседі» дегендерді дәлел етті. Алғашқы пікірдегілердің бірі А.Байтұрсынұлы болды. Бұл жерде Байтұрсынұлының концепциясынан ұлтшылдық, пантюркистік немесе советке қарсылық іздеу мүлде қисынсыз: ол араб жазуы арқылы ислам дінін уағыздауды көздеген жоқ, өйткені Байтұрсынұлы реформалаған қазақ жазуы «Құран» жазуынан мүлде алшақ екені айдан анық. «Пантюркистік пиғылда болды» деу де орынсыз, керісінше, А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің дербестігін қатты қолдаған адам; үшіншіден, бұл жердегі ғалым әрекетінен антисоветизм іздеу де нанымсыз, себебі жазу таңбасының түрі идеологияның мазмұны мен бағытын өзгерте алмайтындығын Байтұрсынұлы да, өзгелер де, біз де жақсы білеміз. Бірдей графика халықтар мәдениетін жақындастыратындығы сөзсіз, бірақ латынға көшкен түркі халықтары ол күнде отандас орыс халқының емес, капиталистік қоғамда өмір кешіп отырған Еуропа жұрттарының мәдениетіне жақындай түскен болар еді. Демек, ғалымның араб жазуын жақтаудағы мақсаты – 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған алфавиттің қазақ жазуы мұқтаждығын толық өтеп отырғандығы, оның дыбыс әдісімен оқыту ісінде айтарлықтай қолайлы болып шыққандығы, полиграфиялық мүмкіншіліктер жағынан да, экономикалық мүмкіндіктер тұрғысынан да бұрынғы алфавитті сақтау пайдалырақ екендігі. Әрине, қазіргі тұрғыдан келгенде, оның үстіне совет үкіметі тұсында қолға алған шараларымыздың бәрі дұрыс, бәрі прогрессивтік болды деп сан жылдар өзімізді өзіміз шатастырып келген дәстүрімізге бассақ, мүмкін, сол кезде латынға қарсы шыққандардың пікірін дұрыс емес деуге де болар, бірақ «айналасы 14-15 жылдың ішінде қазақ, өзбек, татар т.б. сияқты көне мәдениетті ірі халықтардың үш түрлі графиканың бірінен соң біріне көшірудің қаншалық қажеті болды, әсіресе бас-аяғы 13-14 жыл ғана қолданылған латын жазуы қаншалықты ұтымды болды?» деген сауал туады.
А.Байтұрсынұлы түзген «Қазақ жазуы» Қазақстанда 17-18 жылдай жақсы қолданылып, енді тұрақтай бастағанда, күшпен тарих сахнасынан түскенмен, мүлде құрдымға кеткен жоқ: ұлттық араб жазулы мол мұра қалды, қолданылған кезеңінде қазақ халқының сауатын кеңірек ашуға қызмет етті, жүздеген кітаптар мен өзге де жазба дүниелер жарыққа шықты, қазақ баспасөзін дамытты, қысқасы, бұл жазумен қалдырылған мол жазба дүние қазіргі мәдениетімізге де, орасан зор қызмет етіп отыр. 1930 жылдарға дейін хат танығандардың күнделікті қолданысында орын алып келді. Мысалы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және басқалары сияқты ілгергі буын ақын-жазушылары қолжазбаларын ең соңғы күндеріне дейін осы жазумен жазып қалдырды.
Қытай Халық Республикасындағы, Иран мен Ауғанстандағы қандастарымыздың күні бүгінге дейін «Байтұрсынұлы жазуын» қолданып отыр. Шыңжандағы бауырларымыз да саясаттын салқыны тиіп, он шақты жылдай латынға көшіп, араб таңбаларынан арылмақ болғанмен, тиімді-тиімсізді салмақтай білген өмір талабы қазақ халқының маңдайына біткен бірден-бір ұлттық жазуы – «Байтұрсынұлы жазуына» алып келді. Бұл күнде осы графикамен Шынжандағы қазақ туыстарымыз бүкіл оқу-ағарту ісін, баспа дүниесін жүзеге асырып отыр. Ахаң түзген әліпби мен ол жасаған емле тәртібі мұнда өте жақсы қызмет етіп отырғанын айтуға болады. Қытайдағы қандастарымыздың еңбегімен жарық көріп жатқан қаншама дүние бүгінгі қазақтың тұтас жұртшылығының, яғни қазақстандық, монғолиялық, ресейлік, түркиялық, өзбекстандық қазақтардың да баға жетпес байлығы, жоғалмас қазынасы, алдағы рухани-мәдени азығының мол қоры болып табылмақ. Осындай қазынаның иелерін бір-бірімен таныстырып, жалғастырып отырған құралдың бірі – Ахаңның тер төккен еңбегі – араб таңбалы «қазақ жазуы», ұлттық жазу. Бұл графиканың ғылым үшін де маңызы зор: алфавитті тілдің фонетикалық табиғатына сай етіп түзудің дұрыс үлгісін бергендігімен құнды. Бүгінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесін ғылыми негізде әрі техникалық аппараттармен зерттеуші Ә.Жүнісбек, М.Жүсіпов, Н.Уәли сияқты ғалымдар А.Байтұрсынұлының бұл табысын өте жоғары бағалап отыр. Олар Ахаңды бұрынды-соңды қазақ тілінің дыбыс жүйесін зерттеушілердің ішіндегі тіл табиғатын дұрыс сезген күшті ғалым, ана тіліміздің дыбыс заңдылықтарын дұрыс танып, жазуын сол заңдылықтарға бағындырып жасаған деп табады.
А.Байтұрсынұлы өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойғанға ұқсайды: ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын (графикасын) жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынұлы жазуы» дүниеге келген, екінші, сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты оқулығын жазған. Одан соң қазақ тілінің грамматикалық құрылысын ана тілінде талдап беру мақсатын қойған, мұны орындау үшін «Тіл – құралды» жазған, төртінші, тілді дұрыс қолдана білу тәртібін көрсетуді көздеген, бұл үшін «Тіл жұмсарды» ұсынған, бесінші, сауат аштыру, қазақ тілін оқыту әдістемесін жасауды міндетіне алған, бұл үшін «Баяншы» мен «Әліп-би астпарын» жазған. Міне, бұлар – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін зерттеудегі және оқу-ағарту майданындағы істеген істері мен жасаған еңбектері, осы салалардағы орнын көрсететін үлесі, Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ұлттық білім-ғылымының көшбастары дегізетін тарихи мұра.
А.Байтұрсынұлы мектепте ана тілінде оқыту қажеттігіне ерекше ден қойған. Мектепте ана тілінде оқыту үшін алдымен қазақша жазу таңбаларын, яғни алфавитін жасап шыққан. Содан соң балаларға осы таңбаларды танытып, сауатын ашатын әліппеден бастап, сол тілді пән ретінде үйрететін грамматика оқулықтарын жазу керек болды. 1912 жылы мектеп балаларын қазақша сауаттандыратын «Оқу құралын» жазғаннан кейін көп ұзамай мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. Бұл оқулықтың фонетикаға арналған 1-бөлімі «Тіл – құрал» деген атпен алғаш рет 1915 жылы жарық көреді. Ол әрі қарай бірнеше рет басылған, 1927 жылғы Қызылордағы басылымы 7-нші деп көрсетілген. «Тіл – құралдың» қазақ тілінің морфологиясына арналған II бөлімі бұдан да бір жыл бұрын 1914 жылы баспадан шыққан, оның 1927 жылғы басылымы 6-ншы деп көрсетілген. Синтаксиске арналған III бөлімі де бірнеше басылым көрген. Оның 6-басылымы 1928 жылы Қызылорда-Ташкенттегі «Казгосиздаттан» шыққан. «Тіл – құрал» – қазақ мәдениетінде бұрын болмаған соны құбылыс. Оның қазақ жұртшылығы үшін мүлде тың дүние екендігін автордың өзі де ескертеді. Оқулықтың «Сөз басы» деп аталатын алғы сөзінде: «Тіл – құрал» деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде осындай жат көрінер, өйткені бұл – қазақта бұрын-соңды болмаған жаңа зат. Халықта бұрын болмаған нәрсе жат көрініп, бірте-бірте бойы үйренген соң қалатын», – деп жазады.
«Тіл – құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, «Қазіргі қазақ тілі» атты ғылым саласының іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тілін зерттеп, танып білу тарихымызда А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл – құралдарының» орны айырықша. Кезінде қазақ қауымы Байтұрсынұлы десе, «Тіл – құралды», «Тіл – құрал» десе, Байтұрсынұлын ,– Ахметті – Ахаңды танитын болған. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ фонетикасы мен грамматикасы жайындағы оқулықтары осы ғылым саласының бастамасы, іргетасы деп батыл айта аламыз.
Ғалым қазақ тілінің құрылымын жүйелеуде, біздің байқауымызша, орыстың лингвистикалық ілімін негізге алған. Бірақ оның қағидалары мен жіктеулерін дәлме-дәл көшірген жоқ. Бұл жерде А.Байтұрсынұлының ғалым ретінде шын мәніндегі шығармашылыққа барғанын баса айтамыз. Оның ғылыми концепциясы – әр тілді өз табиғатынан шығарып сипаттау. Атап айтқанда, қазақ тілінің фонетикалық жүйесін айыруда ол орыс тілінің схемасына бармады, түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің өзіне тән ерекшеліктерін ескерді. Ғалым етістіктің етіс түрлерін қазіргі салт, сабақты, ортақ, өздік, өзгелік, ырықсыз дегендерден басқа (бұл терминдер де Байтұрсыновтікі), дүркінді, беделді, өсіңкі етістер деп тарамдауы да орыс тілінде етістіктер қалай жіктелсе, қазақ тілінде де солай жіктеуден аулақ болғанын көрсетеді. Міне, осы сияқты мысалдар жалпы лингвистикалық мектептің негізі бір болғанмен, көптеген таным-принциптерінде Ахаң қазақ тіл білімінің өзгешеленетін тұстарын дұрыс көрсетті. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлын, бейнелі сөзбен айтсақ, қазақ тіл білімі деп аталатын үлкен ғимараттың іргетасын өруші, қабырғасын қалаушы, көп ретте есік-терезесін шығарып, төбесін жабушы дел білеміз.
Орыс тіл білімінде ХХ ғасырдың соңғы он жылында айта бастаған дүниелерді А.Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басында айтып кеткен. Айтып қана емес, біліп, танып кеткен. Қазіргі кезде рай төртеу, етіс төртеу деп жүрміз. Ал А.Байтұрсынұлы райдың 15 түрін, етістің 10 түрін атайды. А.Байтұрсынұлы когнитивті грамматика, коммуникативті грамматика, функционалды грамматиканың қазіргі кездегі терминдерін қолданған жоқ. Бірақ ғалымдық интуициясымен, ғалымдық сезуінуі, ғалымдық талантымен жаңа бағыттарды бастап берген. Етісті, райды танығанда қазақтың ұлттық тілін негізге ала отырып, талдаған.
Қазақ тіл білімінің басталар тұсындағы ізденістері мен табыстарын, жетістіктері мен кемшіндерін дұрыс тауып, мұқият зерттеу – алда тұрған міндеттеріміздің бірі. Әзірге көзіміз әбден жеткен бір ақиқат, ол – ана тіліміздегі ғылым саласы ХХ ғасырдың 10-жылдарынан басталғандығы және оның іргетасын қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы екендігі. Н.И. Ильминскийдің 1861 жылы қазанда басылған «Материалы к изучению киргизского наречия» деген кітабы қазақ тілінің грамматикалық жүйесін танытқан тұңғыш еңбек болды. Бұл «Материалдар» орыс тілінде жазылды, онда қазақша лингвистикалық терминдер жасалған жоқ. Бұл жұмыс, атынан-ақ көрініп тұрғандай, оқулық та емес, жүйелі түрі де баяндалған грамматика құралы да емес, – шығыс тілдерін, оның ішінде өзге түркі тілдерін зерттеушілерге арналған еңбек болатын. Оның өзінде де бұл «Материалдар» қазақ тілінің өзге түркі тілдерінен (автордың жазуынша, татар тілінен) ерекшеленетін тұлғаларын көрсету мақсатымен жазылған-ды.
П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казак-киргизского языка» деген атпен I бөлімі (фонетика және этимология) 1894 жылы, II бөлімі (синтаксис) 1897 жылы шыққан құнды еңбегі – қазақ тілінің грамматикалық құрылымын ғылыми негізде жүйелі түрде баяндаған тұңғыш зерттеу екендігі мәлім. Бірақ бұл да түркі тілдерін зерттеушілерге арналған, орыс тілінде жазылған ғылыми сипатты еңбек болды. Сондықтан мұнда да қазақ тіл білімінің ұлттық терминологиясы жасалмады. Бұл ғылыми жұмыс та ана тіліндегі қазақ лингвистикасының басы болып таныла алмайды.
Осы орайда «А.Байтұрсынұлы нені зерттеді, қалай зерттеді, мақсаты қандай болды?» деген мәселелерді тереңірек зерттеуіміз керек. Оқулық жазудағы, графика жазудағы мақсаты қандай болды? Видтің – совершенный, несовершенный вид т.б. дүниелердің қазақ тілінде жоқ екенін дәлелдеу үшін А.Байтұрсынұлы кімнің еңбектеріне сүйенді, қалай пайдаланды? т.с.с. жан-жақты зерттеу керек. Қазақша айтқанда, қазақ ғылымының, тіл білімінің көгенбасын, ең басты, ең негізгі танымын көрсетіп кеткен А.Байтұрсынұлының ғалымдық тұлғасын әлі түгел айтып болған жоқпыз.
1920 жылдардың басында А.Байтұрсынұлы ағартушылық, ғалымдық қызметтерімен қоса, мемлекеттің басқару-ұйымдастыру жұмыстарын атқара береді: 1922-1925 жылдары ол Қазақстан Халық Ағарту Комиссариаты жанындагы Ғылыми-әдеби комиссияның председателі, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті председателі болды. Советтердің Бүкіл россиялық 7-съезі мен 8-съезіне дейін ВЦИК мүшесі және Советтердің Бүкілқазақстандық І съезіне дейін Кирвоенкомның мүшесі болып қызмет атқарды. Советтердің Бүкіл қазақстандық 1-съезінен 2-съезіне дейінгі аралықта Қазақ АССР Оқу-ағарту наркомы және ҚазЦИК мүшесі, сонымен қатар Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың председателі болды. Кісілік тұлғасы ретінде үлгі алатын ерекшелігі – қай нәрсені қолға алса да, бәріне жауапкершілікпен қараған қай комитеттің жұмысын атқарса да. Халық комиссары болған кезде оқулықтар жазуды қолға алған: М.Жұмабаевқа педагогика, М.Дулатовқа есеп құралын, Х.Досмұхамедұлына сингармонизм жазуды тапсырады. А.Байтұрсынұлының осы қырлары түбегейлі зерттелуі керек.
А.Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын зерттеуде, танытуда жаңа белеске көтерілу қажет. Ғалым еңбек еткен, ғылыммен айналысқан тұстағы саяси, тарихи ахуалды негізге ала отырып, А.Байтұрсынұлының ғалым, қайраткер, ғылымды ұйымдастырушы т.с.с. ретіндегі ғылыми бейнесі жан-жақты зерттелуі керек.
Пікір қалдыру