Наурыздың 21-і күні Алматы-2 темір жол вокзалынан Алматы мен Ташкенттің арасында жолаушы таситын «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы алғашқы сапарына шықты деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы баспасөз қызметі.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы вице-президенті Ерік Имашевтің сөзінше, көршілес екі ел арасындағы жаңа пойыз қатынасы Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында жасалған келісімі негізінде жүзеге асырылып отыр.
«Қазақстандық және өзбекстандық теміржолшылар халықаралық пойызды белгіленген кестеге сай жүргізуге барын салды. Бұл біздің халықаралық бағдардағы бірлескен жобамыз болып табылады» деген Имашев.

29 вагоннан тұратын жүрдек пойыз Алматыдан дүйсенбі және сенбі күндері, Ташкенттен сейсенбі мен жексенбі күндері жолға шығады, екі аралықты 16 сағат 30 минут жүреді. Пойыз жол-жөнекей Отар, Шу, Тараз, Шымкент, Сарыағашқа аялдайды.
Пойыздың бағасы Алматыдан-Ташкентке дейін: люкс - 13 036 теңге, бизнес - 11 077 теңге, купе - 9 342 теңге және отыратын орындары - 4 228 теңге тұрады.
Қазіргі кезде қазақстандық өндірістен шыққан жаңа да жайлы вагондармен жабдықталған 14 жүрдек пойыз бағдарлары республиканың барлық облыс орталықтарын жалғайды.
Жүрдек пойыз қозғалысын дамыту «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басым бағытының бірінен саналады.