Кеше Қазақстанға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттік сапармен келді. Ақордада Шавкат Миромонұлын зор салтанатпен қарсы алған Назарбаев «Бұл сіздің президент болып сайланғаннан кейінгі тұңғыш мемлекеттік сапарыңыз. Сайлануыңызбен мен сізді шын жүректен құттықтаймын. Бауырлас өзбек халқына, өзіңізге зор денсаулық пен үлкен табыстар тілейміз. Біз туысқан ел ретінде өзбек халқының, өзбек мемлекетінің өркендеп, өніп үлкен жетістіктерге жетіп отыруын қалаймыз» деді.
Ислам Каримовтен кейінгі Өзбекстанның президенті Қазақстанға аса таныс емес. Оны біреулер бұрынғы министрлердің бірінің қызына үйленген соң тасы өрге домалаған адам айтады. Алайда, Мирзиёев Қазақстан түгілі Өзбекстанда да жұмбақ адамдардың бірі. Мирзиёев кім деген сұраққа жауап іздеп, саяси жолына көз салып көрдік.

Шавкат Мирзиёевтің қай жерде туылғанына байланысты екі түрлі дерек бар: бірінші, ол Өзбекстанның Джиззақ облысы Заамин ауданында дүниеге келген; екінші, Мирзиёев ол жерге 60 жылдарда ғана келген, ал өзі Тәжікстанның Ұра-Түбен облысы Яхтан ауылында туылған. Бұл деректерге қатысты нақты мәлімет алу үшін тілшілердің бір тобы Тәжікстандағы ауылға сапар шегіпті. Ол жердің тұрғындары Шавкат Мирзиёевті жақсы таниды екен, бірақ бір қызығы ол жайлы тіс жарып айтқысы келмейді. 2003 жылы Мирзиёевті премьер-министр етіп тағайындаған кезде Яхтан ауылының тұрғындарында мемлекеттік қауіпсіздік органдарымен бір мәселе болғанға ұқсайды. Сол себептен болар, Шавкат Мирзиёев жайлы ешбір адам қандай да болсын бір ақпарат айтқысы келмеген тәрізді.
Шавкат Мирзиёев қандай отбасыдан шыққан? Шавкат Мирзиёев – дәрігер Миромона Мирзиёевтың ұлы. Ол жұбайы көз жұмғаннан кейін бар өмірін туберкулезбен күреске арнаған. Балалық шағында Шавкат Мирзиёевті өгей анасы тәрбиелеп өсірген. Бұл деректерден тағы да екі түрлі нұсқа шығады:
1) өгей анасы оны бар ықыласымен махаббатқа бөлеп өсіргендіктен оны өгей деп айтқанды ұнатпайды;
2) кез келген қателігі үшін Шавкат Мирзиёевті сусыз, нансыз қалдырып, қатаң жазалағандықтан ағасының үйіне көшіп баруға мәжбүр болған.
Шавкат Мирзиёев тәжік пе? Яхтан ауылының басым көпшілігі өзбек халқы болғандықтан оның тәжік емес өзбек ұлтынан болуы әбден мүмкін. Алайда, Мирзиёев арғы аталары Тәжікстандағы Матч елді мекенінің тумалары, ақсүйек тұқымдары екендігі белгілі болды. Сол себептен де олардың есімдері «Мир», яғни, билеушілер деген ұғымды білдіретін тіркестен басталады.
Мирзиёевтің саяси жолы
Шавкат Мирзиёев қайда білім алды және қай жерде жұмыс атқарды? Мектепті бітірген соң Шавкат Мирзиёев Ташкенттің ауылшаруашылық институына оқуға түседі. Ол комсомол ұжымының хатшысы болып жұмыс істейді, кейіннен сол институттың проректоры болып тағайындалады. Сонан соң Ташкенттің Құйбыш ауданында әкім қызметіне отырып, 1996 жылы Джиззақ облысының басқарушысы болады. 2003 жылы жоғарыда атап өткендей премьер-министр болып сайланады. Сонымен қатар мақта шаруашылығына жауапты болады.
Ол 2003 жылы 11 желтоқсанда, 2005 жылы 28 қаңтарда, 2010 жылы 27 қаңтарда, 2015 жылы 15 қаңтарда қатарынан 4 рет Өзбекстан бас министрі болып, 16 жыл премьерлік қызмет атқарды.
Премьерлік қызметке дейін Мирзиёевтің саяси жолы 1990 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты болуымен басталды.
1992 жылы Мирзо-Улугбектің хокимі(Әкімі) болды. Ал, 1996 жылы Джизаақ облысына әкім болып тағайындалды. 1994 жылы өзгерген Парламент жүйесіне сай Олий Мажилис аталған парламентке Мирзиёев 1999 жылы қайта депутат болып келді. Мандаты 2004 жылға дейін сақталды.
2001 жылы Самарқанд әкімі болып, Премьерлікке тағайындалғанға дейін қызмет етті.
Өзбек басшысының келуінен жұрт не күтеді?
Наурыз мейрамында жоспарланған сапарда солардың біразының түйіні тарқатылады деген болжамы бар сарапшылардың. Сонымен қатар, Қазақстанмен байланыстарды күшейтуге ниет танытқан Президент Ш.Мирзиёев арасында өтетін кездесу екіжақты саяси-экономикалық қатынастарды нығайтып, стратегиялық ықпалдастықтың мүмкіндіктерін арттырады деп күтілуде.