Ақордада Қазақстан мен Өзбекстан президенті кеңейтілген құрамда кездесу өткізді, сонымен қатар бірнеше дипломатиялық келісімдерге қол қойды деп хабарлайды Qamshy.kz тілшісі.
Кеше Қазақстанға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттік сапармен келді. Ақордада Назарбаев Шавкат Миромонұлын зор салтанатпен қарсы алғаны туралы хабарлаған едік.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Ақордада кеңейтілген құрамда кездесу өткізді.
«Құрметті әріптестер, құрметті делегация, Өзбек бауырлар! Қош келдіңіздер! Шавкат Мирзиёев сізді Президент болып сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Әз наурыздың кезінде Қазақстанға келіп отырсыздар! Делегация мақсаты орындалуына түгел жағдай жасаймыз. Бұл алғашқы мемлекеттік сапарыңыз ғана емес, Біздің елдеріміздің диплом қатынасы қалыптасқанына 25 жыл толды.
Өзбекстан біздің стратегиялық әріптесіміз әрі бауырлас ел. Жоспарлап отырған келісімдер базасында 100 келісім бар. Тіліміз, дәстүріміз жақын. Өзбекстанда миллионнан астам қазақ өз үйіндей өмір сүрсе, 500 мың өзбек Қазақстанда тұрады.
Астана мен Ташкент Орталық Азияда маңызды сауда әріптестер. Өзбекстандықтар бүгін Қазақстанда 800-ден астам іскерлік әріптестік орнатып отыр. Кеше ғана Алматы Ташкент арасында жүрдек пойыз жүре бастады. Жаңа әуе, автобус рейстері ашылатын болады», - деді Қазақстан президенті. Сондай-ақ, Өзбекстанға стратегиялық әріптес ретінде сенім білдіретінін айта келе ЭКСПО көрмесіне белсенді қатысуға шақырды.
Мирзиёев өз кезегінде,
«Сіздің осылай қошаметпен қабылдап жатқаныңызға, сенім артқаныңызға, ашық әңгімеңізге шын жүректен рақмет айтамын!
Біз өзбектер қазақтармен бір атадан тараған туыстығымызды жоғары бағалаймыз. Осы кездесуді Самарқандағы ашық диалогтың сенімді жалғасы деп сенеміз.
Бізде өте көп резерв пен мүмкіндік бар, бүгін өтетін бизнес форум аясында айтылатын сауда-экономикалық жоспарларды іске асыруға үлкен мүмкіндік жасалып отыр.
Сіз Қазақстанда да Өзбекстанда да достықтың үлгісісіз.
Осы отырыста біздің шекаралас аймақтың екі әкімі қатынасып отыр. Осы кездесуден кейін көршілес өңір ғана емес, Өңірлік әріптестігіміз, ынтымақтастығымыз шынайы нәтижесін береді деп сенемін.
Парламентарлық әріптестіктің жаңа кезеңі басталады. Біз экономикалық әріптестікті нығайтып қана қоймай Халықаралық терроризм мен наркотрафикке бірлікте қарсы тұрамыз. Біз бірлікте шеше алатын көптеген сұрақтар бар. Шеше аламыз», - деді қазақстандық әріптесіне.
Бұдан соң екі ел президенттері мен министрлер стратегиялық әріптестікті дамыту туралы мемлекет аралық келісімшарттарға қол қойды.
Стратегиялық әріптестікті тереңдету мен көршілес бауырластықты нығайту туралы, Үкіметаралық экономикалық әріптестік туралы және Екіжақты табыс пен мүлік салығын жеңілдету туралы Үкіметаралық келісімге өзгерістер мен толықтырулар туралы келісімшарттарға Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин мен Өзбекстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Раматов қол қойды.
Халықаралық автомобильдік қатынас туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар туралы келісімшартқа Қазақстанның Инвестиция және Даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Өзбекстанның сауда және Сыртқы экономикалық байланыстар министрі Э.Ганиев қол қойды.
2017-2018 жылдарға арналған Өзара әріптестік туралы келісімге Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Өзбекстанның сыртқы істер министрі А. Камилов қол қойды.
Сондай-ақ, Қорғаныс министрліктері арасындағы келісімге ҚР Қорғаныс министрі Жасұзақов пен Өзбекстан Қорғаныс министрі Бердиев қол қойды.
Мемлекетаралық келісімдерге қол қою рәсімінен кейін Назарбаев:
«Ең алдымен Шавкат Мирзиёевке бауырлас халықтарымыз қастер тұтатын Наурыз мерекесінде елімізге келіп сапар жасаған үшін үлкен алғыс білдіремін.
Бұл кездесу екі ел арасындағы Достық байланысты нығайтуға мүмкіншілік береді.
Келіссөздерді іске асыруға екі елдің үкіметі кірісіп кетті.
Көлік, энергетика, ғарыш, туризм саласындағы ынтымақтастығымыз өзара жанданып келеді.
Біз әлі де ілгерілеп тиімді ынтымақтастықты арттыруға тиіспіз.
Өткен жылы екі ал арасындағы сауда айналымы 2 миллиард долларды құраған. Соңғы бес айда отыз пайызға артқан. 4 сауда үйі ашылды. Өзбекстаннан жеміс-жидек көлемі 25 пайызға артқан. Астық сату көлемін ұлғайттық.
Қазір өткелі отырған Қазақ-өзбек іскерлік форумы соңғы 25 жылда болмаған. Бұл іскерлік әріптестік форум ғана емес өңіраралық форум. Оған екі елден 500 іскер қатысады.
Келісімдер арасында сөз болған бауырлас елдер арасындағы су пайдалану мәселесі де шешіледі. Бұл ондаған миллион адамдардың өмірі үшін маңызды. Арал мәселесін талқыладық.
Қазақстан мен Өзбекстан өздерінің ықпалды потенциалын пайдалана білу керек. Біз өзара мәдени-рухани байланыстарымызды да нығайта түсеміз. Осы орайда Біздің жоғары оқу орындарында өзбек студенттер келіп оқитын болады, жас студенттерді шақырдық.
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов стратегиялық әріптестікті дамытуда көп еңбек етті.
Шавкат Мирмонұлы стратегиялық әріптестікті, әлеуметтік экономикалық әріптестікті, гуманитарлық әріптестікті нығайтуда аянып қалмайды деп толықтай сенім артамыз.
Арамызда шешілмеген ешқандай мәселе жоқ, Бұл сапар Өзбек президентінің жаңа тарихи кезеңді ашып отырған үлкен жеңісі деуге болады. Мен өте жоғары баға беремін, Ынтымақтастық пен әріптестіктің жаңа кезеңін ашты. Өзбекстан өркендей берсін! Бауырлас өзбек халқына бақыт пен береке тілеймін!», - деп аяқтады сөзін.
Мирзиёев өз кезегінде Қазақстан тарапының қошаметпен қабылдағанына тағы да алғысын айта келіп, 13 мемлекет аралық, ведомствоаралық, үкімет аралық келісім шартқа қол қойылғанын жеткізді. Қазақ-өзбек іскерлік форумына 250 өзбек кәсіпкер қатысатынын айтқан Шавкат Миромонұлы да форумды «Өңіраралық және кәсіпкерлік әріптестік», деп бағалады.
Сөз соңында ол өзінің Қазақстанға жасаған іссапарын шындығында іссапар деп бағалап, «Біз жасаған келісімдердің жүзеге асқанын тексеру керек қой» деп әзілдеп, қатысып отырған барша БАҚ өкілдерін Өзбекстанға келуге шақырды.