Тарихы тереңге тамыр жайған қазақ елінің біз білмейтін тың дүниелері де жетерлік. Салт-дәстүрге бай халықтың ұлттық құндылықтары да аз емес. Төмендегі дүниелерді де біле жүргеніңіз артық болмас.
- Шілия – қамытты аттың мойнына кетірмеу үшін пайдаланылатын
әбзел. Шілияны қайыстан тігіп, түйіп өріп істейді, шеберлер күміспен, жезбен қадақтап әсемдейді, әр жеріне қайыстан шашақ тағады.
- Делбе – арбаға не шанаға жегілген көлікті бұрып отыруға арналған әбзел.Оны қайыстан немесе есілген қалдан жасайды. Делбенің ат сулығына байланар екі ұшында ағаш тиегі, темірден жасалған бекітпесі болады. Ұзындығы шамамен - 7 – 10.
- Өре – аттың ұзаққа кетіп қалмауы үшін алдыңғы және артқы аяғын бір-біріне матап қоюға пайдаланылатын әбзел. Атты өрелегенде өренің бір шетін аттың алдыңғы оң аяғына, ал екінші шетін айқастырып артқы сол аяғына салады. Өре қылдан, қайсытан жасалып, аттың аяғына салатын жерлерін киізбен астарлайды.
- Омпы – ерте кезде ойналған ойындардың бір түрі. Асықты мұртынан немесе жамбасынан тұрғызуды «омпы» дейді. Омпы ойынына 2-10 балаға дейін қатыса берулеріне болады. Арақашықтығы 10-20 адым жерге екі көмбе сызылады. Әр бала көмбенің тең ортасына белгіленген сызық бойындағы көнге екі асықтан тігеді. Ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар көмбедегі сызық бойына кезекке тұрып, қолдарындағы сақаларымен көнге тігілген асықтарды атып түсірулері керек. Атып алған асықтары өздеріне қалады. Егер омпыға тигізсе, көндегі барлық асықтарды алады. Неғұрлым көп асық ұтып алған бала жеңіске жетеді.
- Бұжы – ел арасында сирек дайындалатын өте дәмді тағам.
- Шыртылдақ – жылқы етінің сорпасынан қалқып алатын, қатпайтын май. Көп жерлерде тортасы айырылған сары майды да осылай атайды.
- Сыралғы – «Батырдан – ауға, аңшыдан – сыралғы» деген мәтел осыған байланысты айтылған. Бұл – олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан немесе саятшыдан кездескенде сұралатын жол.
- Салбурын – аңшылық термин. Аңшы, саятшы жігіттердің топ болып, бірнеше күн бойы аңға шығуын «салбырауын» деп атайды.
- Қож – ұста–зергерлер көріктің көмейіне көмір салуға, ыстық шоқты көсіп алуға, күл шығаруға арнап малдың жауырын сүйегінен жасаған қалақты қож немесе қожы деп те атайды. Қожынын әзірлеу үшін жауырынның ортасындағы ұзына бойы созылып жатқан қыр сүйекті шауып тастайды және оны іліп қою үшін бас жағына қайыстан бүлдірге тағады.
- Желбуаз – үрлемелі аспаптар тобына жататын, ерте заманнан келе жатқан, ел көзіне еленбеген көне музыкалық аспаптың бірі. Аспап иленген мал терісінен жасалады. Сырт көрінісі меске ұқсас. Аузын бекітіп тұратын тығыны, әуен шығаратын екі сырнай түтікшесі болады. Мойынға асып алып жүруге ыңғайланып, қайыстан арнайы бау тағылады. Ұстап жүруге өте жеңіл.
- Үгіндірік – көріктің оттығына көмірді қомақтап жинауға, күлін ысыруға арналған құрал.
- Іскенже – ағаштан немесе мүйізден жасалатын кішкене тістеуік, атауыз. Онымен зергерлер ұсақ зергерлік бұйымдарды қысып тұрып өңдейді, кепсерді егейді.
Дайындаған: Наргиза ЕРЕС