АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Ақ үйде арнайы жасақ мен кең өкілеттіліктер құрылатынын мәлімдемек. The Washington Post ақпараттық газетінің хабарлауынша, арнайы жасаққа жетекші ретінде президенттің кеңесшісі мен өзінің күйеу баласы Джаред Кушнер тағайындалады.
Басылымның мәліметінше, Ақ үйдегі америкалық инновацияның жетекшісі Трампқа тікелей бағынышты болып, батыс қанатындағы тәуелсіз бірлік ретінде жұмыс атқаратын болады. Коммерциялық ұйымдардың бұрынғы басшыларынан құрылатын оперативті топ Вашингтонға тың әрі сапалы идеялар әкеледі деп көзделіп отыр.
«Биліктің тоқырауы жұмыстың алға өрлеуіне мүмкіндік бермейтіні саясаттан бейхабар америкалықтардың бәрі үшін түсінікті. Бұндай жағдай жаппай тоқырауға, артық шығынның көбеюіне және жұмыстың тежелуіне әкеліп соғады», - деп хабарлады Трамп. «Мен мемлекетіміздің қаражат шеңберіне өзімнің тың ойымды енгізетін боламын деп америкалықтарға уәде бергенмін», деп жалғастырды ойын.
Ескере кететін жайт, Кушнердің басшылығындағы ұйымның құрылымы кезекті рет Трамптың әкімшілігіне күйеу баласының әсері тигенін көрсетеді. Бүгінгі күні ол сыртқы және ішкі мәселелерді шешеді және президент жанындағы кадрларға жауапты. Кушнерді Қытай, Мексика, Канада және Шығыс елдеріндегі мәселелерді шешуге Трамптың кеңесшісі болып жүргені үшін «көлеңкелі дипломат» деп атап кеткен.
Аударған: Гүлім ЖАҚАН